Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Жолдауында мынадай тұжырым бар: «Ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізе алды». Ендігі қасиетті де қастерлі міндет – қазақтың мәңгілік ғұмыры – ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды ету.
Әрине, осы түпкілікті мақсатқа қол жеткізудің сан-алуан жолы, әр кезеңге лайық өзінің тактикасы бар. Сол көп жолдың бірі әрі қарабайыры – тек қазақтың ғана жоғын жоқтау. «Мен қазақпын, сондықтан қазақты ғана қолдаймын. Өзге ұлттар қазақтың ыңғайымен өмір сүріп, жұмыс істеуі тиіс» деген қағидатқа сүйену. Төменгі буында кей тұста ғана іске асыруға болатын бұл қағидат мемлекеттік деңгейде үлкен қантөгіске алып келеді. Біздің елдегі халықтың үштен бірін құрап отырған өзге ұлт өкілдері тықсыруға, төмендетуге шыдап отыра беретін қарабайыр тобыр емес, білімді, қажырлы, қазіргі заман адамдары. Ал халқымыздың ішкі бірлігі сақталмаса, тұрақты даму жоспары туралы сөз қозғауымыздың өзі қисынсыз. Ол түсінікті де. Еліне қауіп төніп тұрса, жеке адам қаншалықты сәтті өмір сүргенімен, ол бәрібір қорғансыздың күнін кешетіні белгілі ғой.
Сонымен қатар, қазір кейбір адамдар тек қазақжақтас (проказахский) саясат жүргізу керек дейді. Бұл әлі саяси сауатымыздың төмендігінен болу керек. Тек қазақтың ғана мүддесін есепке алу, біздің республикамыздың демографиялық, геосаяси жағдайларына сәйкес белгілі дәрежеге дейін ғана орындалуы мүмкін екендігін де ұмытпағанымыз жөн. Демек, бұл мәселені шешудің өзге жолдарын іздестіру керек. Сондықтан Елбасы бес институттық реформаның бірін «Біртектілік пен бірлік» деп белгілеп, оны іс жүзіне асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына арнайы енгізіп отыр.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Украинадағы қайғылы жағдайлар соның айқын бір көрінісі. Сол себепті біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз.
Сондай-ақ, тарихқа көз жіберсек, ата-бабаларымыз ежелден ел бірлігін, қара қазан, сары уыз баланың тыныштығын, ағайынның татулығын мәңгі мақсат тұтқан. Бүгінде осы игі ниеттің көнекөз қарияларымыздың «ымыра – бірлігімізден айырмасын» деген батасымен жалғасып жататыны да тегін емес. Ендеше, еліміздің сыртқы және ішкі қалыптылығын тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі үнемі назарда болуы қажет.
Мына жайтты да есте ұстаған ләзім. Адам өзін жегідей жеген эгоистік пиғылдарының құлы болмас үшін, әлбетте, рухын жетілдіріп отыруы тиіс. Мұның тек рухани тазаруға бет бұру арқылы ғана жүзеге асатыны анық. Бұлай болмаған жағдайда адамдар бірінің өмірін бірі бұзып, ежелгі римдік драматург Плавт айтқан, кейіндері ағылшын философы Томас Гоббс қайталаған «Адам адамға – қасқыр» деңгейіне түседі. Яғни, жексұрын әдеттер жаулап алып, адамды теріс жолға жетелеп әкетуі әбден мүмкін.
Мұндай ескертудің негізсіз еместігін өз басым отандық теледидардың бірінен берілген хабарды көргенде көзім жетті. Алматы қаласындағы ұзын жолдардың бірінде әлденеге келіспей қалған екі көлік жүргізушінің ұрыс-керісінің аяғы бірін екіншісінің көлікпен әдейі қағып кетіп, сұлатып салғанына әкеліп соқты. Ең сорақысы, сәл жүріп барып тоқтаған көлік жүргізушісі өзінен жәбір көрген азаматқа көмектесудің орнына, өз көлігінің адамды соққан жері майысып қалмады ма екен деген оймен тексеріп болғаннан соң, тайып отырғаны болды.
Бұл оқиғаның адамдарды мейірімділікке, сабырлылыққа, кешірімділікке үндейтін қасиетті Рамазан айында орын алғаны, әрине, ойлантпай қоймайды. Түптеп келгенде, бұл жағдай біздің адамдық болмысымыз өткінші қарекеттен гөрі, рухани өрісімізді кеңейтіп, мәңгілік бақытқа жетелейтін өлшемдерге мұқтаж екендігімізді айқындап беріп отыр. Біз рухани дүниемізді бекем орнықтыра ала алсақ қана діңгегі мықты мемлекет, қауқарлы да қайраты мол қоғам орнатуға жол ашамыз. Сонда қылмыскерлер бұғып, қыңырлар ығып жүрер еді, жемқорлар мен парақорлар азайып, жағымпаздардың жағы талып, өздерін өзге жұрттан зор санайтын бастықсымақтардың күндері қараң болар еді. Сонымен қатар, рухани азық қиын-қыстау кезеңдерде ертеңгі күнге сенім мен үміт арту арқылы адамдардың арқаға түскен ауыр жүгін қиналмай көтеріп шығуына септігін тигізетінін ұмытпағанымыз жөн.
Шындап келгенде, жаман адам жоқ, тек қана рухы ауруға шалдыққан (жаман қасиеттер жабысқан деген сөз ғой) адамдар бар. Абайдың тасасында тұрып айтатын болсам: «Ақыл шаң басқан айна тәрізді. Сол шаңды алып тастайтын алақан сияқты оған да рухани кемеңгерлік, мейірім, шапағат беру керек». Олай болса, адамның жүрегінен иман орын алып, көкірегінде сақталуы тиіс. Сонау атамзаманнан бері қарияларымыздың жас өскіндерге алғысын «Иманды, ырысты бол», деп білдірулері кездейсоқ емес. Яғни, иманды ырыс-байлықтан жоғары қойды, соны бала санасына сіңірді. Сөйтіп, бабаларымыз өз мәдени-рухани ортасын қалыптастырды, айналасын эстетикалық-ізгілікті негізде игеруге ұмтылды, өмірлерін қытымыр замана сынына бейімдей білді.
Осындай рухани-мәдени мүмкіндіктерімен қазақтар ХХ ғасырға батыл кірді. Мұның өзі шығыстанушы Потанинді «бүкіл шексіз де шетсіз қазақ даласы маған ән салып тұрғандай» деп тамсандырды. Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйі, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сегіз сері, Мұхит, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди, Кенен тәрізді дәстүрлі музыка өнерінің алып шеберлерінің шығармалары орыс ғалымының осы бір сөзінің мәнісін ашып қана қойған жоқ, бұлар, сонымен қатар, біздің рухани діңгегіміздің мықтылығын және ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір құрамдас бөлігі екендігін көрсетіп берді.
Ал қазақтың ауызша тарихын терең зерттеген Ақселеу Сейдімбек «табиғатпен санасуды өмір сүрудің кепіліне айналдырған көшпелілердің әлеуметтік өмірі ұдайы қатал сұрыптаудан өтіп отырғанын, нәтижесінде соңғы екі-үш мың жыл аясында қазақ даласынан жиырмаға тарта мемлекеттік жаралымның бой көтергенін» айта келіп, «Сақ, Үйсін, Қаңлы, Ғұн, Түркі, Ұйғыр, Қырғыз, Хазар, Бұлғар, Ауар, Түркеш, Қарлық, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан, Салжұқ, Керей, Найман, Моғол, Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығы сияқты дәулет, ұлыс, қағанат, ел, хандық, сұлтандық, орда, әулет деп аталған мемлекеттік жаралымдар Қазақ даласындағы этносаяси, этноәлеуметтік және этномәдени үдерістердің мыңдаған жылдарға созылған сабақтас тарихын құрағанын» шежірелік деректермен негіздеп берді. Сондай-ақ, қазақ халқының тарихы ең алдымен рулар мен тайпалар тарихын зерделеу арқылы ғана түсіндірілетінін, ал Қазақ хандығының (мемлекеттілігінің) тарихы рулар мен тайпалардың өзара кірігуі барысында қалыптасқан ішкі және сыртқы саяси-әлеуметтік үдерістердің нәтижесі болып шығатынын» айтып та, жазып та кетті.
Сонымен бірге, Елбасының Ұлытау төріндегі толғауында Асанқайғы, Алаша хан, Жошы хан, Болған ана, Бату хан, Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір, Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кетбұға, Барақ, Төле, Қазыбек және Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары сияқты ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлар өмірлері жайлы өскелең ұрпақ санасына сіңіру керектігін ерекше атап өткені белгілі. Сондықтан да кеше ғана елімізде кең көлемде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы жан-жақты атап өтілді. Одан ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ.
Жалпы, рухани азықтың тамыры сонау түркі дәуірінен бастап, қазақ хандығы мен қара сөздің майын ішкен ақын-жыраулар, би-шешен мен батырлар, ұлттық мәдениет пен әдебиеттен таралса, қазіргі жаһандану заманында жастарымыз халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесін, рухани құндылықтарын теледидарлардан, газет-журналдардан, интернеттен және басқа да әлеуметтік ақпарат көздерінен алуда. Осылайша, ұлттық патриотизмді өрістете келіп, халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерін сақтап, танып білуге жол ашылуда.
Бұл орайда, қазақи жақсы әдет-ғұрыптарды заман талабына сай қайта жаңғырта отырып, оны жетілдіру жолында, қазақстандық жалпы азаматтық сәйкестендіруді қалыптастыруда және елдің көп мәдениетті әлеуетін дамыту бағытында алысқа ат айдалмаса да біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Қазақстан» телеарнасы ел тарихында тұңғыш рет таза қазақ тілінде хабар таратып, өскелең ұрпаққа ерте бастан тәрбие беру, тіл үйрету, өнеге көрсету тәрізді шараларды қолға ала бастады. Ізгіліктің нәрлі дәнін ұлттың бойына себуде өзге де республикалық бұқаралық ақпарат құралдары «Мәдени мұра» және тағы басқа рухани-танымдық бағдарламалар аясында нақты жұмыстар атқаруда.
Телерадио аудиториясының көлемі де ұлғая түсуде. Мәселен, «Хабар» телеарнасының аудиториясы 98,67 пайызды құраса, «Қазақстан» – 98,63 және «Еуразия» Бірінші арна» 87,77 пайызды қамтиды. Қазақ радиосының тыңдармандары 88,74 пайыз болса, «Шалқар» радиосы 61,31 пайызды құрайды. Мемлекеттік емес КТК, НТК, «7-Арна», «Астана» тәрізді телеарналардың көрермендері 8-9 миллион шамасында. Ал, Internet Worzld Stats дерегіне сәйкес, Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2,3 миллион адамға жеткен.
Әрине, бүгінде сырттан қаптай еніп жатқан әрқилы жат бағыттар мен кейбір радио-телехабарлардағы нәпсіқұмарлық, дүниеқоңыздық, қатыгездік пиғылдарды насихаттау әрекеттері де жоқ емес. Сондықтан, келер ұрпақтың санасына кері әсер ететін осындай ақпараттарды заңдылық тұрғыдан реттеу керек. БАҚ арқылы рухани азық болып саналатын, тәрбиелі ұрпақ өсіруге ықпал ететін бағдарламалардың, ақпараттардың көптеп берілуін қамтамасыз ету күн тәртібінің басты мәселесі болуы қажет.
Сондай-ақ, мақала басында айтылғандай, жүрек тазалығына көп нәрсе байланысты. Осы ретте, журналистермен кездесулердің барысында олардың назарларын өзімнің мына бір пайымдарыма аударып та жүрмін. Орайы келіп тұрғанда солардың бірлі-екісін тілге тиек ете кетейін.
Сонау 1989 жылы Мәскеуде Ш.Айтматовтың «Жан пида» кітабының тұсаукесері барысында сан түрлі пікірлер айтылып, кеш соңына таман бір оқырманның «Роман аяқталмай қалған сияқты» деген сауалына Шыңғыс Төреқұлұлы: «Барлық сұрақтарға жауап беру мүмкін емес. Мен бұл кітапта ақ пен қараның күресін көрсетуге тырыстым. Егер сіз соны байқасаңыз және ақ жағын таңдасаңыз, мен мақсатым орындалды деп білемін», деген жауабын алға тартты.
Келесі бір ғибратты әңгіме мынаған саяды. «Әлем неден бастау алады?» – деген сұраққа ғұлама «сенің екі көзіңнен» деп жауап қатады. Иә, көздің негізгі міндеті – көру. Бірақ оның нені және қалай көретіні – өз алдына үлкен философиялық бір тылсым дүние. Біреу үшін, мәселен, от өмірдің шырағы болып танылса, басқаға ол ақырзаманның белгісі ретінде қабылдануы мүмкін. Бір нәрсе айқын: дүниеге, өмірге, адамдарға бір Алланың көзімен қарау керек. Бірақ Жаратушыны ешкім көрген жоқ, оны толық түйсінген емес. Сондықтан барлық нәрсеге Тәңіріміздің адамға берген ұят көзімен қараған жөн секілді.
Осындайда балалық шағым есіме түседі. Өзінің талайлы тағдырында ауыр тұрмыстың дәмін бір кісідей татып, жақсыны да, жаманды да біраз көрген менің ата-анам біздің бойымызға кісіліктің ізгі қасиеттерін сіңіруге ұмтылды. Кейін байқағанымдай, күн сайынғы көзге онша көріне бермейтін қарапайым адамдардың іс-әрекеттері, шындап келгенде, жоғары адамгершіліктің үлгісі екен және оған әлденеше мәрте көзім жетті.
Әлі есімде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында бізден теміржолмен арнайы вагондарға артып, басқа аймақтарға буылған шөпті жөнелту қажет болды. Бұл жұмысқа біраз адам жегілді, ал ақысына сол шөп белгіленді (шарт бойынша берілуге тиіс шөптің мөлшері тиелген вагонның санына байланысты болды). Ел болған соң әртүрлі адамдар бар. Біреулер вагонның бет жағын ғана қалқайтып, артық шөп алу үшін қулыққа барды. Біздің де осындай тірліктерге бастайтын әрекетімізді әкем тыйып тастап отыратын, ал өзі вагондарды кенересіне дейін нығыздап толтыратын. Әкемнің сондағы «Біреуді алдасаң, обалына қаласың, бұдан өткен күнә жоқ. Адамды алдауға болар, Құдайды алдай алмайсың!» – деген сөздері мәңгі есімде қалыпты.
Иә, ар-ожданмен өмір сүріп, қоғам игілігі үшін еңбек етуге не жетсін. Ендеше, жүрегімізде тек ұят ұялап, ол қай уақытта да ақ жағында болсын! Сонда ғана біз рухымыз берік, санамыз сергек ұлт ретінде қазіргі дағдарыс салдарын ойдағыдай еңсеріп қана қоймай, одан бұрынғыдан да бекемденіп шығамыз, сөйтіп, өркениет әлемінде өресі биік, өрісі кең ұлы мемлекетке – Мәңгілік Елге айналамыз. Олай болса, рухани құндылықтарды материалдық игілікпен егіз қатар алып жүру біздің басты міндетіміз екендігін түйсінгеніміз жөн.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы
АСТАНА