Джанет ХЕКМАН,
Еуропа Қайта құру және Даму банкінің Қазақстандағы директоры:
– Форум аясында Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті 8 түрлі келісімшартқа қол қойды. Олар агробизнес, газ құбырлары, энергия тиімділікті арттыру салаларындағы жобалар. Біз Қазақстанның құрылыс материалдары мен инфрақұрылым, логистика саласын дамытудағы мүмкіндігін байқап отырмыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы мен мал шаруашылығы, тамақ өнімдерін қайта өңдеу индустриясын өркендетуде де әлеуеті жоғары. Бұл ретте, Еуропа қайта құру және даму банкі жергілікті және халықаралық инвесторлармен байланыс орнатып, жобаларды қолдауға дайын.
Жихан СҰЛТАНОҒЛУ,
БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюроның директоры:
– Біз Қазақстанның резервтік қорды құру және елде «жасыл экономиканы» жылдамдатуда қолданылуы мүмкін көреген шешімін қолдаймыз. Қазақстанның мақсаты тұрақты экономика құру болып табылатын құрылымдық өзгерістер сериясына бастамашылық етуі құптарлық жағдай. Бұл өзгерістер ел дамуының ұлттық жоспарына Тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарын енгізуге көмектеседі. Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары және ЭЫДҰ стандарттары деңгейіне дейін экономиканы жақсартуға ұмтылысы, экономиканы әртараптандырудың үдерісін тереңдету үшін мүмкіндік жасайды деп ойлаймын.
Джеффри САКС,
Колумбия университеті жер институтының директоры:
– Қазақстанда кедейшілік деңгейі 5 пайыздан төмен. Бұл үлкен жетістік. Тіпті, әлемдегі ең қуатты экономика болып табылатын АҚШ-тың өзі тек соңғы уақытта ғана осы көрсеткішке жетіп отыр. Қазақстанның күнкөріс коэффициентін алып қарайтын болсақ, ол Скандинавия елдерінің көрсеткішіне жетеғабыл. Әрине, бұл дәрежеге жету бір мәселе, оны сақтап тұру екінші мәселе. Бұл ретте денсаулық сақтау мен білім беру саласын озық стандарттар негізінде реформалау қажет деп санаймын.
Сун ХУНБИН,
«Валюталар соғысы» бестселлерінің авторы:
– Мұндай форумдарға ең талантты, беделді, қолында билігі бар тұлғалар көптеп келуі тиіс. Өйткені, осындай алаңдарда экономикаға пайдасы тиетін көптеген ұтымды шешімдер айтылады. Осы орайда, Астана экономикалық форумы аса табысты өтуде деп есептеймін.
Масуд АХМЕД,
ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры:
– Шикізат саудасынан бас тартып, әлемдік экономиканы әртараптандыратын кез келді. Мысалы, мұнайға тікелей тәуелді болған араб елі қазір жаңа бағдарлама әзірлеп, шикізатсыз экономикаға көшуде. 2030 жылға дейінге арналған бағдарламаларында жаңа технологияларды енгізу арқылы шығынды салалардан бас тартып, нақты қажетті жобаларға ден беретін жүйе енгізілуде. Күн, жел, су энергиясын пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту секілді бағыттар қолға алынуда.
Алексей ВЕДЕВ,
Ресей Федерациясы экономикалық даму министрінің орынбасары:
– Қазіргі таңда әлемде энергоресурстарға деген баға құбылмалы болып отыр. Сондықтан, оларды бақылауға алу үшін Азия елдері арасында әріптестіктің жаңа жүйесін қолға алу қажет. Осы орайда, мемлекет арасындағы алыс-берісті тоқтатпай, сауданы одан әрі дамыту мақсатында бір-бірімен қатынас құрудың жаңа механизмін ойлап табу қажет. Сонда баға нарығын ойнатып отырған елдерді тоқтата аламыз.
Цзен ПЭЙЯНЬ,
ҚХР Мемлекеттік кеңесінің 2003-2008 жылдардағы вице-премьері:
– «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» бойындағы елдер арасындағы сауда айналымында ұлттық валюталардың өрісін кеңейткен абзал. Ол СУОП жүйесі бойынша да жүзеге асқаны дұрыс. Бұл ретте Азия Инфрақұрылымдық және инвестициялық банкі, Азия Даму банкі бұл аймақтағы елдерге кеңінен инвестиция салғаны маңызды. Сауда-саттықта ұлттық валютамен есеп айырысу әрбір елдің ұлттық валютасының бекуіне жол ашады. Мұндай тәжірбие, мәселен, қазір Қазақстан мен Қытай арасында бар.
Массимилиано КАСТЕЛЛИ,
Еркін нарықтар жөніндегі жаһандық стратегиялық талдау орталығының басшысы:
– Алдағы 5 жылда әлемде мемлекеттік қорлар активтерінің табысы 5.5 пайызға артады. Дегенмен, қара алтын бағасы алдағы бірнеше жылда 50-60 доллар шамасында болады. Яғни, шикізатқа тәуелді елдердің табысы соңғы 10 жылдағы көрсеткіштерден кем болатыны ақиқат. Сондықтан, экономиканы әртараптандыру керек. Қазір саудиялықтар бірден 2030 Даму стратегиясын қабылдады. Қателеспесем, Қазақстанда да бірнеше бағдарлама бар. Бұл ел экономикасын әртараптандыруға мол мүмкіндік деп ойлаймын.