өздері шешіп үйренгенде ұтымды
Кіші диқан ауылдық округінің аумағындағы Үлкен диқан және Кіші диқан ауылдары Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасына жақын орналасқан. Сұнатсай және Ашаноқы өзендерінің жағалауындағы бұл елді мекендер Алматы қаласынан 335-340, ал облыс орталығы – Талдықорғаннан 460-465 шақырымдай қашықтықта жатыр. Бүгінде осы екі ауылда үш мыңнан астам адам тұрады.
Кіші диқан – жер көлемі жағынан да, халық саны бойынша да Ұйғыр ауданындағы ірі ауылдық округтердің бірі. Кезінде көпшілік елді мекендер сияқты бұл ауылдардың да ұсқыны кетіп, тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мүшкіл тартқан. Дәулет құрдастың әзіл-шыны аралас «Жәутеңдеп шал мен кемпірдің қолына қарап қалдық» деп айтатынындай, сол жылдары зейнеткері мен мұғалімі бар отбасылардан өзгелері ақша дегенді қолдарына ұстамайтын. Күнделікті тұтынатын тауарлар – қант пен шай, ұн мен тұз, киім-кешек атаулыға малмен есеп айырысатын. Ал қазір бұл ауылдардың тіршілігі басқаша...
Аз деп те, көп деп те айтпайды
Еншісі ешқашан бөлінбеген Үлкен диқан мен Кіші диқанда көп қабатты екі орта мектеп, учаскелік дәрігерлік және фельдшерлік екі амбулатория, әр ауылда бір-бірден клуб үйі, кітапхана және пошта бөлімшесі бар. Табиғаты қаталдау әрі шалғайда орналасқан елді мекендердің қанағатшыл халқы үшін бұл нысандар аз деп те, көп деп те айта алмаймыз. Ең бастысы, олардың мүмкіндікке қарай жабдықталып, жұмыс істеп тұрғандығы.
Бүгінде мемлекет білім беру саласына, оның ішінде мектептердің заман талабына сай болуына ерекше назар аударып келеді. Бөлінетін қаражат та жыл өткен сайын арта түсуде. Жаңадан пайдалануға берілген және күрделі жөндеу жүргізілген білім беру мекемелері де аз емес. Шәкірттердің сапалы білім алуы үшін мектептерді қажетті құралдармен, түрлі ұйымдастыру техникаларымен қамтамасыз ету де бұрынғыға қарағанда жақсара түсті. Соның нақты көрінісін өзіміз сөз етіп отырған ауылдардағы мектептердің тыныс-тіршілігінен байқағандай болдық.
Үлкен диқан орта мектебі екі қабаттан, ал Кіші диқандағы М.Тайыпов атындағы мектеп үш қабаттан тұрады. Бұл білім беру мекемелерінің соңғысына осыдан екі жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Екі мектептің де жабдықталуы жақсы, алып бара жатқан аса өткір мәселелер де жоқ сияқты. Барлығы болмаса да, бірқатар сыныптар компьютермен қамтылған, оқушылардың интернетті пайдалануларына мүмкіндіктер жасалған. Оқушылардың спорт түрлерімен тұрақты айналысуы үшін секциялар жұмыс істейді. Мектеп жанынан «Балапан» бағдарламасы аясында шағын орталықтар ашылған.
Соңғы жылдары жалпы білім беру мекемелеріндегі білім сапасы Бірыңғай ұлттық тестілеудің нәтижесі бойынша бағаланып жүр. Осы жағынан алғанда, Үлкен диқан орта мектебінің ұжымы кішідиқандықтарға қарағанда, біршама жақсы нәтижеге қол жеткізіпті. Дәлірек айтқанда, ҰБТ қорытындысында М.Тайыпов атындағы мектептің көрсеткіші 67,1 балды, ал Үлкен диқан мектебінің көрсеткіші 77,6 балды құраған.
Білім беру мекемелерінде шешімін күткен мәселелер де бар. Соның негізгісі – Үлкен диқандағы екі қабатты мектептің оқу сыныптарын көбейту мақсатында ғимаратқа кейіннен жапсарлас салынған тағы бір ғимараттың жалғасқан жерінде саңылаудың пайда болуы. Саңылау уақыт өткен сайын үлкейіп бара жатса керек. Бұдан атқарушы органдар хабардар екен.
Ертеректе Кіші диқан ауылында 30 төсектік учаскелік аурухана жұмыс істеп келген еді. Басқасын айтпағанда, онда әйелдер босанатын бөлімше де бар болатын. Нарықтық экономика қыспаққа алып, қаржы тапшылығы тынысты тарылтқанда, салмақ аурухана ұжымының мойнына да түсті. Алдымен штат қысқартылды, одан кейін аурухана учаскелік дәрігерлік амбулаторияға айналдырылды. Енді жағдайы ауыр науқастар 100 шақырымдай қашықтағы аудан орталығы – Шонжының ауруханасына барып емделуге мәжбүр.
– Округ аумағындағы учаскелік дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пунктте барлығы 13 медицина қызметкері келушілерге қызмет көрсетеді, – деді Кіші диқан ауылдық округінің әкімі Ербол Әбішаяқов бізбен әңгімесінде. – Тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сондай-ақ, Үлкен диқандағы фельдшерлік пункттің қазандығы мен есік-терезелерін жаңартуға да мүмкіндік туды. Осылайша, онша күрделі емес кейбір мәселелерді өзіміз-ақ шешуге дағдыланып келеміз.
Қиын-түйіннің бірі – ауыз су еді...
Кіші диқан ауылдық округіндегі тұрғындардың ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан өзекті проблемаларының бірі әрі бірегейі – таза ауыз су еді. Рас, бұл екі ауылдың көнбіс халқы өзен суын өмір бойы ауыз су ретінде тұтынып келді. Оған үйренгендері соншалық, «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, ол еліміздің әр аумағында жүзеге асырыла бастаса да, «таза ауыз су керек» деп жоғары жаққа дабыл қақпады. Ақша сұрап аласармады, «қамтамасыз етуге тиістісің» деп тағы міндетсімеді. Бәрі ретімен болып, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Кіші диқан ауылында 14 шақырымдық су құбырын төсеу жұмысы қолға алынды.
Айта кетуіміз керек, оның құрылысын жобалау кезінде жіберілген қателіктерге байланысты пайдалануға берілген құбырдағы су қарашаның қара суығын көтере алмай, қатып қалмасы бар ма?! Мәселеге «Егемен Қазақстан» газетінің араласуына тура келді. Бас басылымда орын алған олқылықтарды талдап көрсеткен екі сын мақала жарияланды. Көктем келіп, күн райы жылынғаннан кейін кеткен кемшіліктер түзетілді. Қазіргі кезде кішідиқандықтар ұзақ жыл күткен таза ауыз суды тұтынып отыр.
Ал Үлкен диқан ауылы тұрғындарының да таза ауыз суды тұтынатын кезі жақын қалған сияқты. Округ әкімінің сөзіне қарағанда, ауылға су құбырын тартуға қатысты сметалық құжаттар әзірленіп болды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу 2017 жылға белгіленген...
Бұдан оншақты жыл бұрын осы Үлкен диқан ауылында коттедж тектес екі-үш қабатты үйлер мүлде кездеспейтін. Басқасын былай қойғанда, орталық көшенің өзі ойқы-шойқы, көрер көзге қораштау еді. Қазір жолдар тегістеліп, құм аралас қиыршық тас төселіпті. Екі, кейде үш қабаттан тұратын үйлер салына бастаған. Сыртқы көрініс-келбеті қалалар маңындағы елді мекендерде бой көтерген коттедждерге келіңкірейді.
Шалғай ауылдағы жан жылытар осы тірлікті сөз етіп тұрғанымызда, орталық көшемен жас жұбайлардың той салтанаты үшін арнайы безендірілген есік пен төрдей ақ түсті «Лимузин» автомобилі жоғары қарай өтіп бара жатты. Алғашында «қалаларда ғана кездесетін мұндай автомобиль бұл жақта қайдан жүр?» деген сыңайда таңырқап қалғанымыз рас.
– Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының жағдайы едәуір жақсарды, – деді Кіші диқан ауылдық округінің әкімі Ербол Әбішаяқов жаңағы жақсы көріністің мән-жайына қатысты. – Кейбір отбасылар ұл-қыздарының үйлену тойларына осындай автокөліктерді жалдайтын болды. Екіншіден, бұрын осы ауылға «Лимузин» тұрмақ, ұзындау жеңіл көліктердің өзі жете алмайтын. Кіші диқан мен Үлкен диқан аралығындағы бес шақырымдық жол күрделі жөндеуден өткізіліп, асфальт төселген соң, жол қатынасы проблемасы жойылды. Қазір екі аралықта көлік түрлері әрі-бері жүйткіп жүр. Тіпті, жаңа өздеріңіз көр
ген «Лимузиндер» де келе бастады.
Жол демекші, екі ауыл арасындағы жол қатынасының азабын онымен жиі жүретіндер де, келімді-кетімді қонақтар да әбден тартқан екен. Соңғы жылдары жолдың нашарлығына байланысты Үлкен диқан ауылына жолаушылар тасымалдайтын автобустар келуін тоқтатыпты. Жолды күрделі жөндеуден өткізіп, оған асфальт төсеу мәселесі әлденеше рет көтерілсе де, шешімін таппай келген. Оның кезегі ақыры 2014 жылы келді. Осы ауылдың тумасы, «Алматы жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жакулин Нұрғалиевтің аудан мен облысқа сұрау салып, іздестіруінің арқасында тиісті қаржы бөлінсе де, кейінге ысырыла берген жолға байланысты құжаттар қайта көтерілді. Қаржы да өз орнына қойылды. Сөйтіп, небәрі алты айдың ішінде бес шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жүргізілді, өмір бойы төселмеген асфальт төселді. Бұл құрылыс жұмыстарына жалпы көлемі 136 миллион теңге жұмсалған.
– «Алматы жолдары» серіктестігі, сондай-ақ, Үлкен диқан ауылындағы орталық көшені тегістеп, қиыршық тас та төсеп берді, – деді ауылдық округтің әкімі осы жөнінде. – Егер келесі жылға жоспарланған ауыз су құбырын төсеу құрылысы белгіленген уақытта басталатын болса, ол толықтай пайдалануға берілгеннен кейін ауылдың барлық көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі және асфальтталады. Көпшілікке ортақ бұл және басқа іс-шаралардан ауыл тұрғындары да сырт қалмайды. Өйткені, үлкендиқандықтар – өте ұйымшыл.
Табыс көзі – төрт түлік
Бұрындары осы елді мекендер халқы егін және мал шаруашылығымен қатар айналысатын. Ал қазір төрт түлік мал өсірушілер мен бау-бақша баптаушылар қатары еселеп көбейе түсіпті. Себебі, олар үшін мал, жеміс-жидек, көкөніс түрлерін өсіріп, оны саудалау тиімді әрі пайдалы. Бүгінде ауылдық округтегі ірі қара саны – 4 900 басқа, қой-ешкі 50 350-ге жеткен. Кезінде ұжымшарда ферма меңгерушісі болып істеген, бүгінде зейнеткер Иманқұл Байтілеуовтің айтуынша, соңғы он бес-он алты жыл ішінде екі ауылдағы мал саны екі еседен астамға көбейген.
Округ аумағында 90-ға жуық жеке шаруа қожалығы бар екен. Олардың барлығы бірдей өз шаруаларын дөңгелетіп алып жүр деп, әрине, айта алмаймыз. Дегенмен, бір қуанарлығы, қожалықтардың көпшілігі нарықтық экономикаға бейімделе бастаған. Мысалы, Ботан Шормақовтың «Шормақ», Валипжан Айсаровтың «Ашаноқы», Гүлжанат Алтыбаеваның «Саят», Сәрсенбай Әбішаяқовтың «Өрнек», Амангелді Қазиевтің «Мұрагер» шаруа қожалықтары төрт түлік мал өсірумен қатар, егін де егеді, алма және басқа жеміс ағаштарын өсірумен де айналысады. Бұл шаруа қожалықтары алдағы бір-екі жылда «Апорт» бағдарламасы бойынша алма бағының көлемін 40 гектарға, өрік ағашы бағының көлемін 10 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр екен.
Өз проблемаларын өздері шешіп үйренген шалғайдағы еңбекқор ауыл адамдары туып-өскен өз ауылдарының болашағына зор сеніммен қарайды. Мал басын асылдандыру, егістік алқаптарды ұлғайту, қызмет көрсететін нысандар қатарын көбейту мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Мысалы, биылғы жылы алматылық «Алма әлемі» ЖШС-нің инвестициялауымен 530 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелініп, бордақылауға қойылады. 2018 жылға қарай асыл тұқымды ірі қараның саны 3 мың басқа жеткізілмек көрінеді.
Бұл жақтың табиғаты қаталдау. Сол себептен мұнда сусыз егін шаруашылығын да, өсімдік шаруашылығын да дамыту мүмкін емес. Әкімдіктегілер оның да ретін таба біліпті. Қазіргі кезде Кіші диқан ауылының аумағында көлемі 50 гектарды қамтитын су қоймасы салынып жатыр. Ол пайдалануға берілген жағдайда, суармалы егістік көлемін 3,2 мың гектарға дейін жеткізуге болады. Алдағы жылдары осындай су қоймасын Үлкен диқан ауылының аумағында да салу жоспарланған. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жұмыс істеп тұрған екі тойхананың, жеті сауда нүктесінің, дәріхананың, ағаш өңдеу цехының қатарына енді шағын наубайхана мен техникалық қызмет көрсету орталығы қосылатын күн алыс емес.
– Ауылымызда мал ұстамайтын отбасы жоқ. Хал-қадерінше оның санын көбейту жағын қарастыруда, – деді сөзге араласқан «Ашаноқы» шаруа қожалығының төрағасы, үлкендиқандық Валипжан Айсаров. – Өйткені, бүгінде төрт түлік мал біздер үшін негізгі табыс көзі болып отыр. Кейбір ауылдастарымның бағымындағы қой-ешкі саны бір мыңнан асып жығылады. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр бағып отырғандар да бар. Жеңіл автомобилі жоқ отбасылар некен-саяқ. Бірақ, ең қиыны – осы төрт түлік малды өз бағасына саудалау және оның өнімдерін өткізу.
Еліміздегі шалғайда орналасқан елді мекендер тұрғындарының көпшілігі төрт түлік малын пұлдап, күн көріп отырғаны рас. Жыл он екі ай бағып, жем-шөбіне, тағы басқасына біраз қаражат шығындаған адам одан пайда көруі де тиіс қой. Ал Валипжан Айсаров айтқан мәселе төрт түлік мал өсірумен айналысатын көптеген шаруа қожалықтарының, өзге де жұрттың барлығына ортақ әрі бұрыннан келе жатқан проблема десек, қателесе қоймаспыз. Бұл проблеманың қалай және қашан шешілетінін айту қазірше қиын.
Ағалар аманатына адалдық
Үлкен диқан ауылында 2013 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, сондай-ақ, одан кейінгі жылдары осы ауылдық округте жұмыс істеген, қазіргі кезде өмірден озған соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған еңселі ескерткіш орнатылды. Сұрапыл соғыста ерлік, бейбіт өмірде ерен еңбек үлгісін көрсеткен ардагер аталарымыз бен апаларымыздың есімдері мәрмәр тасқа қашап жазылған ескерткіштің ашылу салтанатына «Егеменнің» тілшісі ретінде біз де қатысқан едік. Міне, сонда бір округтегі екі ауыл – Үлкен диқан мен Кіші диқанда тұратын қазақ пен ұйғырдың достық-ынтымағы, береке-бірлігі, өзара құрметі мен сыйластығы ерекше сезіліп тұрды. Алыс-жақыннан арнайы келген ардагерлердің ұрпақтары бір-бірімен құшақ айқастырып, тіпті, кейбіреулері көздеріне жас алып та жатты.
Осы көңіл толқытар көріністі еске алып отырғанымыздың себебі, елімізде берік орныққан этносаралық келісім мен ынтымақтың қаншалықты қымбат екеніне сәл де болса назар аударту. Осы ынтымақ пен бірліктің арқасында аудан орталығы – Шонжыда да жоқ еңселі ескерткіш бой көтерді. Оған жергілікті бюджеттен ешқандай да қаражат бөлінген жоқ. Барлық шығынды осы екі ауылда туып-өскен, қазіргі кезде осында тұратын және бүгінде еліміздің әр аймағында еңбек етіп жүрген осы елді мекеннің тумалары ұйымшылдық танытып, көтеріп алды. Ана бір жылы Үлкен диқандағы 60 адам еркін сыятын имандылық үйі – мешітті де өздері осылай салып алған болатын.
Бұл ауылдарда әлемнің көпшілік елдеріндегі халықтарға арман болған өзара достық пен сыйластық бұрыннан қалыптасқан. Сол достық пен сыйластық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мысалы, қазір бұл өмірде жоқ Мырқасым Оразалиев пен Важит Тавакиловтің, Абдрахман Жеделақынов пен Авакри Сабировтың, Керімақын Мұхамеджанов пен Үсейін Нұрымовтың достығы, сыйластығы қандай еді, шіркін!
Олардан кейінгілер – Амангелді Әбдіқайыров пен Задалин Сағатовтың, Ерғабыл Байғабылов пен Зәйндин Пәхирдиновтің, Дәулет Нүкенов пен Маркин Мұсаевтың, Амангелді Рақыжанов пен Әділжан Хамраевтың достығы ше! Міне, осы азаматтардың өзара сыйластығын кейінгілер үлгі-өнеге тұтып, жалғастырып келеді және әрі қарай да жалғастыра бермек.
– Біз қоғам қайраткері Заманбек Батталханов, Халық қаһарманы Мөрдін Тайыпов, бес орденнің иегері Сәлім Шормақов, жазушы-ғалымдар – Мәкен Тойшыбеков, Сәйден Жолдасбаев, Илья Бәхтия, Нұрлан Оразалин сияқты ағаларымызбен де мақтана аламыз, – деді бізбен қоштасарда Кіші диқан ауылдық округі жанындағы қауымдастықтың мүшесі Ерлан Ильясов.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы
Суреттерде: Кіші диқан ауылдық округінің әкімі Ербол ӘБІШАЯҚОВ. Кіші диқан ауылында соғыс ардагерлеріне орнатылған ескерткіш. Фельдшерлік-амбулаториялық пункттің сыртқы көрінісі осындай. Кіші диқан мен Үлкен диқан арасындағы жолды салған құрылысшылардың бір тобы