• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Ердоған мен Дәуітоғлу неге тіл табыспады?

278 рет
көрсетілді

Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлу қызметінен кету жөнінде өтініш білдірді. Жұрт оның орнына кім тағайындалады дегенді әңгіме етіп жатыр. Ол Әділдік және даму партиясының 22 мамырдағы съезінде белгілі болады. Жалпы, бізге қай жағынан болсын жақын түрік еліндегі жағдай туралы әңгіме қозғау қиын. Жақсы хабарға қуанасың, жайсыз хабар жаныңа батады. Бір пікірің шамдарына тиіп кетпес пе екен деп секем де аласың. Ал бұл елде болып жатқан жағдайлар көңіліңді алаң­датады. Әлем таныған қайраткер Ахмет Дәуітоғлу неге кетеді деген ой да соның бірі. Ол ел басшысы дәрежесіне көтерілген Реджеп Та­йып Ердоғанның оң қолындай еді ғой, президент неге өзінің оң қолын істен шығарғысы келеді деген ой еріксіз қажайды. Бір шындық – бұл президент Ердоғанға барып тіреледі. Оның қатысынсыз бұл мәселенің көтерілмейтіні де анық. Сонда неге елдің екі басшысы тіл табыс­пай отыр, араларынан қандай ала мысық өтті деген ой әркімнің ба­сына келеді. Бұлардың бір-бі­рін қолдағандарында дау жоқ. Ондай адамдардың кетіскені екі жаққа да қолайсыз. Күні кеше Ердоғанның премьер-министр болу мерзімі аяқталып, президенттікке сайланғанда, бұрынғы қызметін сеніп тапсырған адамы Ахмет Дәуіт­оғлу болғаны да белгілі. Осы жерде сайланды, сеніп тапсырды деген сөздер біршама ыңғайсыздау көрінер. Бірақ түрік елінде осы кезде бар билік Ердоған мен биліктегі Әділдік және даму партиясының (ӘДП) қолында болғаны және олардың дегені дау-дамайсыз жүзеге асқаны да шындық. Сөзге келмей бұрынғы президент Абдулла Гүл орнын ұсынса, ӘДП төрағалығына сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлу сай­ланды да, араға апта өтпей, конс­титуцияға сай, премьер-ми­нис­трлікке тағайындалды. Конституция бойынша бұл елде парламенттік жүйе үстем бол­ғандықтан да, президентке қарағанда, премьер-министрдің қолында билік көптеу болуға тиіс. Бірақ Ердоғанның мұны азыр­қанғаны анық. Бар билікті өз қолына алу үшін президенттік жүйеге көшуге асықты. Екі рет парламент сайлауын да өткізді – ондағы ойы басым көпшілік дауысқа ие болып, президенттік жүйені заңдастыру еді. Оның реті келмеді. Сонда ол премьер-министрдің құзырын шектеуге көшті. Бір жолы Дәуітоғлу Дохада сапарда жүргенде, ӘДП-нің келісімімен премьер-министрдің облыс, округ басшыларын таға­йын­дау құқын алып тастады. Бұл аздай, біраз министрді ауыстыруды, өз адамдарын қоюды талап етті. Жақын досы Бинали Йыл­ды­­рым, күйеу баласы Берат Ал­байрақ осылай министр орындарына жайғасты. Жұрттың бәрі мұны көріп отыр, бұл жайт талай әңгімеге арқау болғаны да анық. Сарапшылар, сая­сатшылар басқа да көп мә­селеде премьердің президентпен келіспегендіктерін айтады. Ең алдымен Дәуітоғлу жаңа сайлау өткізбей-ақ, коалицияға бі­рі­гуді ұсынды, оған Ердоған көн­беді. Премьер журналистер мен ға­лымдарды жазалағанды артық көрді, сөзі өтпеді. КЖП мүшелерін азаматтықтан шығаруға да, ХДП-дан сайланған депутаттардың тиіспеушілік құқын жоюға да қарсы болды. Президент тыңдамады. Осындай келіспеушіліктер қорда­ланып, ара ашылып тынды. Әрине, Ахмет Дәуітоғлудың қолбала премьер болғысы келмегені анық. Ел тағдырына жауапты екенін де сезінді. Бәлкім, кейбір жаңсақ шешімдерге ортақтасқысы келмеген де болар. Мамырдың басында президентпен кездесуден кейін ол партия басшылығынан кететінін мәлімдеді. Оның «бұл менің ғана шешімім емес, қажеттіліктен туды» деген сөзінде біраз астар жатыр. Атап өтетін бір жайт: кететінін айтса да, Дәуітоғлу президентке адал­дығын сақтайтынын да айтты. Сонысымен өзінің өкпеден жоғары тұратын азаматтығын аңғартты. Осынау жүзінен нұр төгіліп тұратын адамның ел ішінде де, сыртта да үлкен беделі бар еді. Оны өзімен бірге ала кететіні анық. Ол елге керек еді ғой дейсің. Лондон мэрі – мұсылман қайраткер Иә, бұған жұртшылық мән беріп жатыр. Батыстың бетке ұстар Ұлыбританиядай жетекші елінің астанасының, Лондондай әлемдік деңгейдегі әсем қаланың басшысы болып Пәкістаннан шыққан иммигранттың баласы сайланғаны жұрт назарын аударды. Бірақ бұл сырт көрініс қана. Садик Хан бұл сайлауға мұсылман ретінде түскен жоқ, ол Лейбористер партиясының белгілі қайраткері болатын. Сол партияның атынан консерватор қайраткер Заг Голд­смитке (ол миллиардер Джеймс Голдсмиттің баласы) қарсы күрес­ке шығып, партияластарының қол­дауымен жеңіске жетті. Әсте де мұ­сылман болғандығы үшін емес. Мәселенің басын ашып алу үшін Садик Ханның (сірә, оның аты мұсылмандық Садық есі­мінен болар) өмірбаянына үңіл­ген жөн болар. Ол 1970 жылы Лон­донның оңтүстік аймағы Тутингте Пәкістаннан шыққан автобус жүргізушісінің отбасында дү­ниеге келген. Ол отбасындағы сегіз баланың бесіншісі екен. Жоқ­шылықта болмаса да, біршама тапшылықта өмір сүрген. Жақсы оқыған, белсенді болған көрінеді. Лейбористік партияға 15 жасын­да кіріпті. Солтүстік Лондон уни­вер­ситетін бітіріп, заңгер маман­дығын алған. Саяси өмірде Садик Хан бұған дейін де біраз биіктерге көтерілген. Ең алдымен, лейбористердің көлең­келі үкіметінде көлік министрі, әділет министрі, сондай-ақ, Лондон істері жөніндегі министр болса, лейбористер билікке жеткен соң Гордон Браунның үкіметінде қауымдар және жергілікті өзін өзі басқару министрі, сондай-ақ, көлік министрі қызметтерін атқарды. Ал парламентке өзінің туған аймағынан – Лондонның Тутинг ауданынан сайланып отыр. Қа­уымдастар палатасында осы ай­­мақ­тың мүддесін қорғайды. Енді Лондон мэрінің сайлауына түскенде, қаланың осы аймағынан оған айтарлықтай қолдау болғаны да анық. Сөйтсе де, оның қарсыласы Заг Голдсмит те Лондонның Рич­монд-Парк ауданынан депутат екені белгілі. Сонымен бірге, сол Голдсмитті бұрынғы мэр Борис Джонсон да қолдаған. Бірақ Садик Хан жеңіп шықты. Лондон – Ұлыбританияның саяси өмірінде айрықша маңызды аймақ. Содан да партиялар астана үшін шешініп күреседі. 2000 жылдан 2008 жылға дейін оны лейборист Кен Ливингстон басқарса, соңғы сегіз жылда (екі мерзім) астана тізгінін консерватор Борис Джонсон ұстады. Бұл жолы сай­лаушылардың 56,8 пайызы лейборист қайраткерге дауыс берсе, консерваторларға 43,2 пайызы ғана ықылас білдірді. Мэрдің құзырына не жатады? Ол көлікті, заңды тәртіпті, қор­­шаған ортаны бақылайды, тұрғын үй құрылысын, қаланы жоспарлауды басқарады. Ол қала парламентіне – 25 адамнан тұратын Лондон ассамблеясына есепті. Сөйтсе де, үлкен саясатты жүргізетін сол. Сол үшін де партиялар бұл қызмет үшін күреседі. Бәлкім, мұсылмандар қауымы бір өкіліміз әлемнің бір айтулы қаласын басқарады деп қуанар. Оны да түсінуге болады. Бірақ Садик Хан – лейборист. Батыстық қайраткер. Онда мұсылмандық идеялардың жұрнағы да жоқ. Ол лейбористік идеялар үшін күреседі. Және осынау еуропалық қаланың дәстүрлі саяси тұрмыс-салтын, менталитетін ұстанады. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист