* Әзілің жарасса...
– Тағы да қайталаймын!
Калашников автоматын сатып алыңыздар!.. Қымбат емес!
БІЗ БІЛЕТІН ГЕНЕРАЛ...
Шілденің шіліңгір ыстығынан қаталап шөл баса қояйын деп сыраханаға бас сұғып едім, демалыс күні емес пе, елім қарақұрым екен. Түп қуыстағы орындыққа тақап, жалғыз отырған ағайынға «бос па екен?» деп едім, үнсіз бас изеген болды.
Көпіршіп келген саптыаяқ сыраны сіміріп барып қарсы отырған ағайынға көз тіктесем... мәссаған, формадағы кісі – генерал майор... Әскерде болғанбыз, генералға ғана тән киім, жағасындағы жалпақ сары жапырақ, иығындағы нән бес тармақты жұлдыз көзіме оттай басылды. Генералмен мынандай жерде кезігемін деп кім ойлаған...
Е, бопты, заман өзгерді, қазір кім-кіммен кезікпей жатыр... Әрі-беріден соң генерал да пенде, мына аптап ыстық ол кісіні де осында айдап тыққан болар деп күрең сыраны сіміре отырып генералмен тілдесіп те қоямыз...
Аннан бір, мыннан бір әңгіме қозғалып отыр еді, генерал біреуінде: «Қуыс үйде қусырылып отыра бергенше осында кеп кең тыныс алғанды қалаймын!» деп қалды.... Қауашағыма «қуыс үйі несі? Өзі генерал!..» деген ойсымақ оралып, онысын қайта сұрап едім: «Баяғының екі бөлмелі тас қапасында ересек төрт жан тіршілік еткенімізге ширек ғасырдан асты!» деп түңіліс білдірді.
Іштей: «Ойпыр-ай, өзі генерал... мүмкін емес, біз білетін генерал атаулы», – деп ойлап:
– Саяжайыңыз мықты шығар? – деп қалыппын.
– Қайдағы саяжай, аты да, заты да жоқ! – дейді.
Көзімді уқалап барып генералымның үсті-басына қайта үңілемін... айна қатесіз генерал киімі...
Не керек, қызды-қыздымен әңгімелесе келіп, бұл кісінің байлық атаулыдан жұрдай екенін біліп: «Генерал басыңызбен!..» деп, «Біз білетін генералдар!..» деп әріге кетіп көсіліп отырғанымда бір жұпынылау киінген жігіт келіп әлгіге: «Папа, қызып қалыпсыз, үйге жүріңіз!» деп генералдың ішкен сырасының құнын әрең-пәрең төлеп алып кеткені...
Іштей: «Ойпырай-ә, мүмкін емес, біз білетін генералдар!..» деп отыр едім, қатарлас отырған азамат менің жаныма келіп жайғасып:
– Жаңағының генералдығына сеніп қалғансыз-ау! – дегені.
– Оу, көке, киімімен келіп отыр емес пе?! – деппін.
– Офицер екені рас, бірақ генерал емес, жай майор, – деп аңтарыла қараған маған: – Майор шенінде жүріп басынан жарақат алып ертерек отставкіге кетіпті... Содан бас жарақат айықпас дертке жалғасып, өзін «генерал-майор» шеніне жеткізіп алыпты... – дегені.
Бір сәт үнсіз қалып барып: «Е, бәсе, біз білетін генерал атаулы!..» деп дауыс көтере тоқтаппын...
Ерсұлтан МАҒЖАН
Алматы облысы
Медицина туралы айтсам!..
(Әжейдің әңкі-тәңкі әңгімесі)
Ефим СМОЛИН
Қарағым, терапевке менен кейін кіріп қаларсың. Алдыңда екі келіншек бар, кезек алды да жоқ болды...
Дәрігерге кірсең болды, ылдым-жылдым тез шығасың... өйткені олардың білетіні мардымсыз... Айып етпе, қай жерің ауырып келіп едің? Е, бас па? Не жеп едің? Баспен ойнауға болмайды, оның ішінде қатпар-қатпар ми орналасқан! Не ем белгілеп еді? Ине дейсің бе? Е, инені ана отыратын тұстан салған шығар? Бас қайда, ол тұс қайда... біздегілер өстіп емдейді. Институт бітірсе де бас пен жамбастың арасы сала-құлаш екенін білмей шығады олар.
Мұнда көзім ауырып келгенмін... Ауыратындай бөтен бірдеңке жемеген сияқты едім... Көз дәрігері сауатсыз ба, отырғызып қойып бітіретіндері алыстан әріптерді оқыту...
Анау келе жатқан дәрігер барып тұрған пәлекет! Өзі құлақ, тамақ және мұрын деген үш қызметті бірдей атқарады! Бірден үш жерде жұмыс істеу деген қай бір оңған іс бітірсін... Оған құлағым ызыңдап болмаған соң кіріп: «Бір құлағымнан Пугачеваның, біреуінен Киркоровтың айғайы кетпейді», десем: «Құлағыңыз дін аман, тек у-шуы көп үйіңізде құлағыңызға мақта тығып алыңыз», дейді.
Не, мені асықпай сипалап көрді дейсің бе? Е, бізді де жас кезімізде шешіндіріп тұрып сипалап көретін... Ал антұрғандар кей-кейде сәл-пәл қол тигізген болады да, одан соң көзіңше қолдарын сабындап тұрып жуатындарын қайтесің!
Ал сен ана психопатта болып па едің? Бірде, бірнәрсе жеп қойған болуым керек, жүйкем жұқарып келсем... отырғызып қойып тіземнен пергілесін келіп... содан екі ай ауруханаға аттап баса алмай қалғаным бар.
Тағы бірде аяғым ауырып, киіп жүрген отыз алтыншы топылиым аяғымды қысып ауыртып келсем... Негізі мен отыз тоғызыншы киетінмін... Оған: «Үш рәзмер арықтататын дәрі жазып бер десем», «Ол мүмкін емес!» деп азар да безер болады. Ал шетелде ондай дәрі бар деп естимін. Біздегі дәрілерді қалай жасайтынын білесің бе? Бізде алдымен дәріні ойлап табады екен де, оны тышқанға қолданып көреді екен. Тышқан өлмесе – онда ол біздерге де бұйырады екен...
Өткенде белім бастыртпай келсем, кеселді нәрсе жемеген сияқты едім... «Балаңызға беліңізді бастыртсаңыз құлан таза тұрып кетесіз», дейді мысқылдап. Әй, ит-ай, менің баламның жасы қырық екіде, салмағы центнердің о жақ, бұ жағы екенінен хабары жоқ-ау! Бұндайды «жатқаныңнан тұрмағыр!» деуші еді...
Е, әне терапевт келеді! «Саламатсың ба, Галина Степановна?!» Көрдің бе, саламыңды да алмайды! Ашулы, мүмкін ол да бірнәрсе жеп қойған болуы керек...
Одан әрі, бәрібір кіремін, бір ауруымды айтамын...
Аударған
Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН
* Шымшыма шумақтар
Сүйексіңді сырқат
Долларды оңды-солды бұрқыратқан,
Талайға айлық бермей шырқыратқан...
Жемқорлық сүйексіңді сырқат болды-ау,
Сыздатып тұла бойды сырқыратқан.
«Плюс» беске
Сырты сұлу, қырық жамау жүрегі,
Алақанмен аспан тіреп жүреді.
Адам тілін білген емес «екі» алып,
Ақша тілін «плюс беске» біледі.
Қу тіршілік
Қу тіршілік «көк қағазға» айналды,
Талай жұрттың қол-аяғы байланды,
Сол «көк қағаз» көк жүзіне ұшырған,
Көзін ақ шел қаптап жүрген байларды.
«Ұлы» адам
Тірісінде «жын адамы» атанды,
Қасқыр иіс «сұм адам» да атанды.
Өлген соң ұзақ жоқтау айтылып,
«Ұлағатты ұлы адам» атанды.
«Мусорға» төгілді
Бір той өтті думан жырлы көңілді,
Ақ дастарқан тәттілерге көмілді.
Барлығы да аста-төк,
Жұрт кеткен соң төбе болып «мусорға» әкеп төгілді.
Сүйеніші жоқтар
Қыл-көпір көп сүйеніші жоқтарға,
Үміт, күдік қатар түсер «көкпарға».
Қысқарту көп бұл заманда, қайтеді,
Табан асты «қарлы боран» соққанда.
Алма құрты
Бұйрықсыз жерден ұрттайсың,
Сыйлықсыз жерден сырттайсың.
Үңгіп жеуге келгенде,
Алмаға түскен құрттайсың.
Зал толтыру әдісі
Зал толсын деп жиынға,
Студенттерді айдап келді.
Лекциядан қиын ба,
Көздері күліп жайнап келді.
Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы
СОТТАҒЫ «СОЛАҚАЙ СӨЗ»
Сот жүріп жатқанда айыптаушы кінәліден:
– Театрға мас болып барғаныңызды мойындайсыз ба? – деп сұрайды.
Сонда айыпкер күмілжи:
– Мойындаймын... Сау болсам театрға жолап нем бар, – деп жауап беріпті.
* * *
– Айыпталушы мырза, сіз бұған дейін рұқсат етілмеген мәңгілік қартаймайтын дәрі жасап ұсталып па едіңіз?
– Иә.
– Нақтылап айтсаңыз?
– 1650, 1730 және 1861 жылдары...
* * *
Жас сот тәжірибелі қызметкерден ақыл сұрап отыр:
– Сот ісін қалай жүргізсем екен? Бір жағы 20 мың доллар ұсынып, қарсысы 30 мың бермекші?..
– Қарсы жақтың 10 мың долларын қайырып бер де, сот шешімін ұятыңа қалдыр...
* * *
Прокурор адам атқышқа қаһарлана зілденіп:
– Тапсырыспен адам атуға қалай ғана дәтіңіз барады! Адам ғұмыры сен үшін көк тиын ғұрлы болмағаны ма? Пенде атаулыны жек көресіз-ау, сәрі?
– Тіптен олай емес! Егер адамдар болмаса мен бейбақ жұмыссыз қалып, тентіреп кетпес пе едім!
Мүйісті жүргізетін
Берік САДЫР