Күллі еліміз Ұлы Жеңіс мерекесін тойлап жатқан шуақты күндері ел газеті – «Егемен Қазақстанның» редакциясы да әдеттегідей Алматы қаласында тұратын өз ардагерлерін марапаттауды ұмытпады.
Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі журналист, жазушы Бисұлтан Аманғалиев – соғысқа Сталинград майданынан кіріп, Ұлы Жеңісті Берлинде тойлаған нағыз қазақ батыры. Журналистік жолын соғысқа дейін Жамбыл облыстық газетінде корректорлықтан бастаған Бисұлтан аға 1946 жылдан бері қарай «Егемен Қазақстанда» («Социалистік Қазақстан») ұзақ жылдар табан аудармай еңбек етті. Қаруын қаламға алмастырған ардагер журналистік жастық шағын сағынғаны болар, 1969 жылғы Мәскеудің Кремльдер сарайында өткен Бүкілодақтық колхозшылар съезін ерекше тамсанып, былайша еске алды.
– Біз, мынау Хамит Біржанов ініміз екеуміз сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Брежневтің колхозшылар съезінде орыс тілінде жасаған баяндамасына ілеспе аударма жасап, бірден Алматыға – ҚазТАГ пен «Социалистік Қазақстанға» жеделдетіп жіберіп тұрдық. Ол заманда казіргідей техника дамымаған, бірақ, соған қарамастан, газет күнделікті дәп қазіргідей кешікпей шығатын. Кремльде отырған біздер, таңды таңға ұрып елдегі газет үшін, оқырмандар үшін қызмет еттік.
Отан үшін қан төгіп жанын аямаған әріптес ағасының сөзін ерекше ілтипатпен тыңдап, қолдаған тыл ардагері бүгінде Бостандық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Хамит Біржанов ілеспе аудармадан қолы босаған сәтте газет тілшісі ретінде колхозшылар съезінен «Социалистік Қазақстанға» арнайы репортаждар жазғанын да ұмытпапты...
«Егемен Қазақстанның» Астанадағы бас кеңсесінен арнайы жіберілген ақшалай сыйлықтар мен гүл шоқтарын қолына алған газет ардагерлері редакцияға алғысын айтты, газеттің барша ұжымына зор шығармашылық табыс тіледі.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
СУРЕТТЕ: «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы ардагер-қаламгерлері – Хамит БІРЖАНОВ пен Бисұлтан АМАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор