17 Мамыр, 2016

Медбике – дәрігердің толыққанды серіктесі

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыда Орталық қалалық қлиникалық аурухананың конференц-залында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық медбикелер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл медбике ісінің негізін салушы англиялық медбике Флоренс Найтингейл туғанына 196 жыл толып отыр. Төрткіл дүниеде аталып өтіп жатқан биылғы шара «Медбикелер – халықтың медициналық көмекке деген қолжетімділігін арттырып, әділдік үшін қызмет етеді!» ұранымен өтуде. Қазіргі таңда Қазақстанда 26 мемлекеттік және 37 жеке медициналық колледжде жыл сайын орта есеппен 12 мыңға жуық орта буын медқызметкер дайындалады. Бүгінде елімізде орта медперсонал саны шамамен 160 мың болса, оның 10 мыннан астамы тек Алматы қаласында денсаулық күзетінде. Еліміздің мемлекеттік сая­саттында алғашқы басымдық халық денсаулығын қорғауға бағытталған. Халыққа көр­сетілетін медициналық көмек­тің сапасы – оның уақтылы көр­сетілуі, алдын алу шаралары­ның, емдеу мен қайта қалпына келтірудің дұрыстығы арқылы белгіленсе, бұл компоненттердің сәтті жүзеге асырылуының негізі – медбикенің еңбегі, оның кәсіби шеберлігі болып табылады. Бүгінгі күні медбике мамандардың әлеуметтік миссиясы ізгілік және мейірімділікпен ғана шектелмейді, олардың халық денсаулығын сақтауда, медициналық көмектің қолжетімділігі мен оңтайлылығын арттыруда маңызды орнымен белгіленеді. Қоғамның ең басты байлығы – адам денсаулығы десек, осы құндылықты сақтауда сіздер­дің үлестеріңіз зор! – деп жиын­ды ашып, көбіне көп елене бермейтін медбике ісінің қиын­дығы мен жауапкершілігіне тоқталған Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов бірқатар ерен еңбегімен көзге түскен еңбек майталмандарын Алматы қаласы әкімдігі мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттарымен марапаттады. Бір айта кетерлігі, аталмыш мереке қарсаңында қаланың медбике мамандары арасында үздіктерді анықтауда дәстүрлі түрде «Үздік маман-2016» кәсіби қалалық байқау өткізіледі. Биыл қатысқан 25 үміткердің арасы­нан сайыс жеңімпаздарын еліміз­дің медицина саласының ардагер­лері Гүлшара Ғазизқызы мен Абабкова Майя Александровна «Үздік мейірбике», «БМСК үздік мейірбикесі», «Үздік аку­шер» және «Үздік фельдшер» номи­нациялары бойынша марапат­тап, ақшалай, заттай сыйлықтар тапсырды. Биылғы мерекенің ерекшелігі десек болады – аурухана алдында қатысушылар мен қонақтарды Алматы медицина колледжінің жүзге тарта студенті флэш-моб­пен қарсы алып, дәлізде ОҚКА-ның медбикелері әр қатысушыға гүл шоғын сыйлады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»