Жақында Мәскеу қаласының Кино үйінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмір жолы туралы баяндайтын «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімі болып табылатын Сергей Снежкиннің «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Жаңа кинотуындының алғашқы ресейлік көрермендерінің арасында танымал саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер саласының өкілдері, Ресей киносының шеберлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары және студенттері, соның ішінде қазақстандық студенттер болды.
Фильм тұсаукесері алдында түсіру тобы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ресей кинематографистер одағының төрағасы Никита Михалков, фильм режиссері Сергей Снежкин, продюсер Вячеслав Тельнов, актерлер Берік Айтжанов, Игорь Угольников және басқалардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Режиссер Сергей Снежкин Ресей көрермендеріне Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы кинотуындының бесінші бөлімін түсіру жұмысы туралы баяндап берді.
– Бұл фильм үш сағатқа созылған үлкен эпикалық туынды. Осынау қатпары қалың күрделі шығарманы біз орыс-қазақ-неміс-корей ұжымы болып, америкалық, ағылшын, қытай және араб актерлерінің көмегімен екі жылға жуық уақыт бойы түсірдік. Бұл жұмыс – біздің мақтанышымыз. 26 сәуірде Астанада өткен тұсаукесер рәсімі мені қатты қуантты, өйткені қазақстандық көрермендер туындыны өте жылы, қызығушылық таныта отырып, тамаша қарсы алды. Біздің еңбегіміз зая болмай, қазақ халқының жүрегінен өз орнын тапты деген сөз. Менің ақпаратым бойынша, фильм көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, Қазақстанда қызу талқыланып жатыр. Яғни, көркем фильм ешкімді де селқос көзқараста қалдырмайды, – деді Сергей Снежкин.
– Бұл жұмыс менің Қазақстанға, оның халқы мен Президентіне деген ыстық сезімдерімнің дәлелі болып табылады. Фильмнің басты мақсаты – қазақ туралы аңыз жасау, қазақтың көркем образы мен мінез-құлқын суреттеу. Және дәл осы жағдайда біз кейіркер етіп алған қазақтың бүгінде қызмет етіп жатқан мінезі таңғаларлықтай терең, санқырлы, үлгі аларлықтай нақты тұлға екендігі біз үшін үлкен сәттілік. Нұрсұлтан Әбішұлы – ниеті ақ және өте адал адам, – деп қосты режиссер. Ол «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің төрт бөлімнен тұратын кеңейтілген телевизиялық нұсқасы да жарық көретіндігін қаперге салды.
Басты рөлді сомдаған Берік Айтжанов туындыны түсіру барысында өте қатты толқығанын тілге тиек етті.
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев рөлін сомдау мен үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік болды. Бүкіл түсіру тобын, соның ішінде біздің актерлеріміздің жаңа мүмкіндіктерін ашқан Сергей Олегович Снежкинге зор алғысымды білдіремін, – деді ол. – Мен үшін Елбасын ойнау үлкен мәртебе екендігін қайталап айтқым келеді. Нәтиженің қаншалықты жақсы болып шыққандығын білмеймін, алайда, біз қолымыздан келгеннің барлығын істеуге тырысып бақтық.
Журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы «Көшбасшы жолы» кинотуындысының 1996 жылы Қазақстанның жаңа елордасын – Астана қаласын салуға арналатын алтыншы бөлімін түсіру жоспарларымен бөлісті.
Бұған дейін болашақ Елбасының балалық, жасөспірім және жастық кезі туралы Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны», «От өзен», «Теміртау» және «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмдері жарық көрді.
Бесінші бөлімнің түсірілімдері 2015 жылдың маусымы мен 2016 жылдың қаңтары аралығында жүргізілді. Фильмнің негізгі оқиғаларының бірі – 1989 жылы орын алған шахтерлер бүлігі Қарағандыда түсірілсе, Астана маңында Горбачевтің егінді алқапқа келуі түсірілді. Қызықты ақпарат: 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиғасы қысқы Санкт-Петербургте түсірілген болатын. Бұл эпизодты түсіруге 600-ден астам адам қатысты.
«Егемен-ақпарат»