21 Мамыр, 2016

Жер күтімді қажет етеді

229 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Виктор ХильниченкоШаруа адамы бол­ған­дықтан бүгін­де жалпы­ха­лық­тық талқы­лауды, ой қосуды қажет етіп отырған жер мә­селесі мені де қатты тол­ғантуда. Негізі «Не ексең соны орасың» деген сөз бекер айтылмаған. Сон­дықтан ықы­лым заманнан бері адамзаттың асырау­шысы болып келе жатқан жер-ананы өз кезегімізде дұрыс пайдаланып, келер ұрпақ өкіліне өткізу перзенттік парызымыз деп санаймын. Біз дала төсінде еңбек етіп ыстыққа да, суыққа да төзіп, жел мен жауын-шашынға шыдап маусымдық жұмысымызды үзбей жүрген жандармыз. Нақтылы жұмысымызды біліп, сол еңбектің өтеуін көріп те жүрген жайымыз бар. Шаруашылығымызда 39 мың гектардан астам жер бар. Жетісудың төл дақылы қант қызылшасынан бастап, егін шаруашылығының жұмысын дөңгелете жүргізуде 5 бригада жұмыс істейді. Оның сыртында 1,5 мың бас ірі қара, 7 мың бас қой, 300 бас жылқы малын да бағып өсірудеміз. Құдайға шүкір, жұмысшыларымыз түрлі этнос өкілдерінен құралса да бір үйдің баласындай тату-тәтті, ең бастысы, түсіністікпен еңбек етуде. Негізі айтайын дегенім, жер қыртысын жыртып түрлі өнім ектіңіз бе күтімдеуді де ұмытпаңыз. Бар екен, кең екен деп жерді бей-берекет тілгілей беруге болмайды. Не нәрсенің болсын сұрауы бар екендігін әсте ұмытпаған ләзім. Сондықтан жайылымдық жерді бүлдірмей төрт түлік­ті еркіне жіберіп пайдаланудамыз. Ал тәтті түбірді гектарлап еккен соң сол жерді келесі жылы тағы да пайдаланып, мол өнім алу үшін күтіп, тыңайтып отыра­мыз. Былтырғы жылы жетісулық қант қызыл­шасын өсі­ру­ші шаруа­шылықтар мол өнімге ке­нелді. Олардың алдына 4 мың гектар алқапты 6,4 мың гектар жерге жеткізіп өнім түсімділігін гектарына 350 центнерден алу талабы қойылды. Сонда барлығы 220 мың тонна қант қызылшасын жинау үшін әкімдік тарапынан тұқым және тыңайтқыш алуға, сон­дай-ақ, арнайы техникалармен де көмек көрсетілген еді. Ал біздің шаруа­шылығымызда жылдар бойы қалыптасқан жұмыс нәтижесін беріп құнарлылығын жоймай күтімде болған жеріміз өнімді еселеп берді. Сондықтан жер күтім­ді қажет ететіндігін тағы да қай­та­лап айтқым келеді. Егер заман талабына сай жерлестерімізге жал­ға жер телімдері берілді ме заңнама шеңберінде алсын, пайдалансын, бірақ сол жерді тоздырмай күте білсін. Сонда әділдік болады. Жер күтімі туралы сөз қозғарда айта кетерім, менің де кіндік қаным Жетісу жеріне тамған. Сондықтан болар суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген бұл өңір маған ыстық. Қашанда бүйрегім бұрып тұрады. Жанашырлықты жай сөзбен сыдырта айтып өту оңай. Ал нақты ісіңмен ел разы болатындай әрекет ету перзенттік парыз. Өзім басқарып отырған «Хильниченко и К» командиттік серіктестігі был­тыр қант қызылшасының әр гек­тарынан 730 центнерден, оның ішінде жекелеген жер телімдерінің әр гектарынан 810 центнерден өнім жинады. Бұл жерді күте білге­н­діктің, тоздырмай сақтай алған­дықтың нәтижесі деп санаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің облысымызға келген сайын ауыл шаруашылығы саласы қыз­меткерлерімен кездесу өткізуге уақыт таба біледі. Ең бастысы, егін егіп, мал бағып жүрген жандардың хал-жағдайларын сұрап, жұмыс барысы жайлы әңгіме өрбітетіні қуантады. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында «Жер біздің ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Ол біздің басты байлығымыз. Жерді шетелдіктерге сатайын деп отырған ешкім жоқ. Бұл жерде қозғалған әңгіме ауыл шаруашылығы сала­сының еңбеккерлеріне жерді ұтымды пайдаланып, мол өнім алуы­на мүмкіндік тудыру болып отыр», деген сөзі менің де көкейіме қонады. Олай дейті­нім, серіктестігіміздегі 500 адам­ның барлығы ертеңгі күнге сенім­мен қарайды. Өйткені, олар жер­дің қадірін біледі. Сол жерді жал­ға алғанда жауапкершілікті жете сезініп, тоздырмай күтіп пайда­лана алатындығына да сенімді. Виктор ХИЛЬНИЧЕНКО, «Хильниченко и К» командиттік серіктестігінің басқарма төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Алматы облысы