• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Судағы қауіпсіздіктің алдын алу жұмыстары басталды

331 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 13 мамыр. Қостанай облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары судағы қауіпсіздік мәселелері жөнінде брифинг өткізді. Онда облыс өңіріндегі су айдындарын тазалау және жағажайларды ретке келтіру туралы айтылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Брифинг жұмысына департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі бастығы азаматтық қорғау подполковнигі О. Меңдібаева, департаменттің төтенше жағдайларды жою бөлімі бас маманы азаматтық қорғау подполковнигі М. Левченко және «Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» бас құтқарушысы Ж. Мұрзабекова қатысты. Олар Қостанай облысының су айдындарындағы қауіпсіздікті бақылау және адамдардың суда қаза болу себептері туралы айтып берді. 2015 жылы облыста 36 адам суға кеткен, оның 4-і балалар. Ал биыл жыл басынан бері 3 адамның ажалы судан болған. Оның барлығына негізгі жеке немқұрайлылық, рұқсат етілмеген жерлерде мас күйінде шомылу, сондай-ақ, ересектер жағынан балаларға бақылаудың болмауы себеп болған. Суға шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда ашылады. Алайда, облыстағы адамдар мамыр айындағы мерекелерде-ақ су айдындарында шомылуды бастап кетті. Адамдар жағажайға демалуға келгенде ішімдік ішеді, мас күйінде суға түседі. Арнайы жағажайларда құрамында төрт адамнан құтқарушы, медбике бар құтқару бригадалары жүреді. Алайда, адамдар жабдықталмаған жерлерде, тереңдігі әрі ағысы белгісіз, құтқарушылары жоқ жерлерде шомылуды қызық көреді. Брифингке қатысушылар су айдындарының маңында демалатын уақыттарын өткізетін ересектер ертіп барған балаларын қараусыз қалдыратынына айырықша тоқталды. Ата-аналар бірінші кезекте жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайтынын, су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін сақтамау, қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екені балаларға түсіндіру қажет. Департамент өкілдері азаматтарға мекеменің ресми сайтында Қазақстан Ресубликасының су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерімен танысу мүмкіндігі туралы ескертті. Сайттың тұрғындарға арналған сауалмама бөлімінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері туралы сауалмана орналастырылған. Әркім онлайн режимінде осы ережелерді қаншалықты білетіні жайлы өзін-өзі тексеруден өткізе алады. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, фото: Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.