19 Мамыр, 2016

«Қырғыз, қазақ – алаштан...»

1189 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ERA_5316(Қос ұлттың рухани тұлғаларын зерттеуші, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы ізденісі хақында) Менің қазақ әдебиеттанушы ғалымдарымен аралас-құралас болып келе жатқаныма қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Жап-жас кезімде қырғыз және қазақ әдебиеттерінің байланысы жөнінде кандидаттық диссертация қорғау мақсатымен Алматыға жиі баратынмын. Көп уақыт бойы қатар қоныс тепкен екі елдің арасын жол қылған сапарларым кейін жеміс-мәуесін берді. Ұзақ жыл Шыңғыс Айтматов шығармашылығын, қырғыз әдебиетінің қазақ және түркі халықтарымен сабақтастығын зерттеп, бірнеше ғылыми еңбек жазып, бүгінде егіз жұртқа қадірлі, Алатаудың екі жағына бірдей танымал азаматқа айналдым. Бұл үшін Жаратқанға тәубе деймін! Қазақ туғандар әлі күнге дейін Алматы мен Астанада, өзге де өңірлерде өтетін ғылыми жиындардан қалдырған емес. Қазақстанда мен топырағын баспаған аймақ сирек. Біздің қырғыз еліндегі Халықаралық Айт­матов акаде­миясының құрамына бірқатар қазақ ғалымдары да енген. Оларды іріктеу кезінде қырғыз және қазақ әдебиеттеріне ортақ мәселелерді қарастырған зерттеу еңбектері ескеріледі. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы ғылыми қоғамдық ұйымға Дихан Қамзабекұлы да қабылданды. Себебі, ол – Алаш дәуірін, ағартушылық кезеңді зерттеуші. Қырғыз зия­лылары да осы ағартушылық үрдістен шет қал­ған жоқ. Дихан Қамзабекұлы – тек қазақ әде­биетінің тарихындағы ағартушыларды ғана емес, жалпы Орталық Азия өңіріндегі ағартушылықтың қоғамдағы, әдебиеттегі, мәдениеттегі орнын айқындап, мағынасын терең ашып берген ғалым. Талай жыл бойы «Қазан төңкерісіне дейін қазақтар мен қырғыздар сауатсыз, қараңғы қалпында қалған, әдебиетіміз бен жазуымыз сол төңкерістен кейін пайда болған» деген теріс түсінікті, ғылымға жат көзқарасты малданып келгеніміз көпке мәлім. Ғалым Дихан Қамзабекұлы – көптеген тың дерек, маңызды мәлімет табу арқылы бұл көзқарасты теріске шығарған зерттеушілердің бірі. Кеңестік дәуірде түрен түспеген дүниелерді қарастырып, жаңа жоба, тың тұжырым ұсыну Дихан еңбек­терінің басты қағидасы дер едім. Мұның бәрі қазір қалың жұртшылықтың игілігіне айналды. Дихан Қамзабекұлы елі мен жұртын сүйген, отаншылдық тақырыпты қозғаған, ұлттың сана-сезімін оятқан тағылымды шығармаларды дүниеге әкелген Алаш қайраткерлерінің әдеби және публицистикалық мұрасын қарастырды. Алаш ақын-жазушыларының арман-тілегі, мақсат-мұраты жинақталған озық идеялардың мәнін ашып көрсетті. Дихан Қамзабекұлы қазақ, өзбек, қыр­ғыз, түрікмен, ұйғыр, татар, башқұрт ұлты мен османлы түріктері мемлекеттік тұлғаларының және шығармашылық өкіл­дерінің тағдырына терең үңілді. Қазақ ғұламасы Ахмет Байтұрсынов пен қыр­ғыз ақыны Қасым Тыныстанов аға-інідей сыйлас, әріптес, тағдырлас болғаны баршаға белгілі. Білімі көл-көсір Ахаң Қасым Тыныстановқа шығармашылық тұрғыдан зор ықпалын тигізген. Қасымның алғашқы жырларынан оның Алаш идеясына берілгендігі айқын аңғарылады. Ағартушылық бағдардағы мұраларында қазақ пен қырғызға ортақ мұрат айқын байқалады. Дихан Қамзабекұлының бұл мәселе бойынша көзқарасы қырғыз әдебиеттанушыларының ой-тұжырымдарымен берік үндеседі. Диханның еңбектерінде қырғыздың көрнекті ағартушы-қаламгерлері Ишанғали Арабаев пен Қасым Тыныстановтың есімдері жиі аталады. Мәселен, оның 1997 жылы шыққан «Руханият» атты кітабындағы «Қазақ білімпаздардың тобы (съезі)» зерттеуінде 1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда өткен тұңғыш ғалымдар жиынына Түркістан Республикасынан Халел Досмұхамедұлы мен Ишанғали Арабайұлы делегат болып барғаны деректермен дәлел­деніп жазылған. Ишанғали осы басқосуда жиналыстың топ басқармасы құрамына сайланыпты. Съезді құттықтап, сөз сөйлеген. Ол жиын мінберінен: «Түрік қауымының ішіндегі алдыңғы мәдениет басқышында деп саналатын Ғұсман түріктері әдебиет жүзінде адасып кетті. Емле сәйкессіздігіне байланысты Анатол түріктері Ыстамболда жазылған кітаптарды оқи алмай отыр... Өте орысшыл болып, дайын тұрған орыс әдебиеті, орыстың ғылым тілдерін алып жүре берсек, үлкен адасқан боламыз. Соны естен шығару жарамайды», депті. Сондай-ақ бұл съезде алыста жүрген аға­йынға көмек көрсету мәселесі де қозғалыпты. Осыған орай сөз алған М.Тұрғанбайұлы Ресейде, Қытайда, Моңғолияда тірші­лік етіп жатқан қазақтардың жайын айтқанда, оны қолдап әрі толықтырып пікір білдір­ген Ишанғали Арабайұлы съезд басшылығынан сол ұсы­ныс жөнінде арнайы қаулы шығаруды сұрапты. Диханның осы мақаласында мынадай жолдар бар: «Жиын бітерде мінберге Түркістаннан келген уәкіл И.Ара­байұлы көтеріліп, съезді межелеген жұмысын мақсатына жет­кізуімен құттықтап, күні ертең бұл қаулыларды іске асыру барысында ел мүддесін жоғары қойған әрбір азаматтың күш-жігер жұмсайтынына сенім білдірді». Бұл деректі бүгінгі қырғыз зия­лылары да құрметпен қабыл алады. Ал қазақ ғалымының «Тағдырлар сапырылысында туған «Талап» деген мақаласы­нан Ташкентте 1922 жылы негізі қаланған «Талап» қауымының басқарма мүшелігіне Мұхамеджан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов, Иса Тоқтыбаев сынды Алаш арыстарымен бірге, Қасым Тыныстановтың да сайланғанын көреміз. Дихан Қамзабекұлы Орталық Азияда тұңғыш құрылған бұл ұйымның жарғы­сын мұрағаттан тауып ұсынған. Сол құжатта қа­зақ-қырғыз халқының тарихы, мәдениеті, тілі мен әдебиеті жөніндегі мәселелер жан-жақты қамтылған. «Қазақ-қырғыз» деген ол тұстағы қазақ халқының атауы десек те, Қасым Тыныстанов өкілдік еткен ұйымның осы құжатының қырғыз жұртына да тікелей қатысы бар екендігі күмән тудырмайды. «Талап» қауымына қырғыз халқынан тек Қасым Тыныстанов қана емес, жоғарыда аты аталған Ишанғали Арабайұлы да мүше болған. Диханның дерегіне жүгінсек, бұл қауым 1923 жылы Алматыда бөлімшесін ашқан кезде сол құрылымда Б.Сүлейұлы, Қ.Басымұлы, Ж.Бәрібайұлы. Ш.Сарыбайұлы сияқты қазақ қайраткерлерімен бірге қырғыз И.Арабайұлы, ұйғыр А.Розыбақиев қызмет істеген. Дихан Қамзабекұлы 2002 жылы шыққан «Алаш және әдебиет» атты монографиясының «Түрік халықтарының отаншылдық ізденісі һәм елшілдік әдебиеті» атты тарауында «20-жыл­дары әдебиетте Шығыстың жарқын жұлдыздары деңгейіне көтерілген қазақ Мағжан Жұмабайұлы, Бернияз Күлейұлы, өзбек Фитрат, Чулпон, қырғыз Қасым Тыныстанов, Садық Карачев, татар Такташ, Бурнаш, Кави Наджми, әзірбайжан Тахир, Зергяр, Мехди Гусейн, түрікмен Аллакули Қараханов, т.б. шы­ғар­маларында түріктің өр шағын еске алып рухтанады, Шығыс пен Түркия Батыстың езгісіне түсіп қиналғанда, оларға жырымен көмек қолын созады» деп жазды. Бұл оның өз тақырыбын туған әдебиетінің төңірегінде ғана шектемей, онымен рухтас туысқан халықтардың шығар­машылығымен берік сабақтастыра алғанын айғақтайды. Мәселеге «алаштану» және «ағартушылық» ұғымдары тұрғысынан ден қойған ол осы кезеңдегі түркі халықтарының тыныс-тіршілігі туралы мол мәлімет жинаған. Ғалым аталған еңбегінде Қасым Тыныс­танов­қа «өз ұлтын алаштың бір тармағы деп есептеген қырғыз зиялысы» деп баға беріп, оның «Алашқа» деген өлеңінен мынадай үзінді келтіреді: ...Бир убакыт кара туман алды шулап, Өткөнгө жете алмадык колду булгап. Көздөн жаш, жондон таяк арыган жок, Сагындык замананы өткөн жыргап. ...Алашым, кандай эди бурунгу шак, Ол кандай кара туман ортагы тап? Бул заман – окуу-билим заманасы, Иске кир, белиңди буу, бекем устап! Ұлтты мұратқа жеткізер бағыт іздеп, дағ­­дарған елге тығырықтан шығудың жолын көрсетіп, білім алуға, сананы оятуға үндеген ақынның идеясы сол тұстағы қазақ ағартушыларының ой-тұжырымынан алыс кете қоймайды. Дихан Қасым Тыныстанов туындыларының Мағжан Жұмабаев, Жүсіп­бек Аймауытұлы шығармашылығымен үйлесетін тұстарын атап көрсетеді. Қырғыз ақынының «Жаштарга» («Жастарға»), «Калемге» («Қаламға»), «Шакирт» («Шәкірт») атты өлеңдерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне шеберлікпен талдау жасайды. Сонымен қатар, Дихан Қамзабекұлы Халықаралық Түркі академиясының Алаш дәуірін зерттеп-зерделеуге арналған жобасы бойынша Қасым Тыныстанов шығар­машылығы туралы тұтас тарау жазып, екі елдің әдебиеттану ғылымы үшін елеулі еңбек сіңірді. Қырғыз ақыны өлеңдерін қазақша жолма-жол, сөзбе-сөз аударды. Әзірге қазақ жұртындағы Қасым Тыныстанов мұрасының жалғыз зерттеушісі Дихан Қамзабекұлы екенін айта кетуді парыз санаймыз. Осы ретте алаштанушы «қазақтың «Жаңа өріс» газетінде Қасым шығармалары жиі басылған» деп қырғыз ғалымдарына дерек көзін ұсынып кетеді. Және бір тұста қазақтың классик жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлының «Елес» атты әңгімесі мен Қасымның «Калемге» атты өлеңінің идеялас екенін жазады. Оның мәні – «Не толғандырады, соны жаз!». Сондай-ақ, қырғыз үшін нәубатты 1916 жылы ұлтпен бірге Қ.Тыныстанов та Шығыс Түркістанға (Қытай жаққа) амалсыз ауғаны бар. Осы мәселені Д.Қамзабекұлы: «Қазақ пен қырғыздың 1916 жылы жазалаушы отряд теперішінен Қытайға ауу оқиғасы, оған арашашы болған Алаш зиялыларының еңбегі» деген оймен айтып өтеді. Сол жолы Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ қайраткерлері қырғыздарды еліне қайта алып келуге көп күш жұмсаған және осы үшін арнайы қаржы жинаған. Дихан бізбен кездескенде әрдайым «осы екі халықтың достығын көрсететін тарихи оқиғаны еске түсіретіндей ескерткіш орнату керек» деген ұсыныс жасап жүр. Қазақ ғалымының «Қазақ-қырғыздың тұңғыш жәдитше «Әліппесін» әзірлеушілердің бірі, «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарына қырғыз хақында материал жазып тұрған белгілі қаламгер Ишанғали Арабайұлы да 20-жылдары халық ағарту саласында қызмет жасап, қиын шақта Манас жұртына білім-ілімімен, қаламымен жәрдемдесе алды» деген тұжырымы біздің мемлекетіміздің зиялы қауымы үшін аса қымбат. Д.Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» атты монографиясында Ишанғалидың қазақ Хафиз Сәрсекеұлымен «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде бірлесіп даярлаған «Қазақ уә қырғыз балалары үшiн осул саутия илә жазылған әлiппе яки төте оқу» атты оқулығын (Мөрәттиб уә нәшәрләрi: Мәдрәсә-и Ғалиядағы қырғыз уә қазақ шәкiрттерi. Құрастырған Ишанғали Арабаев және Хафиз Сәрсекеев. – Уфа: Шарқ мәтбәғәсi, 1911) ерекше бағалай отырып, төмендегідей тұжырымдама жасайды: «Мұны И.Арабайұлы мен Х.Сәрсекеұлы құрастырса да, аталған еңбек «Ғалияның» қазақ-қырғыз шәкiрттерiне ортақ дей аламыз. «Әлiппе, яки төте оқу» – тiл, әдебиет, тарих, этика, практикалық арифметика, шетел тiлi (араб) мәселелерiн арқау еткен қазақ-қырғыз тiлiндегi алғашқы жәдит оқулығы едi. Осы оқулықтың мақсатын iске асыру барысында «Садақ» журналы дүниеге келдi деп есептеймiз». Біздіңше, қазақ-қырғыз рухани байланыстарының осындай терең сырлары бар. Кезінде «Садақ» қолжазба журналы туралы марқұм профессор Тұрсынбек Кәкішевтің тыңғылықты зерттеу жүргізгенін жақсы білеміз. Қырғыз зар заман поэзиясының (заман ырчылары) айтулы өкілі Молда Қылыштың (Қылыш Шамырқанұлы) бір толғауында «Кыйла сөздү чыгарма: Кыргыз, казак – алачтан» деген тіркес бар. Бұл – қазақтың да, қырғыздың да түбі алаш екендігін айғақтайтын тұжырым. Осы тұрғыдан алғанда, Алаш дәуірін зерттеу арқылы қырғыз бен қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Айт­матов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы бауырымның маңызды еңбегі тек қана құрметке лайық деп санаймын. Абдылдажан АҚМАТАЛИЕВ, Қырғыз Респубикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, халықаралық Айтматов академиясының президенті  Бішкек