ҚОСТАНАЙ. 13 мамыр. Қостанайлық өрт сөндірушілер Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Президентінің қолынан мемлекеттік наградалар алған болатын. Облыс орталығындағы «Мирас» мәдениет үйінде оларға құрмет көрсетілді. Бұл туралы ng.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қостанай қаласындағы №3 өрт бөлімшесінің командирі Данияр Қалиев пен Арқалық қаласындағы №2 мамандандырылған отрядтың өрттен қорғаушысы Болатбек Хамзе Отан қорғаушылар күні меркесі қарсаңында Қазақстан Президентінің қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған болатын. Алапат өрт кезінде ерлікпен қаза тапқан Жітіқара қаласындағы өрт бөлімі күзетінің бастығы Мақсұт Иманбаев 2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Сержант Данияр Қалиев биыл ақпан айында көп қабатты үйде шыққан өрттен екі ересек адам мен үш баланы аман құтқарып қалды. Жоғары қабаттан тағы да 24 адамды аман есен далаға шығарып үлгерді. Сонымен қатар ақпанның аяқ кезінде өндірістік нысандағы газ толтырылған цистернаның жарылуына жол бермеді.
Аға сержант Болатбек Хамза өткен жылы өртеніп жатқан пәтерден ер адамды алып шығып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. 2015 жылы желтоқсанда Арқалық қаласындағы жатақханада шыққан өртті сөндіруге қатысты. Ол үшінші қабатқа шығып, онда кішкентай екі сәбиді тауып алып, оларды көрпеге орап , таза ауаға шығарды.
Ал өрт кезінде ерлікпен қаза тапқан Мақсұт Иманбаевқа тиесілі 2-ші дәрежелі «Айбын» ордені Жітіқара қаласындағы оның туыстарына тапсырылатын болады. Мақсұт өткен жылы қарашада газ балоны жарылғанда жолдастарын денесімен жауып, өзі от толқынының соққысынан қаза тапқан болатын.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: ng.kz.