Еңбекпен түзеу мекемелеріндегі жазаны өтеу жағдайы қалай?
«Түрме» деген сөзді естігенде небір адамның жаны түршігетіні рас. Бірақ ешкім де «темір торға қамалайыншы» деп қылмыс жасамайтындығы анық. Алайда бас бостандығынан айырылып жатқандар және аз емес. Өйткені, қаншалықты қылмысты ізгілендіру қолға алынса да, сотталып жатқандар тағы көп.
ТҮРМЕ ТҮЙТКІЛДЕРІ
Соған орай темір торға қамалғандар проблемасы, оларды ұстау, еңбекпен түзеу шаралары, бостандыққа шыққан соң өмірге қайта бейімдеу, жұмысқа орналастыру, олардың тәртібін бақылау және т.б. толып жатқан мәселелер көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Демек, қазіргі уақытта осы еңбекпен түзеу мекемелерінде не тындырылып жатыр, темір тордағылар неліктен наразылық танытады, ұстау жағдайлары қалай, қандай деген секілді сұрақтар қоғамдағы түйткілдер мен келеңсіздіктерге бейжай қарай алмайтын адамдарды толғандыратыны сөзсіз. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бір себеп болмаса, ешкім де тектен-текке заңсыздық орын алды деп аттан салмайтыны анық. Ендеше, айналасы берік те, зәулім дуалмен қоршалып, оның үсті мың дөңгелене бұралған тікенек сымдармен көмкеріліп, ұшар басына қарасаң бас киімің жерге түсердей тұрғызылған бақылау мұнаралары самсап, алдына адамдар амалсыздан баратын терезелері тар, яки жоқтың қасы көрінген түсі сұрғылт та суық ғимараттар не сыр шертеді? Мына үлкен өмірде адамдардың құқы тапталып жатқанда, ана сыртынан тіршілік нышаны сезілмейтін бітеу тас қабырғалардың ішінде адам құқы сақталуы мүмкін бе дерсіз.
Міне, осыған орай біздің елімізде заңгерлердің өзі адамның құқын қорғау мәселесі айрықша алаңдататыны рас дейді. Неліктен? Бұған, әрине, кімде-кім бір-екі ауыз сөзбен нақты жауап қайтара алмайтыны тағы белгілі. Өйткені, проблема көп. Әріге тереңдемей, соның бер жағын айтар болсақ, мәселен, қазіргі уақытта еліміздегі жұмыс істеп тұрған барлық түзеу мекемелері алды өткен ғасырдың 30, соңы 70-ші жылдары салынған ғимараттар. Оларда сотталғандарды қамап ұстайтын бөлмелер 50-60 адамға арналған. Тіпті, біреулерінде одан да көп. Осы орайда көз алдыңызға елестетіп көріңіз: бір бөлмеде 60 адамның бірнеше жыл бірге тамақ ішіп, бір дәретхана орнына барып, бірінің үстіне бірі екі қатар орнатылған төсектерге жатып, тұру, яғни бірнеше жыл өмірді бірге өткізу қалай болмақ? Біреуге бұл ұнайды, біреуге ұнамайды, екінші біреу шыдайды, біреу шыдамайды т.б. дегендей, амал қайсы: сотталған қаласын, қаламасын жағдайы жоқ жағдайда қылмысына сай жазасын тартады. Әрине, кімнің қылмысы қандай, ол жаламен шатылған ба, шын қандықол қылмыскер ме, дұрыс, бұрыс сотталды ма, ол әлі басқа әңгіме. Әңгіме, бас бостандығынан айырылғандар арасында құқы бұзылып сотталғандар болса, темір тор ішінде де адами құқы қалай сақталуда деген мәселе.
Иә, сонау келмеске кеткен кеңестік кезеңнен мұра болып қалған көптеген еңбекпен түзеу колониялары КСРО-ның жазалау саясатына сай күштеп жер аудару, тың жерлерді игеру секілді мақсаттарына пайдаланылғаны белгілі. Егер өткен ғасырдың 90-жылдары КСРО-да 700 мың сотталған түрмеде отырса, соның 100 мыңы немесе әр жетіншісі – Қазақстандағы колонияларда ұсталған екен. Демек, сонда 2000 жылға дейін колонияларға бірінші рет түскен 450 мың адамның әр 35-шісі қазақстандық болған, әр 18-ші 18-50 жас аралығындағылар, әр 9-шы ер адам бір буыннан болған көрінеді. Сонда әр 9-шы отбасында бір сотталған адам бар деген сөз. Және бұған ұстау жағдайы түрмедегіден бір кем емес басқа да жазалау мен еңбекпен емдеу профилакториясынан өткен он мыңдаған адамдарды қоссаңыз, нағыз боямасыз тірлікті көз алдыңызға елестете аласыз.
Ал байқап отырғандарыңыздай, еліміздегі түзеу мекемелерінің көбі өткен ғасырдың 30-жылдары салынған ғимараттар дедік. Міне, бүгінгі таңда осындай 56 түзеу мекемесі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Бұл сөзімізге кейбіреулер сенімсіздік танытуы да мүмкін. Сондықтан нақты дәлел мен дәйек келтіре жазғанды жөн көрдік. Мысалы, Қарағанды облысындағы Долинка селосындағы АК-159/7 мекемесі өткен ғасырдың сонау 1937 жылы салынған. Сонда байқасаңыз, бұл ғимаратқа анау-мынау емес, табаны күректей 78 жыл болыпты. Сол сияқты осы облыстағы АК-159/18 түзеу мекемесі 1940 жылы салынған (75 жыл). Ал Павлодар қаласында АП-162/4 мекемесі 1957 жылы салынған (58 жыл). Әрине, өткен ғасырдың аталған жылдарында бұл түзеу мекемелері арнаулы зауыттарға қол күші қажет болғандықтан тұрғызылған ғой. Мұндай мекемелердің басты мақсаты – ірі өндірістік база құру болып табылатын. Осыған байланысты олардың бәрі еңбекпен түзеу колониялары (ЕТК) деп аталды.
ГУЛАГ, КАРЛАГ және ...
ГУЛАГ, Қарлаг дегендерді аға ұрпақ өкілдері әлі ұмыта қойған жоқ. Оның қасіреті оңайлықпен ұмытыла да қоймас. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары еңбек қолы қажет деген желеумен Қарағандыдан 45 шақырым жердегі Долинка селосында сотталғандар лагері пайда болды. Осылайша 1931 жылы 19 желтоқсанда ұйымдастырылған ГУЛАГ ірі еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі (1930-1959) Карлаг болып табылады. Шығыстан батысқа 200 шақырым шамасында, солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 шақырым алқапты алған лагерь аумағы 1 780 650 га құраған екен.
Еңбекпен түзеу дегенді айдар етіп алып, істі болғанды да, болмағанды да кеңестік кезеңнің кесірлі саясаты нәтижесінде темір торға топырлатып тоғыту ол кезде науқан болған секілді. Әрине, оның да көптеген себептері болғаны сөзсіз. Ал сол кезде Карлагты құрудың басты мақсатының бірі Орталық Қазақстанның Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс қорытатын комбинатын, көмір-металлургиялық өндірісінің дамуына ірі азық-түлік және өндірістік базасын құру болып табылатын, дейді ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Жанат Қазбекұлы.
Көз көрген білетіндердің айтуынша, сол кезеңдегі кез келген колонияны арнаулы зауыт деп атауға болатын, онда сотталғандар үш ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеген. Бірнеше адам тұратын ғимараттар барақтар деп аталды. Сол барақтарда тұрып жатқан 100-150 адамнан жасақтар құрылды. Жұмысқа сотталғандар жасақтар бойынша шықты, яғни әр жасақ бір ауысымға түсіп отырды. Дегенмен, олар бас-көз деп кез келген жұмысты істей берген жоқ. Олардың қызметі жоспарлы түрде ұйымдастырылды. Мәселен, азық-түлік өндірісі бойынша әр колонияның мемлекеттік жоспары жасалды. Соған сай бір нақты мысал, 1989 жылдың қорытындысы бойынша КСРО ІІМ ГУИТУ жалпы өнім бойынша 5-орынды иеленген көрінеді.
Тіпті, оны айтасыз сол КСРО ІІМ ГУИТУ жанында ЕТК жобалау және құрылыс салумен айналысқан арнаулы жобалық институт жұмыс істеген көрінеді. Жоғарыда аталған колониялардың бірқатарында сотталғандар 100-150 адамға қарастырылған жатын бөлмелерде ұсталынды. Алайда, олардың бәрі еңбекпен түзеу мекемелері деп аталғаны белгілі. Ал Қазақстанда жалғыз түрме Қостанай облысының Арқалық қаласында (УК-161/12) жұмыс істеп келеді.
Дегенмен, сотталған адам жабайы түзеу мекемесінде неғұрлым ұзақ отырған сайын, ол соғұрлым бұзыла түседі екен. Әлеуметтік байланыстар үзіліп, шаңырақ шайқалып, құлайды. Бұрынғы өмірлік икемділік пен түсініктерден айырылып, «жатыпішер арамтамақтық» қалыптасады. Ақырында жұмыссыздар саны одан әрі артып, тұрақты мекенжайы жоқтар көбейе түседі. Бұл түрлі қылмыстың өршуіне қайтадан себеп емес пе? Ал бұдан елге қандай пайда бар? Пайда жоқ, керісінше соңғы он жылда пенитенциарлық жүйе шығыны өсе түсті. Сөйтіп, адамды түзейді деген түзеу мекемеңіз қылмыстың «фабрикасы» атанып, қоғамға да тамырын жайып, тырнағын батыра бастады.
Алайда, уақыт бір орында тұрмайды. Заман өзгермей және тұрмайды. Мәңгілікке тұрақталып қатып қалған жүйе жоқ. Қаһарлы қыстан кейін жаңа жылы леп соғып, жайдарлы жаз басталады. Сол айтқандай егемендігімізді қолға алып, тәуелсіздік туы желбірегенде, ең алдымен елімізде адамдардың құқын қорғауға ерекше назар аударылды. Сөйтіп, кез келген Қазақстан азаматының конституциялық құқын қорғау алдыңғы орынға шықты. Бұның әсері түзеу мекемелерінде түңіліп жатқан талай сотталғандардың көкірегіне өмір сүрудің ақ сәулесін түсіргендей болды. Осылайша біздің елімізде, шын мәнінде адамның құқы сақталатындығына үміт оты жанды. Осыған байланысты 2003 жылы ҚАЖ комитеті халықаралық стандарттарға сай сотталғандарды жасақтық-барақтық ұстаудан камералық ұстауға өткізуге бастамашылық етті. Ал қазіргі халықаралық стандарттар бойынша түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды бір камерада 1-2 адамнан ғана ұстау қарастырылған.
ІЗГІЛЕНДІРУ – ІЗГІЛІКТІ ІС
Сөйтіп, қылмыстық саясатты ізгілендіру аясында сотталғандар да адам деген ізгі ниетпен жаппай жүргізілген үрдісте бұрын-соңды болмаған шаруа жүзеге асты. 2003 жылдан бастап республикада камералық ұстаумен 8 түзеу мекемесі қайта құрылды: Тараз қаласы төтенше қауіпсіз ЖД-158/7 мекемесі (ерекше режім), Шымкент қаласы ИЧ-167/4 әйелдер мекемесі, Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/21 әйелдер колониясы, Қостанай облысы Жетіқара қаласындағы ерекше режімдегі УК-161/3 мекемесі, Алматы қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары, яғни қатаң режімді ЛА-155/12 мекемесі, Жезқазған қаласындағы әртүрлі режімдегі түзеу АК-155/25 мекемесі, Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары, яғни қатаң режімді ЗК-169/5 мекемесі, Орал қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары қатаң режімдегі РУ-170/3 мекемесі.
Өркениетті елдердің көшіне ілескен соң біздің мемлекетіміз де әлемдегі барлық ізгілікті істерден қол үзбеуі тиіс. Соған сай мемлекеттік әр сала үлгілі үрдістен тыс қалып жатқан жоқ. Олардың есебі бойынша, қазіргі уақытта барлық түзеу мекемелерін есепке алғанда, сотталғандарды камералық үй-жайда ұстауға көшу үшін әр облыста жаңа түзеу мекемелерін салу тиімді. Бұл оңай шаруа болмаса да оны жүзеге асыру қажет. Сол үшін 2013 жылы халықаралық стандарттарға сай 5 климаттық өңір бойынша «1500 орынға арналған мамандандырылған түзеу мекемесі» құрылысының үлгі-жобасы әзірленді. Жоба бойынша сотталғандарды бір және екі орындық камералық үй-жайларда ұстау қарастырылды. Оны айтасыз, сотталғандар арасында мүгедек жандардың болатыны бар ғой. Олардың жағдайын ескермесе қандай ізгі ниеттілік орнамақ. Демек, қылмыс жасаса да, ол адам дегендей, кез келген бас бостандығынан айырылғанның денсаулығы сыр беріп мүгедектікке ұшырамасына кем кепіл. Сондықтан да мүгедектерді ұстауға арналған талаптар ескерілген, оларға әр режімді блоктарда арнаулы камералық үй-жайлар жабдықталған.
Бұл турасында ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев та таңданысын жасырмай: «Ал шынын айтқанда жоба әмбебап болып табылады, әр ғимарат басқасынан мүлде бөлек
. Біз құрылыс барысында қажеттілігіне байланысты 500 орындық, сондай-ақ
700, 1000, 1500 орынды осындай түзеу мекемелерін тұрғыза аламыз», дейді
. Әрине, мұның бәріне қаржы қажет екені сөзсіз. Оның үстіне мына кең дүниедегі тәртіпке мойынұсынатын адамдар арасындағы қол-аяғы балғадай жандарға қызмет табылмай қысқарып жатқанда, ішер ас, киер киім қымбатқа айналған шақта адамға, қоғамға қарсы қылмыс жасағандарды соншама әспеттеудің қажеті не деп ойлайтындар да табылары хақ. Солайы солай ғой, бірақ жаңа мекемелер құрылысы жекеменшік инвестицияларды тарту нәтижесінде мемлекеттік-жекешелендіру әріптестігі шеңберінде жүзеге асырылмақ. Кейін бұл мекемелердің қазіргі билікте отырғандардың өзіне де біруақыт игілігі тиіп қалуы әбден мүмкін ғой
. Кім біледі?
Ал кейбіреулердің мұндай орындарды салудың қажеті қанша деп айтатыны рас. Өйткені, мәселен халықаралық тәжірибе көрсеткендей
, барлық әлемде қылмыстық жазаны орындау, әсіресе бас бостандығынан айырылғандарды ұстау мемлекетке айтарлықтай қымбатқа түседі. Өз кезегінде түрмелер құрылысы да арзан емес
. Осыған байланысты, көптеген мемлекеттерде бас бостандығынан айыру орындарының құрылысы үшін
, сонымен қатар оны пайдалануда мемлекет
-жекеменшік әріптестігі аясында жекеменшік бизнестің қаражаты тартылады.
ӨРКЕНИЕТТІЛІК ӨРІСІ КЕҢ
Түрме қызметкерлерінің айтуы бойынша, бұрын дәл қазіргідей сотталған жандарға жылы қарау болмаған көрінеді. Оның бәрі халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқан түрме реформасына байланысты болса керек. Ал оның негізі қылмысқа қарсы құқықтық саясатты ізгілендіру болып табылады. Осыдан бастап-ақ, ҚАЖ жүйесінде бұрын-соңды болмаған өзгерістер мен жаңалықтар іске асып жатыр. Қазір бұған ешкім таң қалмайды. Өйткені, о баста бәрі осылай болуға тиіс еді. Адамның жай-күйін ойлаған қоғам өз өзіне қастандық жасамайтыны белгілі. Тіпті, қандай қоғам болмасын өзінің жүргізіп отырған саясатының ақыр соңы күлдібадам дүниеге айналып, заманының азып-тозуына ұшырамас үшін елінің әлеуметтік жағдайы мен құқықтық өсіп-өнуін де қолдайтыны сөзсіз. Ендеше бұл тұрғыда жүргізіліп отырған республикамыздағы құқықтық саясаттың ізгілендіру принципі өміршеңдігін айқын көрсете бастады.
Осылайша халықаралық тәжірибеге сәйкес
, МЖӘ екі түрі қолданылады: жекеменшік түрмелер (АҚШ, Ұлыбритания) және концессия (Франция, Бразилия)
. Жекеменшік түрмелер жағдайында АҚШ және Ұлыбритания – жазаны орындаудағы басшылық жасау және ұйымдастыру жағы толықтай инвестормен жүзеге асырылады. Франция мен Бразилияда концессия жағдайында жазаны орындау қауіпсіздік және күзет жауапкершілігі мемлекетке жүктеледі
, ал жеке сектор құрылыстың жабдықталуын және түзеу мекемелерінің пайдалануын жүзеге асырады.
Әлемдік тәжірибеде сотталғандарды аралас ұстау түрі
, яғни бір түзеу мекемелерінде, тергеу-қамауындағыларды және режімдері әртүрлі сотталғандарды бір-бірінен бөлек ұстау ескерілген
. Мысалы, Норвегияда бір мекемеде сотталғандар 14 күннен және 21 күнге дейін бас бостандығынан айыру мерзімдерімен ұсталынуы мүмкін
. Міне, осы орайда Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі үшін Францияның тәжірибесі лайықты болып табылады
.
Бұл үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігінің келесі үлгісі таңдалды:
build-transfer-operate (ВТО)
– яғни, Құрылыс-Тапсыру-Пайдалану
. Мұнда аталған «Құрылыс» – келісімшартқа сәйкес концессионер өз есебінен түзеу мекемесінің құрылысын жүзеге асырады
. «Тапсыру» – құрылыс аяқталғаннан кейін концессионер нысанды мемлекетке толық тапсырады
. «Пайдалану»
– мемлекет толықтай қылмыстық жазаны орындау функциясын жүзеге асырады, яғни сотталғандарды қадағалау және периметрі бойынша түзеу мекемесін күзету
. Келісімшартқа сәйкес концессионер кезең-кезеңмен инвестициялық шығындарын өтейді
, концессияның келісімшартының мерзімі аяқталғанға дейін өндірістік
-шаруашылық нысанындағы қызметін жалғастыра береді
.
Ал мұндай жағдайда жекеменшік сектордың пайдасы қыруар көрінеді. Алдымен қауіпсіз кепілді жоба; жаңа түзеу мекемелерінің негізінде бәсекелі өнімдер өндіру; жаңа өндірістік алаңдарын құру; өндірістік алаңдарын жалға ұсынғаны үшін төлем алу; өндірілетін өнімге мемлекеттік тапсырыс (келісімшарт шеңберінде заттар және төсек-орын мүлігін, арнайы киімдер және т.б. жеткізілуі). Бұған енді мемлекет пайдасын қосу қажет, ол: бюджет жүктемесін уақытқа сай бөлу; сотталғандарды ұстау жағдайын халықаралық стандарттарға сай келтіру; сотталғанның кірісін қалыптастыру; бизнестің жаңа түрлерінің пайда болуы және жекеменшік капиталын пайдалану үшін жаңа өріс енгізу.
Осылайша мұның бәрін есептей келгенде, яғни
2015 жылдың қыркүйегінде ҚАЖ комитеті МЖӘ шеңберінде «Мамандандырылған түзеу мекемелерін салу және пайдалануға беру» мемлекеттік инвестициялық жобасының инвестициялық ұсынысына экономикалық қорытынды алуға қол жеткізді
. Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен «Бюджеттік инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін және концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамаларын әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу, концессиялық жобаларын консультативтік сүйемелдеу концессиялық жобалардың тізбесіне «Оңтүстік Қазақстан облысында 1500 орынға арналған түзеу мекемесін салу және пайдалануға беру
(Шымкент қаласы)» концессиялық жобасы енгізілген және концессиялық жобаларды кеңестік сүйемелдеуге (конкурстық өтінімдерді бағалау, концессия келісімшартының жобасы, конкурстық құжаттамалар, концессиялық ұсынысты өңдеу) республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.
ҚАЖ
комитеті «Оңтүстік Қазақстан облысында
1500 орынға арналған қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесін салу және пайдалануға беру» концессиялық жобасын консультативтік сүйемелдеу бойынша «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС
-мен келісімшарт жасады.
2016 жылғы
20-21 қаңтарда МЖӘ шеңберіндегі берілген жобаны жүзеге асыру мәселесі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығымен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің «МЖӘ ЖСО» ЖШС-нің өкілдерімен бірлескен кездесулері болып өтті.
ҚОҒАМНЫҢ ДА ТҮСІНІГІ ҚАЖЕТ
Иә, өмір қатал. Сондықтан да «Өмір дегеніміз – күрес», деп М.Горький айтқандай, тағдыр жазған жақсылықтарға жету үшін жеке адамға да, қоғамға да күресе білу керек
. Жақсылықтың жолы алыс дейді, ал жамандық қарыс қадам ғана
. Демек, біреудің ала жібін аттау заңға қарама-қайшылық тудырады. Ал заңды бұзу – қылмыскер атану деген сөз. Қарапайым осы қағиданы түсінген жан өзінің қылмыстық әрекетінің қайда апарып соқтыратынын да білуге тиіс. Әгәрәки
, осының бәрін түсіне отырып адам тәртіптен аттап, заңды бұзса, оның саналы түрде қылмысқа барғаны деген сөз.
Бірақ, өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейтіні бар ғой. Біреу қылмысты саналы түрде жасаса, екінші біреу тағдыр тәлкегіне ұшырап, абайсызда аяғын шалыс басып жатады. Ондайларды да нағыз баскесер қанды балақ қылмыскерлермен қатар қойып, қамап қойса, әлгі жанның арғы өмірі не боларын кім біледі? Немесе, тіпті, басында қылмыс жасап, онан соң түрме қабырғасында өз кінәсін, қателігін, айыбын нақты түсініп, жан дүниесімен мойындаған жан баскесерлер арасында қала берсе, ол бірте-бірте қандай жанға айналмақ?! Демек, елдің, қоғамның адамның болашағын ойлаған адамзат қылмысқа қарсы құқықтық жазаны ізгілендіруді ойламаса өзіне өзі қастандық жасағаны болып табылады екен. Қазір біздің елімізде жүріп жатқан түрме реформасының бір көрінісі осы ізгілендіру болып табылады.
Енді бұл жаңалықтарды, жаңа жобаларды, тың ұсыныстарды қалың көпшілік назарына ұсынып, қоғамның пайдасына атқарылатын істердің игілігін түсіндіруді де қолға алған жөн дейміз. Бұл мақсатта да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылыпты. Солардың бірі де, бірегейі ретінде Елбасының тапсырмаларын орындау айна-қатесіз жүргізілуде. Бұдан басқа, ІІМ Қылмыстық-атқару комитеті МЖӘ шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының
(34 қадам) мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды сүйемелдеу мәселелері бойынша облыстық әкімдіктермен жұмысты бірлесе қолға алып
, сонымен қатар ҚАЖ қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, 2015 жылы Ішкі істер министрлігінің, бұл орайда
, шетел компанияларымен бірнеше кездесулер (тұсаукесер
) өткізгенін айрықша атап өткен жөн. Мәселен, солардың ішінде «Дорш холдинг групп» неміс компаниясы, «Винси Констрюксьон Гран Проже» француз компаниясы, «Синьсин» (
China Xinxing Corporation) қытай корпорациясы, «
LLB Investment Limited» ағылшын компаниясы сияқты шетел компаниялары Қазақстанның концессиялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін және МЖӘ шеңберінде концессионерді іріктеу бойынша конкурсқа қатыса алатындықтарын білдірді.
Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы 34- қадам болып мемлекеттік-жекеменшік (ЖМС) серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту болып табылған еді
. Сонымен қатар, пенитенциарлық мекемелерді салуға, ұстауға және басқаруға жекеменшік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды жасау және халықаралық тәжірибені зерттеу белгіленген болатын. Ендеше жоғарыда айтылғандарды саралай келгенде Мемлекет басшысы белгілеп, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесіне жүктеген 34-ші қадамның орындалуы сөзсіз күмәнсіз екендігін анықтадық. Енді еліміз үшін тиімді және халықаралық талаптарға толық сай келетін игілікті істің толыққанды жүзеге асатын күні де алыс емес.
Кезінде Абай атамыз: «Мен егер Закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп айтқандай, о заманда қандай қылмыс жасаса да түзелмеген адам болмаған. Яғни, түрме де, түрмеде «ас ішіп, аяқ босататын» сотталғандар да болған жоқ. Міне, қазір батыс елдері жиі айтатын нағыз демократия деген сол біздің ата-бабамыздың заманында болған екен. Бірақ, қазір заман басқа, адам басқа дейміз. Ендеше сол заманға бар сала да сай болуы керек қой
. Соның бірі – түзеу мекемелері. Оны жетілдіру – ізгілік қағидаттарын жақындату. Оның нәтижесі қоғамның берекесіне айналмақ.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».