Жақында «Арыс» баспасынан «Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы» энциклопедиясы атты көлемді кітап жарық көрді. Бұл еңбек Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында көпшіліктің қолына тиіп отыр.
Бұл әмбебап басылымды Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың қолдауымен Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамы дайындаған болатын.
«Маңғаз өлке, майталман жандар» деген алғысөзінде Алик Айдарбаев еңбектің маңызын былайша түйіндейді: «Қойнауы мұнай мен газға бай бұл өлкенің төсінен өрген төрт түлігі мен теңізінде балығы тайдай тулаған табиғи байлығы қашаннан халқының ырзық-несібесін айырып келеді. Сол байлықты молайтып, елдің игілігіне айналдыру жолында тер төккен талай майталман малшылар мен балықшылардың, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінгі ұрпақ аталар мен әкелердің ерлік істерін, еңбектегі өнегесін білуі керек, олардан үлгі алып, тәуелсіз еліміздің болашағы жолындағы іс-әрекеттерінде шамшырақтай бағдар қылып отыруы тиіс. Елбасымыздың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы баршамызды осындай еңбексүйгіш жасампаздыққа үндейді».
Көне мәдениет пен бүгінгі өркениеттің көпіріне айналған Маңғыстау өлкесінің шежіресі, ауыл тұрмысы мен шаруашылығының айнасы іспетті бұл еңбекте бұрын-соңды ғылыми-ақпараттық айналымға түспеген мұрағат деректері мен құнды құжаттар, көне фотосурет нұсқалары молынан пайдаланылған. Басылым түрлі-түсті суреттермен, сұлба-карталармен әсем безендіріліп, сапалы қағазға басылған. Кітапта ауыл шаруа-шылығының барлық салалары қамтылған.
Басылымның тарихи-этнографиялық сипаты да көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамыз. Халық қолөнері, үй кәсіпшілігінің дамуы, тұрмыстық бұйымдардың тіршілікте, шаруашылықта қолданылу аясы көрсетілген.
Осындай игілікті іске ұйытқы болып келе жатқан Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамы бұдан өзге Махамбет, Шотан сынды халық батырларының ерлік істері мен өмір жолы, Ұлы Абай мен Ә.Кекілбаевтай сөз зергерлерінің шығармашылығына ерекше мән беріп, халыққа жеткізіп келеді.
Іргелі еңбекті сапалы етіп шығаруға атсалысқан, кітап басу ісінде көп жылдық тәжірибесі бар «Арыс» баспасының ұжымына баспа директоры Ғарифолла Әнеске ризашылығымыз шексіз.
Әділет ҚАБЫЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы университет профессоры