• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Қымыз

232 рет
көрсетілді

Ресейге экспортқа шығарылады Қазақстан кәсіпкерлері шілде айынан бастап Ресейдің Омбы қаласында азық-түлік жәрмеңкесін өткізіп тұратын болды. Бұл мәселе Қазақстан кәсіпкерлері делегациясының осы облысқа жасаған іскерлік сапары барысында шешілді. Республика Ауыл шаруа­шылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев сапар барысында облыс губер­наторы Виктор Назаровқа бір­лесіп өткізетін бөл­шек сауда жәрмеңкесінің кестесін жасауды өтінді. Онда Омбы облысының үкіметіне Қазақстан өнімдеріне арналған жәрмеңкені шілденің соңында өткізу ұсынылды. Кәсіп­керлер бизнес-миссия барысында сондай-ақ Қазақстанға Ом­быдан ресторан және кондитер жабдықтарын, ал Қазақстаннан Омбы облысы мен Ресейдің басқа да аймақтарына қымыз жеткізу жөніндегі екі келісімшартқа қол қойды. Іскерлік сапары барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы, тамақ, құрылыс, химия және қаттамалы заттар кешені саласындағы 20 өндірісшісі өздерінің өндірістік мүмкіндіктерін көрсету мүмкін­дігіне ие болды. Кездесу кезінде Нысанбаев екі жақтың да өзара сау­­да-эко­номикалық қарым-қаты­­нас­ты тереңдетіп, бизнесті да­мы­туға, соның ішінде ауыл ша­руашы­лы­­ғына басыңқылық беруге мүд­делі болып отырған­дарын атап өтті. «Қазақстан ірі аграрлы ел болып табылады. Мұнда сала то­лық нарықтық басқару моделіне көшірілген, осының арқасында инвесторлар үшін өте тартымды да тиімді болып отыр. Егер жақсы бастамалар болып жатса, біз оны Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграция процесі аясында жеделдетуге тиіспіз. Сондықтан, осындай әртүрлі пі­шімдегі кездесулер, үнқатысу алаңдары қажет», – деді Қазақстан делегациясының басшысы. Сапар барысында өзара ынты­­мақтастықтың басыңқы бағы­ты ретінде жәрмеңкелер алмасып тұру екені айтылды. Өз кезегінде Назаров жаңа бірлескен кәсіпорындар ашып, сауда қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі екендіктерін атап өтті. «Біздің облысымыз екі елдің ірі көлік дәлізінде орналасқан. Сол себепті де өзара сауда ұйым­дастыру үшін шекара аймағында біртұтас логистикалық орталық ашу жөніндегі жоба бізге маңызды да болашағы зор бағыт болып көрінеді. Омбы облысының транзиттік әлеуетін жүзеге асыру – біздің басыңқы бағыттарымыздың бірі», – деді облыс губернаторы. Қазақстан делегациясы бұдан басқа Омбы облысының бірқатар кәсіпорындарын аралап көрді. Ол сондай-ақ қазақ тілі мен мәдениеті орталығының жұмысымен танысып, Қазақстанның Омбыдағы консульдігінде қазақ қауымымен кездесті. Руслан ИГІЛІК