Шығыс өңірінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ХХ халықтық спорт ойындары өтті. Бір аптаға созылған дәстүрлі спорт мерекесінде өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан 19 команда қатысып, олар спорттың 16 түрі бойынша сынға түсті. Биыл спорт ойындарының бағдарламасына олимпиадалық спорт түрлерін қолдау мақсатында дзюдо мен еркін күрес қосылды. Бұл спартакиаданың сонылығы сонда, елімізде тұратын көптеген этностың ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қазақтың «Асық ату», орыстың «Лапта», «Городки», «Чехорда», татардың «Кураш», поляктің «Балықшы мен балық», белорустің «Потяг» сынды 15 түрлі ұлттық ойын сайысы жанкүйерлер көңілін көтерді. ХХ халықтық спорт ойындары «Восток» стадионында салтанатты түрде ашылды.
– Қазақстан дүниежүзіне бейбіт бастамаларымен, экономикалық табысымен және спорттағы айтулы жеңістерімен танылған ел, – деп ойындардың ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Даниал Ахметов дәстүрлі ойындар – аймақ жұртшылығы асыға күтетін спорт мерекесі ғана емес, саламатты өмір салтын қалыптастырудың үлгісі екенін атап айтты. Өңір басшысының айтуынша, бүгінде облыс көлемінде 3232 спорттық құрылым, 35 спорт мектебі жұмыс істейді. Биыл Семей қаласында спорттағы дарынды балаларға арналған интернат пен облыстық Жекпе-жек орталығы ашылмақ. Шығысқазақстандық спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 319 медальға, оның ішінде 130 алтын, 119 күміс, 70 қола медальға ие болды. Өңір тарихында тұңғыш рет «Алтай» волейбол клубының ерлер мен әйелдер командасы ел чемпионы атанып, Азия клубтарының біріншілігінде ел намысын қорғауға жолдама алды. Жерлестеріміз Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының 5 жолдамасын ұтып алды.
Ойындардың ашылу салтанаты есте қаларлықтай ерекше ұйымдастырылғанын айтқан ләзім. Стадионда қатысушылар шеруі сап түзеп, спортшылар мен төрешілер ант қабылдады, бүлдіршіндер мен оқушылардың қатысуымен түрлі тақырыптағы көріністер қойылды. Стадион алаңында «Спорт», «Тәуелсіздіктің 25 жылы», «Бейбітшілік» идеялары айқын көрініс тапқан сахналық қойылымдар спортшылардың да, жанкүйерлердің де рухын жани түскендей әсер қалдырғаны рас. Сондай-ақ, әйгілі шаңғышы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Алексей Полторанин «Денешынықтыру, спорт және туризмді дамытуда сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталды. Ашылу салтанатының соңында волейболдан еліміздің ұлттық құрамасының мүшелері, «Алтай» волейбол клубының ойыншылары Дамир Әкімов пен Инна Матвеева ойын алауын жақты. Ойын алауы жарқырай жанған сәттен-ақ барқыт аспанға жамыраған жұлдыздай мерекелік отшашулар шашылды.
Халықтық ойындардың алғашқы жүлделерін жеңіл атлетшілер сарапқа салды. О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде ұзындыққа секіруден және түрлі қашықтыққа жүгіруден жарыстар өтті. Мұнда қыздар арасында ұзындыққа секіруден рекордтық 4,93 метрге қарғыған өскемендік Полина Покладоваға тең келер ешкім болмады. Риода өтетін Олимпиада жолдамасына ие болған риддерлік Ирина Смольникова 2 мың метрге жүгіруден алдына жан салмады. Жекпе-жек сарайында өткен еркін күресте ең көп медальға семейлік балуандар қол жеткізгенін айта кеткен ләзім. Олар бес салмақ дәрежесінің төртеуінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Меновное атшабарында өткен көкпар сайысында 40 килолық серкені құр тулақтай тартысқан білекті де тақымды көкпаршылар өнерінде тарбағатайлықтардың шеберлігі айқын аңғарылды. Қанша дегенмен, республикада да олжа салып жүрген облыстың көкпардан 13 дүркін чемпионы атанған командасы ғой. Тарбағатайлықтар биыл тағы жеңіс тұғырынан көрінді. Бородулиха мен Көкпекті аудандарының да көкпаршылары осал емес екен.
Халықтық ойындардың шарықтау шегі – аламан бәйге. 25 шақырымдық бәйгеде Семейдің «Водопад» есімді сәйгүлігі көмбеге жеке-дара келді. Тұлпардың иесі Саят Ықыласов арғымақты баптаған еңбегі өтелгеніне қуанышты екенін жеткізді. Ал катонқарағайлық «Сұңқар» екінші болып келсе, күршімдік «Милан» атты жүйрік үшінші болып көмбені аттады. «Милан» сөреден шыққан алғашқы сәтте суырылып, алдына қара салмаған еді.
Сондай-ақ, атшабар аумағында ақшаңқан киіз үйлердің көрмесі өтті. Әрқайсысы әр тақырыпқа бейімделген киіз үйлердің кереметі көп екен. Мәселен, шемонаихалықтар достықты насихаттаған киіз үйімен ерекшеленіп, өздері де түрлі ұлыстың тілінде амандасып жатты. Көкпекті ауданы болса, қазақтың салқам дәуірін бейнелеп, хандары жарлық шаша сөйлегенде, батырлары аруақтана үн қосып тұрды. Ұлттық қолөнер бұйымдарының үздік нұсқаларын қойған киіз үйлерде Абай ауданының ақбоз үйлері ұлы ақынның мұралары, кітаптары жинақталған кітапханасымен ерекшеленді. Биылғы спорт ойындарында жалпыкомандалық жүлделер болған жоқ.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН