17 Мамыр, 2016

Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы

737 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстанның Германиядағы елшілігЖақында Қазақстанның Германиядағы елшілігі мен Еуропа қазақтары қоғамдастығының қолдауымен Кёльн қаласында Германия, Ұлыбритания, Франция, Венгрия, Австрия, Швейцария, Швеция, Дания, Норвегия, Нидерланд, Түркия, АҚШ елдеріндегі этностық диаспораның екі мыңға жуық өкілінің басын қосқан Еуропа қазақтарының кезекті кіші құрылтайы өтті. Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттық­тау жолдауын оқыды. Елбасы өзінің құттықтауында қазақ диас­порасын келе жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясының кағидаларына сәйкес, ана тілін сақтау және дамыту, мәдениет және ұлттық салт-дәстүрді, тарихи Отанымен бай­ла­нысты нығайту сияқты мәселе­лер­дің маңыздылығын атап өткен. Қазақстандық дипломат мемлекет тарапынан қазақ диаспорасын қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілгенін хабарлады. Мысалы, 2014 жылы Берлинде ашылған Қазақ мәдени-экономи­ка­лық орталығында қазақ әде­биеті­нің классиктері, қазіргі заманғы қазақ жазушыларының шы­ғар­малары, қазақстандық журналдар мен газеттер, оқулықтар, сөз­дік­тер, мемлекеттік тілді оқыту­ға ар­нал­ған оқу-әдістеме құрал­да­ры, со­нымен қатар, еліміз ту­ра­лы та­нымал электрондық өнім­дер ұсынылды. Осы материал­дар қазақ диаспорасының өкіл­дері үшін қолжетімді және үлкен сұ­раныс туғызып отыр. 2010 жылы Берлиндегі Гумбольд уни­вер­си­тетінің жанынан ашылған «Қазақ­стан және қазақ тілі» лектораты қазақ диаспорасының жастарына ана тілін үйренуге, Қазақстанның тари­хы­мен танысуға және қазіргі заман­ғы дамуынан ақпарат алуға мүм­кін­дік береді. Неміс тарапынан Бундестаг депутаты, қандасымыз Генрих Цертик сөз сөйлеп, Қазақстанда тұрып жатқан 800 мың этностық немістер үшін тарихи отанымен байланыстарды қолдау және дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол Германияда тұра­тын этнос­тық қазақтардың өзіндік ерек­ше­ліктеріне назар аударды. Г.Цертик неміс халқы қазақтардың оларды өз отбасына қабылдап, ажалдан арашалап қалғандарын ешқашан ұмытпайтынын, қашанда құрмет тұтатынын атап өтті. Еуропа қазақтары қоғамдас­тығының басшысы Абдул Каюм Кесичи өз сөзінде еуропалық отан­дастардың басқосуларын өт­кізу соңғы он жылда жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді. Оның басты мақсаты – өз елінің ұлттық мұрасы мен мәдениетін жастардың бойына сіңіру. Мұндай кездесулердің өз тарихи Отанынан алыста жүрген қазақтар үшін маңызы өте зор. Ең бастысы – осындай құрылтайлар отан­дастар үшін аса өзекті мәсе­ле­лерді талқылауға, оларды шешуге мүмкіндік береді. А.Кесичи Еуропада тұратын қазақтардың аты­нан өздерін жеке қолдауы және қамқорлығы үшін Елбасына алғысын білдірді. Құрылтай шеңберінде жастар арасында түрлі байқаулар, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, суреттер көрмесі ашылды, сонымен қатар, балалар мерекесі өткізілді. Таны­мал қазақ әншілерінің орын­дауын­дағы дәстүрлі және заманауи музы­калық шығармалар аталған шара­ға ерекше ұлттық нақыш берді. Жалпы, Еуропадағы қазақ қауымдастығы 7 мың адамның басын біріктіреді.