Алматыда Орталық қалалық қлиникалық аурухананың конференц-залында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық медбикелер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл медбике ісінің негізін салушы англиялық медбике Флоренс Найтингейл туғанына 196 жыл толып отыр. Төрткіл дүниеде аталып өтіп жатқан биылғы шара «Медбикелер – халықтың медициналық көмекке деген қолжетімділігін арттырып, әділдік үшін қызмет етеді!» ұранымен өтуде. Қазіргі таңда Қазақстанда 26 мемлекеттік және 37 жеке медициналық колледжде жыл сайын орта есеппен 12 мыңға жуық орта буын медқызметкер дайындалады. Бүгінде елімізде орта медперсонал саны шамамен 160 мың болса, оның 10 мыннан астамы тек Алматы қаласында денсаулық күзетінде.
Еліміздің мемлекеттік саясаттында алғашқы басымдық халық денсаулығын қорғауға бағытталған. Халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы – оның уақтылы көрсетілуі, алдын алу шараларының, емдеу мен қайта қалпына келтірудің дұрыстығы арқылы белгіленсе, бұл компоненттердің сәтті жүзеге асырылуының негізі – медбикенің еңбегі, оның кәсіби шеберлігі болып табылады. Бүгінгі күні медбике мамандардың әлеуметтік миссиясы ізгілік және мейірімділікпен ғана шектелмейді, олардың халық денсаулығын сақтауда, медициналық көмектің қолжетімділігі мен оңтайлылығын арттыруда маңызды орнымен белгіленеді.
Қоғамның ең басты байлығы – адам денсаулығы десек, осы құндылықты сақтауда сіздердің үлестеріңіз зор! – деп жиынды ашып, көбіне көп елене бермейтін медбике ісінің қиындығы мен жауапкершілігіне тоқталған Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов бірқатар ерен еңбегімен көзге түскен еңбек майталмандарын Алматы қаласы әкімдігі мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттарымен марапаттады.
Бір айта кетерлігі, аталмыш мереке қарсаңында қаланың медбике мамандары арасында үздіктерді анықтауда дәстүрлі түрде «Үздік маман-2016» кәсіби қалалық байқау өткізіледі. Биыл қатысқан 25 үміткердің арасынан сайыс жеңімпаздарын еліміздің медицина саласының ардагерлері Гүлшара Ғазизқызы мен Абабкова Майя Александровна «Үздік мейірбике», «БМСК үздік мейірбикесі», «Үздік акушер» және «Үздік фельдшер» номинациялары бойынша марапаттап, ақшалай, заттай сыйлықтар тапсырды.
Биылғы мерекенің ерекшелігі десек болады – аурухана алдында қатысушылар мен қонақтарды Алматы медицина колледжінің жүзге тарта студенті флэш-мобпен қарсы алып, дәлізде ОҚКА-ның медбикелері әр қатысушыға гүл шоғын сыйлады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»