Минск қаласындағы Белоруссия мемлекеттік мәдениет және өнер университетінде «Фольклор: таным, қабылдау, сақтау проблемалары» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Бесінші рет шақырылған форумға Белоруссия, Қазақстан, Ресей, Польша, Литва мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі этнографиялық мәдениетті сақтау, зерттеу және қабылдау мәселелеріне қатысты атқарылып жатқан істермен таныстыру құрметіне ие болды. Ансамбль жетекшісі Руслан Қойшыбаев өз баяндамасында қазақ фольклорының рухани маңызы жайында әңгімелеп, ұлттық музыка аспаптарының ерекшелігін талдап көрсетті.
Гала-концертте қазақ композиторларының ең үздік шығармалары орындалып, дарқан даламыздың, қазақ жерінің жүрек соғысы естіліп тұрды. Жұртшылық, әсіресе, Абылай ханның «Қара жорға», Ақан серінің «Балқадиша», Е.Үсеновтің «Сырлы Көкше» шығармаларына айрықша құрмет көрсетті.
Этноауылдағы көрмеде қазақ өнері мен көне музыкалық аспаптарына ден қоюшылар көп болды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы