Кеше Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің конференц-залы Елбасымыздың қазақстандықтарға арнаған биылғы кезекті Жолдауын тыңдау мақсатымен жиналғандарға лық толы болды. Соның басым бөлігі студент жастар еді. Өйткені, соның алдында ғана мұнда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жастар қанатының сапындағы студенттер референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың жетекшісі, оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықовпен кездесіп, сол референдумға орай қол жинау қорытындысы туралы әңгімеге молынан қанығып қана қоймай, өз ой-пікірлерін де ортаға салған-ды.
90-жылдардың ортасында университеттің құрамына осындағы төрт бірдей институт – технологиялық, зоотехникалық-малдәрігерлік, педагогикалық және қаржы институттары енген болатын. Солайша еліміздің шығысында іргелі оқу орны пайда болған-ды.
Сол үлкен университеттің студент жастары мен ұстаздар қауымы Елбасымыздың отандастарымызға арнаған кезекті Жолдауын ертеңге деген кепілдік ретінде зор сеніммен зейін қоя тыңдады. Және биылғы Жолдаудан да өздерінің көңілдеріндегі сауалдарға нақты жауап таба білгендіктері көрініп тұрды. Соның бірі – гуманитарлық факультеттің деканы, профессор Арап Еспенбетов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында ғылым мен білім мәселесі тиянақты қозғалғанына өз ризашылығын білдіріп жатты. Ал зоотехникалық-малдәрігерлік факультетінің деканы, профессор Зейнолла Тоқаев болса әлемде бейбітшілікті нығайтып, қауіпсіздік мәселесін насихаттау біздің еліміз үшін басты мәселе болып қала беретіндігіне үн қосты. Бұл – Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының биылғы жиырма жылдығы әлемдік деңгейде аталып өтіледі деген сөз, деді ол. Ал Елбасының референдум өткізу жөніндегі бастамашы болған азаматтарға, бүкіл қазақстандықтарға білдірген ризашылығына орай төртінші курс студенті, университеттегі «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Салтанат Мырзаспаева өз қуанышын жеткізгенше асықты.
Осындай тамаша бастама ордасы болып табылатын университетте оңды жаңалықтар аз емес. Университет ғалымдары өз жаңалықтарымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, алаштану, шәкәрімтану мәселелерін зерттеп, жеріне жеткізуге үлес қосумен бірге, ел тәуелсіздігіне арнаған сый-таралғыдан да кенде емес. Соның айғағындай, қазірде мұнда Семей қаласы мен облыс энциклопедиясы дайындалу үстінде. Ал ел тәуелсіздігін насихаттау да Елбасы Жолдауында кеңінен қамтылғаны белгілі. Енді біз Елбасы Жолдауын кеңінен талқылауға бірден кірісіп кетпекпіз, дейді университет ректоры, профессор Ерлан Сыдықов.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.
Суретте: конференц-залдан көрініс.