Жер мәселесі әділ шешілуі тиіс
Өткен сенбіде Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның алғашқы отырысы болып өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, комиссияға 75 адам мүше. Алғашқы отырысқа оның 70-і қатысты.
Үзіліссіз 7 сағатқа созылған алқалы жиынға қатысушылардың 63-і сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Шыны керек, оның ішінде эмоцияға берілгендер де, сабырмен салиқалы сөйлегендер де, тіпті, ашуланғандар да, тым салқынқандылар да болды. Бірі жерді сату, жерді жалға беру дұрыс десе, енді бірі бұрыс десті. Айталық, комиссияға мүше фермерлердің көпшілігі жерді сатып алуға ниетті. Дәлірегі, олар Жер кодексіндегі өзгерістерді қолдайтындықтарын жеткізді. Ал Үкімет мүшелері жерді экономикалық айналымға шығарудың артықшылықтарын алға тартты. Бірқатар қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жерді сатуға қарсылықтарын танытты. Енді біреулер мұнда ешқандай да шетелге жер сату туралы әңгіме жоқтығын, Жер кодексі ауыл шаруашылығын жетілдірудің жолы екендігін тілге тиек етті. Қалай болғанда да, комиссияның алғашқы отырысы жер төңірегінде түйінді мәселе аз еместігін аңғартты. Онда жерді сату, не сатпау жайы ғана емес, жер мәселесімен жалғасқан ауылдың әлеуметтік жағдайы, ауыл шаруашылығының ахуалы, фермерлердің талап-тілегі тұрғысындағы өте ауқымды, кешенді мәселелер айтылды.
Алқалы жиынды комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары
Бақытжан Сағынтаев жүргізіп отырды. «Бүгін біз Елбасының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысына жиналдық. Комиссия құрамында Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, саяси партиялар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, сарапшылар, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары, қоғам белсенділері, зиялы қауым, ақпарат құралдарының өкілдері бар. Баршаңызға шақыруымызды қабыл алып, осында келгендеріңізге ризашылығымызды білдіремін», деді Б.Сағынтаев. Осы ретте ол комиссия алдында ел үшін тағдырлы мәні бар мәселені мұқият талқылап, ортақ мәмілеге келу міндеті тұрғанын атап өтті.
«Бұл – өте жауапты жұмыс.
Бұған дейін де сан рет айтылғандай, жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылмайды да. Бұл мемлекеттің мызғымас берік ұстанымы. Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің мақсаты – жердің жұмыс істеуі, халықтың игілігі үшін пайда әкелуі. Біз Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған баптарын мұқият сараптауға тиіспіз. Бірақ экономикамыздың, ауыл шаруашылығының дамуына жер реформасының қажеттігін де мойындауымыз қажет», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Төраға комиссия жұмысы ашық, жариялы түрде жүргізілетінін баса айтты. «Мәселені бүгінгі бір ғана отырыспен шеше алмаймыз. Біз бұл жерде дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Біз ата-баба дәстүрлерін жалғастыра отырып, қандай да болмасын мәселені тек ақыл-парасатпен және сабырмен шешуіміз керек. Ақылмен, сабырмен жан-жақты талқылау арқылы біз халыққа, қоғамға, жас ұрпаққа мәселені шешудің жаңа үлгісін көрсетуіміз қажет. Бір сәтте түбегейлі өзгерістерді жасаймыз деген де асыра сенім болмауы керек. Ел мүддесіндегі мәселе қадам-қадаммен жүзеге асыруды талап етеді. Баршамыз сындарлы сұхбат орнатып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуіміз керек», деп тоқталды Б.Сағынтаев. Бұл тұрғыда ол жалаң сөзге бой алдырмай, нақты ұсыныс пен пікірлер ғана ортаға салынатынына сенім артты.
«Өз пікірлеріңізді, халықтың пікірін ортаға салыңыздар. Келесі отырысқа дейін оның барлығы сарапталады, ескеріледі. Орынды пайымдарды келісе отырып, қабылдаймыз. Орынсыз пікірлер болса, оның жөнсіздігін бәріміз мақұлдап, кері қайтарамыз. Яғни, комиссия жұмысы барысында әр мәселені егжей-тегжейлі мұқият талқылап, нәтижелі әрі тиімді жұмыс атқаруға тырысуымыз қажет. Ең бастысы – біздің жұмысымыз ашық, жариялы түрде жүргізіледі. Ертеңге деген нық сенім – тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің, мемлекеттің мығымдылығының негізі. Баршаңызды келелі іске белсенді атсалысуға шақырамын», деді Б.Сағынтаев.
Комиссия төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары
Мұхтар Құл-Мұхаммед жер реформасына қатысты мәселенің талқылануына жарты жыл уақыт бар екендігін, осы ретте комиссияның әрбір мүшесі, не болмаса белгілі бір топтың, партияның, қоғамдық ұйымның, үкіметтік емес ұйымның өкілі өз пікірлерін жазбаша немесе ауызша комиссия отырысында талқыға салуы керектігін атап өтті.
Демократиялық елдердің барлығында кез келген мәселені талқылаған кезде көпшіліктің дауысына қарай, ыңғайына қарай жығылады. Бұл да қоғамда бар нәрсе. Бірақ азшылық дауыс болды екен деп кейбір азаматтардың халықтың атынан айтқан пікірлері ескерілмеу керек деген сөз емес. Әрбір пікір ескерілуі керек. Заңның әрбір бабы бойынша Елбасының айтып отырған тапсырмасы халықтың ортасына барып түсіндірілуі тиіс. Ертең ол да болады. Әртүрлі топтың пікірін ортаға салып, бәріміз бірдей соны талқылауымыз керек. Солардың барлығы ескерілуі қажет», деді М.Құл-Мұхаммед. Сондай-ақ, ол жер мәселесіне қатысты ортақ шешім шығаратын редакциялық комиссия құрылуы қажеттігін қолдады.
Елбасымыз Жер туралы кодекстің кейбір баптарына тоқтау салғанда:
«халықтың алаңдауы дұрыс. Халыққа ұнамайтын заңның бізге қажеті жоқ», – деп ашықтан-ашық айтып, енгізілетін өзгерістер жобасын жұртшылықпен кеңінен талқылау жөнінде арнайы тапсырма берді. Осы қабылданған шешімі арқылы Елбасымыз өзін нағыз халықтық Президент екендігін тағы да жарқырата көрсетіп берді. Біздің комиссиямыз Мемлекет басшысының осы шешімін орындау үшін құрылды.
Комиссияның құрамына қарап оған азаматтық қоғам мен жұртшылық өкілдерінің кеңінен қамтылғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Онда еліміздегі барлық жетекші саяси партиялары, ғалымдар, ауыл шаруашылығы мамандары, түрлі мемлекеттік емес ұйымдар, сарапшылар мен еліміздің барлық өңірлерінен келген өкілдер бар, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Комиссия отырыстарында оның әрбір мүшесінің айтқан пікірі, ұсыныстары, толықтырулары ескерілетін болады. Кейбір азаматтар оның құрамын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтуда. Барлық облыстарда біздің комиссия сияқты әкімдіктің жанынан қоғамдық кеңестер құрылды. Жергілікті деңгейдегі қоғамдық ұйым мүшелері халықтың ой-пікірін облыс әкімдеріне сол кеңестер арқылы жеткізуде. Бұдан артық қандай демократиялық талқылау болуы мүмкін.
Жер біздің халқымыз үшін материалдық игілік қана емес, аса үлкен рухани байлық. Ол біздің ең қасиетті құндылығымыз – тәуелсіздігіміздің қайнар көзі, деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Сондықтан жер туралы пікір алысуымыз еліміздің тәуелсіздігін сақтауға, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға жұмсалу керек. Біз «жеріміз бай» деп отыра бермей, оны күтіп, баптап, ел игілігін, халық байлығын еселеуге жарата алатын азаматтардың қолына беруіміз керек. Қабылданатын заңның басты мақсаты осы деп білемін.
Комиссия отырысында Ауыл шаруашылығы министрі
Асқар Мырзахметов еліміздің ауыл шаруашылығы жерлері туралы баяндады. Министр баяндамасында шетелдіктер жерді тіпті, Қазақстан азаматтарынан да сатып ала алмайтынын, мал жайылымдары да жекеменшікке өте алмайтынын қадап айтты. «Жер шетелдіктерге сатылмайтыны жаңа да, мұның алдында да айтылып жатыр. Бұл жерде тағы бір мәселені айтқым келеді. Егер де шетелдік компания немесе шетелдік азамат жерді Қазақстанның резидентінен сатып алғысы келетін болса, оны қазір нотариус арқылы ресімдеуге тыйым салынған. Егер де шетелдің азаматы немесе шетелдік резидент Қазақстанның жерін жалға аламын десе, тек қана конкурсқа қатысуы керек. Екінші айналымнан, нарықтан сатып ала алмайды. Бұған тыйым салынған. Елдің арасында ауыл маңындағы жайылымдық жерлер, мал үшін қажетті шалғынды жерлер де жекеменшікке сатылып кете ме деген алаңдаушылық бар
. Елді мекендердегі, шалғай жерлердегі мал шаруашылығына арналған жерлерді сатуға тыйым салынған. Бұл бапта нақты көрсетілген», деді министр.
Министрдің мәліметтері бойынша, Қазақстан жерінің жалпы алқабы – 272 млн. гектар. Жер кодексі бойынша, жер жеті санаттан тұрады. Соның ішінде ең үлкен екі бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 100 млн. 800 мың гектар.
Ал Ұлттық экономика министрі
Қуандық Бишімбаев жерге қатысты экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. «Қазіргі уақытта Қазақстан агроиндустриялы ел болып табылғанымен, тамақ өнімдері мен сусындарды жалпы тұтынудағы импорттың үлесі 25,6 пайыз болады.
Қазақстан ауыл шаруашылығы көрсеткіштері әлемдік көрсеткіштерден айтарлықтай төмен. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көрсеткішінен 10 есе, Ресей көрсеткішінен 2 есе және Беларусь деңгейінен 1,5 есе төмен. Еңбектің капиталмен жарақтануы Ресей көрсеткішінен 3 есе және Беларусь елінен 9 есе төмен. Осының барлығына инвестиция тарту деңгейінің төмендігі себеп болып жатыр, сондай-ақ, соңғы 10 жылдың ішінде ауыл шаруашылығына инвестиция тарту көлемі барлық инвестиция қаражатымен салыстырғанда, небәрі 2 пайызды құраған», деп атап өтті министр. Оның сөзіне қарағанда, жер заңнамасы инвестиция тарту мақсатында өте маңызды шара болып табылады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жерге меншік құқығы инвестиция ағымын ұлғайтуға, жер ресурстарын жақсартуға, ауылшаруашылық өнімділігі мен жұмыс қамту деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Осы ретте ол бірқатар елдердің тәжірибесіне тоқталды. «Көптеген әлемдік тәжірибені қорытындылай келе, жер реформасы ешқашан өндірісті төмендетпейді, керісінше, әрдайым тиімді нәтижелерге алып келеді. Уақытша пайдалануға берілген жерге қарағанда, жер иелері өңдеген жердің өнімділігі жоғары», деді Қ. Бишімбаев.
«Әлемге белгілі McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы мен біздің министрліктің есебі бойынша Қазақстанда 1,7 млн. гектар жерді нарықтық айналымға енгізген кезде, ішкі жалпы өнімде 5 жылдың ішінде қосымша 50 млрд. теңге ауылшаруашылық өнімдері өндіріледі. Жерді жекеменшікке беру өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді және оның экономикалық тиімділігі 80-110 млрд. теңгені құрайды», деді Қ.Бишімбаев. Осы орайда ол қосымша жерді игеру инвестицияларды арттыратынын, 120-150 млрд. теңгеге дейін қосымша экономикалық тиімділікті беретінін жеткізді. Ауылды елді мекендерде кедейлікті төмендетуге мүмкіндік жасалады. Осы реформа іске асырылған жағдайда оның тиімділігін 50 пайызға дейін жоғарылатуға мүмкіндік бар.
«Біздің есебіміз бойынша, 1,7 млн. гектар жерді айналымға тарту есебінен жаңадан 26,5 мың жұмыс орнын ашуға болады. Қазақстан үшін жер реформасының қажет екені сөзсіз. Нәтижелерге қол жеткізу елімізде азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, кедейлікті төмендетуге ықпал етеді. Жалпы, ұсынылып отырған тәсілдер экономикалық тұрғыда негізделген және оны дұрыс іске асырған кезде үлкен жетістіктерге жол ашылады», деп түйді сөзін Қ.Бишімбаев.
Парламент Сенатының депутаты
Қуаныш Айтаханов өз кезегінде халықтың жер мәселесіне алаңдауына түсіністікпен қарау керектігін алға тартты. «Жер – ана, Жер тағдыры – ел тағдыры. Жер – біздің басты байлығымыз. Әлемдегі түрлі қақтығыстар, саяси күрестер, шиеленістер осы жер дауынан туындайды. Сондықтан, халықтың жер мәселесіне алаңдауына, өздерінің ой-пікірлерін ашық білдіруіне біз түсіністікпен қарауымыз керек. Осыған орай, Елбасымыздың өзі «Жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», деп орынды айтқанын атап өтуіміз керек. Бүгін біз Елбасының тапсырмасымен Үкімет жанынан құрылған комиссия қоғамдағы аса маңызды мәселе – Жер кодексі нормаларын талқылау және түсіндіру үшін, сонымен бірге, Парламентке ұсыныстар енгізу үшін жиналып отырмыз», деді ол. Сондықтан сенатор бүгінгі отырыс барысында жер төңірегіндегі мәселелерді ғана талқылауға ұсыныс жасады. «Біз алдымен өзімізге жүктелген міндеттерді дұрыс түсініп алуымыз керек. Біздің алдымызға қойылып отырған міндет – халық арасында түсініспеушілік тудырған Жер кодексінің нормаларын жан-жақты талқылап, көпшілікке түсіндіру. Егер талқылау барысында орынды ұсыныс болса, оны редакциялық комиссия арқылы топтастырып, бірлесе қабылдау. Оны одан әрі Үкіметке, Парламентке жеткізу. Сол себепті, бұл мәселеде қызбалыққа бой алдырмай, дау-дамайға ұрынбай, салиқалы түрде ақылға салып, байсалды шешу керек деп ойлаймын. Біз барлық нәрсені халыққа терең түсіндіріп, халықпен ақылдасып атқарғанымыз жөн», – деді Қ.Айтаханов. Сондай-ақ, сенатор әр адамға сатылатын жердің мөлшерленген шегі болуы тиістігін айтты. «Кейбір азаматтар жүздеген мың гектар жер алып алған. Оның көптеген жері пайдаланылмай жатыр. Сол себепті,
жерді сатуда оның мөлшерін бекітуіміз керек. Бір адамға деген мөлшер болуы тиіс. Ол әр ауданда, әр облыста жердің жағдайына, өңірдің климатына байланысты әртүрлі болатын шығар», деді ол.
«Жердің астындағы мұнай да, газ да, көмір де, темір де таусылады. Жаңартылатын, таусылмайтын ол – жер. Жер-Ананы дұрыстап игеретін болсақ, ол жыл сайын құнарлылығын арттыра отырып, өнімді көп беріп, өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етіп, артылған өнімді шетелге шығарып, елімізге валюта әкеледі. Ол үшін жерді қарқынды пайдалануымыз керек. Оған бүгінгі таңда қаржымыз болмай жатыр. Жерге инвестиция келуі керек. Жерді шетелдіктерге жалға беру деген мәселе осыдан туындап отыр», деді Қ.Айтаханов. Оның пайымынша, инвестиция тарту арқылы жердің астындағы байлықты қалай пайдалансақ, жердің үстін де солай кәдеге жаратуымыз қажет. «Ол үшін жерді шетелдіктерге жалға беріп, жерге инвестиция әкелуіміз керек. Бірақ та ол қандай шетелдіктерге, кімге берілуі қажет? Осыны анықтауымыз керек. Мәселен, Франция, Германия, Израиль, Дания сияқты дамыған елдердің инвесторлары келіп, бізге инвестиция салатын болса, неге оларға жер бермеске?» деді сенатор. «Бірақ шетелдіктер өздерінің инвестициясымен келсін. Олар өз адамдарын әкелмесін. Жұмысшылар біздің қазақстандықтар болсын. Қазақстанның азаматтары болсын», деп атап көрсетті ол.
Жиын барысында
Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов, Жақсылық Үшкемпіров сынды белгілі тұлғалар өз кезектерінде комиссияда талқыланғалы отырған мәселелердің өте өзекті екеніне, сондықтан барлық жағдаяттарды бірлесе отырып шешу қажеттігіне назар аударды. Осы орайда, М.Шаханов жер мәселесіне халықтың қатты алаңдап отырғанын баса айтты. «Қазір халықтың жағдайын ескеру керек. Депутаттар кезінде жер сатылмайды деп сөз берген. Бірақ сатылып жатыр. Ал бүгінгі наразылық елдің мүддесі үшін болуда. Жер-Анамыздың анасы, бабамыздың бабасы. Жерден айырылсақ, ештеңеміз қалмайды. Сол үшін жерді шетелге сатқанды да, жалға бергенді де тоқтату керек. Жерді жалға берсек, тек өз азаматтарымызға беруіміз керек», деді Мұхтар Шаханов.
Экономика ғылымдарының кандидаты, комиссияның мүшесі
Мұхтар Тайжан жер реформасына қатысты туындаған дау-дамайды ақылмен, сабырлылықпен шешу керектігін алға тартты.
«
Біздің ауыл шаруаларының қолынан барлығы келеді. Оларға тек мүмкіндік берілуі керек деп ойлаймын. Президент өте дұрыс айтып кетті, бізге халыққа ұнаймайтын заң керек емес. Ал халық соңғы үш-төрт аптада өзінің нақты ұстанымын жеткізді. Біздің міндетіміз – халықтың ұстанымын, талабын орындау. Осында елдің игі жақсылары отыр, академиктер, депутаттар, халық қалаулылары, Үкіметтің өкілдері бар. Бірақ ешкім мен халықтан биікпін деп айта алмайды. Сондықтан, халықтың ойы қандай болса, біз оны орындауымыз керек. Халық неге митингіге шығады, ол амалсыздықтан ғой. Өйткені, шенеуніктерден тыңдайтын құлақ болған жоқ, өкінішке қарай. Амал жоқтан шықтық қой. Енді билік есігін ашып отыр», деді.
«Мәселені ақылмен, сабырмен шешу керек. Басқа да мәселелер бар. Комиссия отырысы – жақсы үрдістің басы ғана деп ойлаймын. Әрі қарай үш тұғырлы тіл, әрі қарай қазақтың тарихы бар. Осыны ата-бабаларымыз секілді ақылменен талқылайық, бір шешімге келейік.
Саясаттанушы
Берік Әбдіғали жер мәселесінің төңірегінде ауылдың жағдайы жатқанын жеткізді. Бұл ретте ауыл шаруашылығының дамуы өзекті болып отырғандығын айтты.
«Бүгінде ауылшаруашылық өнімдерін тиімді бағамен өткізу өте өзекті мәселе болып отыр. Әлі күнге дейін делдалдар көп. Мал басын көбейтуге қомақты қаржы бөлінуде, дегенмен де өнімді тиімсіз бағамен әкетіп жатыр. Егін шаруашылығында жобалар бар, алайда, мал шаруашылығы, ет өнімдері мәселесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінсе деген ұсынысым бар», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, комиссия отырысында жер реформасы қаралғанымен, жалпы бұл тақырып ауылдың мәселесіне тікелей байланысты болып отыр. Осы ретте саясаттанушы ауылдарды байланыстыратын жолдардың жағдайын айта келіп, елді мекендердегі білім беру саласында қордаланған мәселелер бар екенін атап өтті.
«Шалғайдағы ауылдардан халық әлі күнге дейін көшіп жатыр. Әрине, Үкімет тарапынан көмек көрсетілуде, көптеген жеңілдетілген несиелер берілуде, «Дипломмен – ауылға!» деген жоба іске асырылуда. Дегенмен де бөлініп жатқан несиелерді игеретін азаматтар болмай жатыр. Ауылдағы көптеген іскер адамдар қалаға кеткен. Болашақта ынталандыру тетіктері арқылы ауылға ақша салуға, азаматтарды көшпеуге, ауылда қалуға ынталандыру жобаларын қарастырған жөн», деп түйді сөзін Б.Әбдіғали.
Ал қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жер мәселесін жастармен байланыстыра сөйледі. «Жастардың арасында жерге қатысты мәселенің тек бір жағы ғана айтылады. Яғни, эмоциялық жағы ғана байқалады. Ал жер реформасы не үшін жасалып жатыр, нарықтық айналымға енгізу не үшін қажет деген мәселелерді көбісі білмейді. Сондықтан бүгінгі күні жер реформасы не үшін жасалғанын кеңірек түсіндіруіміз керек сияқты», деді қоғам қайраткері. Оның атап өтуінше, жастардың, әсіресе қазақ жастарының арасында ақпарат дұрыс жетпейді. Мәселен, оңтүстік өңірдегі жастардың қаржылық сауаты жоқ. Олар қалай несие алу керек, компанияны қалай ашу керек деген мәселелерді білмейді. «Соңғы жылдары қаланың азаматтары ауылға көп баратын болды. Қалада оқыған қазақтың жас жігіттері ауылдан бизнес ашуда. Себебі, тиімді жағын байқады. Ал ауылдың жастары керісінше, қалаға кетіп жатыр. Менің ойымша, осы жағдайды дұрыстау үшін жастарға көбірек ақпарат беруіміз керек», деді М.Әбенов.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры
Ақылбек Күрішбаев жерді жалға беру институтын сақтау керектігін мәлім етті. «Бізде жерді бөлуде әділетсіздік бар. Әлемдік тәжірибеге тоқталсақ, оларда да бір адамға жер бөлгенде көп көлемде бермейді. Оларда тиісті мөлшер бекітілген. Бізде қазіргі кезде бірнеше компаниялар бар, олар Солтүстік Қазақстанда 500 мың гектарды қамтып отыр. Бұл дұрыс емес. Ол өз кезегінде ұлттық қауіпсіздігімізге, сондай-ақ, бәсекелестікке кедергілер жасайды. Соған байланысты заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек», деді А.Күрішбаев. Бұған қоса, ол жерді ел азаматтарына жекеменшікке беру қажет екенін, сонымен қатар жалға беру институтын сақтау керектігін жеткізді.
Ал «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры
Иван Сауэр жекеменшіктің басымдығы туралы түсіндірді. Осы орайда ол жер реформасы аясында туындаған проблеманы ешбір қатерсіз шешуге шақырды. «Жермен тікелей жұмыс істеп жатқан адамдар өздерінің пікірлерін аз білдіріп жатыр. Шын мәнінде, халықты арандатпай, олардың сөзіне құлақ түру керек. Халыққа мәліметтерді жеткізейік, бұқара өз кезегінде тиісті қорытынды шығарсын», деді. Сонымен қатар, И.Сауэр бүгінде отандық тәжірибе тиісті деңгейде бағаланбай отырғанын атап өтті. Оның пайымынша, 25 жылда салада үлкен тәжірибе жинақталды. Бұл фермердің сөзін «Байсерке-Агро» агроөнеркәсіп холдингінің жетекшісі
Темірхан Досмұхамбетов те қолдады. Ол өз кезегінде шетел азаматтарына салған инвестициясы үлесіне қарай жерді жалға беруді ұсынды.
«Менің ойымша, жерді жеке иелікке беру керек. Шаруа жерін алса, оны банкке кепілге салып, несие алып, өз жерін өңдей алады. Осы ретте жерді шетелдіктерге де жалға беру керек, алайда оның мерзімін айқындаған жөн. Бұл салған инвестициясына қарай байланысты болғаны дұрыс. Егер де инвестиция қомақты болса, оны жалға берген абзал. Мәселен, 10 жылға дейін, ал инвестиция көп болса 25 жылға дейін созуға жағдай жасау керек. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуға қаржы жетпей жатыр», деді Т.Досмұхамбетов. Ол комиссия жерді тиімді пайдаланбау проблемасын да талқылау керектігін айтты. «Бүгінде біздің көптеген ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер 500-600 мың гектарға дейін алғаны жасырын емес және олар жерді дұрыс пайдаланбай жатыр. Олардың мүмкіндіктері жоқ.
Комиссия жерді дұрыс бөлуді қарастыруы тиіс», деді Т.Досмұхамбетов.
Жер реформасы бойынша комиссияның отырысында «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі
Дәурен Бабамұратов ауылдардың төңірегіндегі 5-15 шақырым жер ешқашан сатылмауы, жалға берілмеуі керек екендігіне екпін берді.
«Мен сіздердің назарларыңызды үш мәселеге аударғым келеді. Біріншіден, Жер кодексінде міндетті түрде қауымдық жер түсінігі енгізілуі тиіс деп есептеймін. Себебі, жер сатылады деген кезде әрбір азамат ең бірінші кезекте ауылындағы жерді еске түсіреді. Ал енді дәл осы тұрғыдан келгенде бүкіл қазақтың ауылының әр үйінде 20-30 қой, 5-6 сиыр, 2-3 жылқы бар. Енді 20-30 қойды бағу үшін арнайы 100 гектар, 500 гектар жерді жалға, не болмаса сатып алу тиімсіз. Сондықтан ауылдың төңірегіндегі 5-10-15 шақырым жер ешқашан сатылмауы, жалға берілмеуі керек», деді ол.
Ол екінші мәселе ретінде ауыл шаруашылығына берілетін несие жайын көтерді. Оның айтуынша, соңғы 10-15 жылдың көлемінде еліміздің ауыл шаруашылығына мол несие берілді. Бірақ сол ақшаның басым бөлігін ірі жер иеленушілері алды. Алайда, бұл несиелерді коммерциялық қаржы ұйымдары бергендіктен ол мақсатсыз жұмсалған. Осы орайда Д.Бабамұратов «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ секілді тек ауыл шаруашылығы мақсатында ғана несие беретін мемлекеттің қатысуындағы банк қажет деп есептеймін», деді.
«Үшінші мәселе,
жер жалға шетелдіктерге берілмесін деп айтып жатырмыз. Оның ішінде әсіресе, Қазақстанмен іргелес жатқан 5 мемлекетке берілмеуі керек. Халық күдіктеніп отыр, қауіптеніп отыр. Халықты күдіктенгені үшін айыптауға болмайды. Мәселе тек солтүстік, не болмаса шығыстағы көршіде емес. Сол сияқты, оңтүстіктегі Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарына да байланысты», деді ол. Бұған қоса, ол Франция, Дания сынды елдерден келетін инвесторларға мүмкіншіліктер қарастыру қажеттігін атап өтті.
Ал қоғам қайраткері, саясаттанушы
Дос Көшім ауылшаруашылық жерлерін қазақ азаматтары өздері-ақ игеріп кете алады деп санайтынын сөз етті.
Парламент Мәжілісінің депутаты
Артур Платонов Жер кодексінің жаңа түзетулері жергілікті жерлерде жете түсіндірілмегендіктен қоғамда үлкен дау туындағандығын айтты. Оның айтуынша, шенеуніктердің ешқайсысы, соның ішінде жергілікті жердегі билік өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Бұл жағдай халықтың заңнамалық бастамаларға деген сенімсіздігін тудырды. Сондай-ақ, А.Платонов еліміздің дамуын тежеуге тырысатын тараптар бар екенін алға тартты. «Бүгінде Қазақстанды өздерінің тауарларымен толтырып тастаған мемлекеттерге Қазақстанның өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы салаларында дамығаны өте тиімсіз екендігін неге ешкім тіс жарып айтпайды?! Себебі, ол елдер бізді тек тауар тұтынушы ел ретінде көргісі келеді», деді ол.
Саясаттанушы
Айдос Сарым Жер кодексін жетілдіру керек деген ойын білдірді. «Жер реформасы маңызды және онсыз болмайды. Атап айтқанда,
жер реформасын шешпей, әлемде түбегейлі тұрғыда экономикалық өсімді қалыптастырған ел жоқ». Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселені шешудің формуласы әртүрлі болуы мүмкін. Бұл ретте әрбір ел өзінің діліне, мәдениетіне, үстем тұрған қоғамдық пікірге сәйкес және өзге де жағдайға байланысты өзінің моделін құруы тиіс.
«Меніңше, бізге өзіміздің модельді табу керек. Бәрінен бұрын, егер де шетелдіктердің қатысуы алаңдатса, онда бұл мәселені шешу керек. Сонымен қатар, өзімізге де қатысты бағыттарды шешу маңызды. Бизнеспен айналысуға ниетті адамдарға байланысты мәселенің шешімін жасау қажет. Бүгін билік өкілдері барынша сабырлық танытты деп ойлаймын. Егер талқылаулар алдағы уақытта да осы арнада жалғасса, нәтижеге қол жеткізіледі», деді А.Сарым.
Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты
Азат Перуашев Қазақстанда жерді жекешелендіруге асықпау қажет деп санайды. Себебі, шаруалардың көбі оған әлі дайын емес. «Жекеменшік – нарықтық экономиканың негізі. Ауыл шаруашылығында оның салмағын бағалау тіпті мүмкін емес. Себебі, жалға алынған жерге банк несие бермейді, соның кесірінен дамуға қолбайлау болып отыр», деді А.Перуашев.
Сондай-ақ, ол егер жер жекеменшікте болса, оны нарықтық айналымға шығару оңай, қосымша қаражат көздерін табу да қиынға соқпайтынын айтты. «Жерді жекеменшікке берудің тетіктеріне және тәртібіне қатысты мәселелер бар. Мұнда біз кезең-кезеңімен жерді шенеуніктердің туыстары мен таныстарына емес, шын мәнінде жермен жұмыс істейтін адамдарға берілуін қамтамасыз ететін ашық механизмдер жасауымыз керек».
Қазақстанның Картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы
Қайрат Бисетаев жерді пайдалану бағытындағы мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын орынды деп есептейтінін жеткізді. Оның пікірінше, Жер кодексіне мораторийдің жариялануы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын кешеуілдетеді.
«Менің әріптестерім мораторийдің жарияланғанына қатты қынжылыс танытты. Бірақ бізге осынау бұрын-соңды болмаған мүмкіндік аясында өте салиқалы ортада осы мәселені талқылау бұйырып отыр. Менде осы мәселеде өте ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ауқымды тәжірибе мен пікір бар. Жерді сатып алуға мен дайынмын деп ойлаймын. Ауылда өте білімді адамдар жұмыс істеуде. Олар бұл салаға өте қыруар қаражат салып жатыр», деді Қ.Бисетаев.
Бұдан кейін де көптеген азаматтар сөз сөйлеп, олардың барлығы халық мүддесіне, еліміздің болашағына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Осы арада айта кетейік, алқалы жиын соңына таман сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі
Дәурен Абаев комиссия шешімдерінің халыққа дұрыс жеткізілетіндігіне уәде берді. «Жер – халқымыздың қазынасы. Оны бәріміз білеміз. Басты ұстанымды негізге алып жұмыс істейміз деген ойдамын», деді ол. Сонымен қатар, Д.Абаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жаңадан құрылғанын, жер мәселесі маңызды болғандықтан өзінің комиссия құрамына енгізіліп отырғандығын атап өтті. «Қазір барлығы ашық түрде өтуде. Журналистер осы жерде айтылған пікірлерді халыққа жеткізетіндігіне сенемін. Бірақ біз сөздің мән-маңызын ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан барлық мәселені талқылай отырып, қалың бұқараға мән-жайды түсінікті түрде жеткіземіз. Біз өз тарапымыздан осында қабылданған шешімдердің халыққа дұрыс жеткізілуіне бар күшімізді саламыз деп уәде береміз», деді министр.
Сонымен, жер реформасы бойынша республикалық комиссия отырысын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы
Бақытжан Сағынтаев қорытындылады.
«Менің ойымша, біз бүгін жақсы кеңес өткіздік. Шамамен 7 сағат үзіліссіз жиын өткізілді. 75 адамның 70-і қатысты. 5 адам дәлелді себептермен келе алмай қалды. Бір адам отырысқа қатысудан бас тартты, ол «Арлан» үкіметтік емес ұйымның төрағасы Макс Боқаев. Бірақ ол мүлдем келмеймін деген жоқ. Оның өз талабы бар, бірақ ол жеке сипатта. Алайда, оған біздің есігіміз әрдайым ашық», деді Б.Сағынтаев.
Бірінші вице-премьер одан әрі 7 сағаттың ішінде 63 адам сөз сөйлегенін айтты. Шектеу болған жоқ. Әркім өз ойын білдіріп, пікірін айтты.
Б.Сағынтаев жиын барысында түскен ұсыныстар негізінде комиссия жанынан түрлі салалар бойынша 4 жұмыс тобы құрылғандығын да хабарлады. «Біз енді комиссия жанынан 4 жұмыс тобын құрамыз. Олар – құқықтық, экономикалық, түсіндіру және қадағалау блоктары. Комиссия мүшелерінің ішінен осы топтың басшылары іріктеледі. Келесі комиссия отырысында біз осы блоктар бойынша жұмыс істейміз. Келесіде біз Қазақстан азаматтарына жер сату мәселесін көтереміз. Осы блок аясында келесі жиын өтеді. Біз өз жұмысымызды аяқтамайынша, әр сенбі сайын отырыс өткіземіз. Шамамен 5-6 отырыстан кейін, аймақтарға сапарлап, әкімдік жанынан құрылған кеңестермен талқылаулар жүргіземіз, олар біздің өңірлердегі филиалдарымыз ретінде жұмыс істейді. Әкімдіктерге барлығын жеткіздік, осы отырыстың барлық материалдары ұсынылады, стенограмма жасалды, тілшілер бүгін барлығын көрсетіп отырды. Біз өз мақсатымызға қол жеткіздік деп ойлаймын. Комиссия мүшелерінің барлығы ақылмен бір шешімге келуге мүдделі», деп атап өтті.
Б.Сағынтаевтың айтуынша, халықтың ұсыныстары ешқашан ескерусіз қалмайды. «Бүкіл Қазақстан халқының пікірлерін жинақтап, бір шешім шығарамыз. Ең бірінші, түсіндіру мәселесін қолға аламыз», деді комиссия төрағасы.
Жолдыбай БАЗАР,
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ