ТАРАЗ. 16 мамыр. 2015-2016 оқу жылында Жамбыл облысындағы 316 жалпы білім беретін орта мектептерді 8561 оқушы бітіргелі отыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«2016 жылғы ҰБТ-ге қатысуға 6065 (70,85 пайыз) мектеп бітіруші өтініш берген. Оның 6064-і күндізгі мектеп бітірушілер, біреуі кешкі мектеп түлегі, 5027-сі (82,8 пайыз) қазақ тілінде, 1038-і (17,2 пайыз) орыс тілінде тест тапсырады. ҰБТ-ге қатысатын 6065 оқушының 35,6 пайызы (2159) қала мектебінің, 64,4 пайызы (3906) ауыл мектептерінің түлектері», деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова.
Облыстағы 10 ҰБТӨП-терде мемлекеттік комиссия құрылып, бекітілген. 2016 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді тиімді ұйымдастыру мен өткізу үшін ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұйымдастыру-басқару жұмыстарын дұрыс жүргізіп, ҰБТ-ны өткізу технологиясының бұзылуына жол бермеуіне жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізуде.
«2016 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуде өзгерістердің енгізілгендігін хабарлап, шекті денгейден өтпей қалған мектеп бітірушілерге екінші рет тест тапсыруға рұқсат беріледі. Екінші рет тапсыратын тест ақылы болады, оның бағасы – 2242 тенге. Ал «2» алған мектеп бітірушілерге және ҰБТ-де алған балдарының нәтижесін жақсарту мақсатында тестті қайта тапсыруға рұқсат берілмейді», деп қорытындылады Жәмила Елеуқызы.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, фото: egemen.kz