26 Мамыр, 2016

Ақтөбеде әзіл – сықақ театрларының фестивалі өтті

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
26.05.2016 AQT-3 АҚТӨБЕ. 26 мамыр. Ақтөбеде еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Айтқыштар Ақтөбеде» VII республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Оған еліміздің мәдениет және өнер мекемелерінен әзіл-сықақ жанрын насихаттап жүрген 14 театр мен 3 жеке орындаушы қатысты. Фестивальді ұйымдастыруға облыс әкімінің, сонымен қатар, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры мұрындық болды. Аталған мәдени шараның алдында «Екі езу» сатира театрының арнайы ұйымдастырған көлеңкелі қойылымы ұсынылды және өнер магистрі Елтай Кемалдың режиссерлығымен кешегі қазақы қалжыңның көсегесін көгерткен «Тамашаның» тарландарын еске алу мақсатында театрландырылған хореографиялық көрініс қойылды. Фестивальдің бас жүлделерін «Менің күйеуім қызғаншақ» комедиясын қойған Атырау қаласының «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры мен «Дәрігерлер әлемі» және «Психолог» интермедияларын қазылар талқысына ұсынған Алматы қаласының «Керемет» әзіл – сықақ театры қанжығаларына байлап, әрқайсысы 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екі бірінші орынды Тараз қаласының «Талас таланттары» әзіл – сықақ және Оңтүстік Қазақстан әзіл – сықақ және сатира театрлары иеленіп, әрқайсысы 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Фестивальге қатысқан әзіл – сықақ театрларының қай –қайсы да сый – сияпаттан құр қалған жоқ.  Оларға да ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, фото: egemen.kz