Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын өткізуге арналған кеңес болып өтті. Кеңеске бірқатар министрліктердің басшылары, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері қатысты. Онда Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өткізуге дайындық жұмыстары және Тұжырымдама мен мерейтойды өткізудегі шаралар жоспары талқыланды.
Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде Қазақстан халқына Жолдауын барша қазақстандықтарға түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу үшін Үкіметке, мемлекеттік органдарға, «Нұр Отан» партиясына тапсырмалар берді. Президент, сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын кең көлемде атап өтуге байланысты ойын ортаға сала келіп, осы жылдар ішінде Қазақстанның қол жеткізген табыстарын қазақстандықтарға ғана емес, шет мемлекеттерге де таныстыру қажеттігін атап көрсетті. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз, деді Президент осы жайында.
Кеңесте мерейтойға дайындық барысы жөнінде Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев баяндама жасады. Сонымен қатар, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің хабарламалары тыңдалды.
Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын өткізу шараларына байланысты министрліктер басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
(Кеңесте талқыланған мәселелер туралы кеңейтілген материал газеттің келесі нөмірінде жарияланады).