27 Мамыр, 2016

Жайылымды тиімді пайдалану – мал басын арттырудың кепілі

2137 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВПарламент Мәжілісінде депутат­тардың бастамашылығымен әзірленген «Жайылымдар туралы» және оған ілеспе заң жобаларының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл заң жобалары  да еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы бойынша аса зәру мәселелердің бірін шешуге ықпал етер деген үміт бар. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы талаптарға сәйкес әзірленген заң жобасы авторларының бірі, жұмыс тобының жетекшісі Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВТЫ әң­гімеге тартып, құжаттың маңызы мен ерек­шеліктері туралы айтып беруін сұраған едік. – Жексенбай Қартабайұлы, «Жайылымдар туралы» заң ­жобасын қолға алуға қандай жайт себеп болды? – Жайылым мәселесінде шешілмеген түйіндер көп. Осы заңды ауыл тұрғындарының көптен күтіп отырғаны белгілі. Еліміз ұлан-байтақ жерді иеленіп отырса да ауыл тұрғындарының мал жаятын жері жоқ деген сөздер соңғы кездері жиі естілуде. Бүгінде елімізде жылына 11 млн.-ға жуық шартты мал басы жайылымға шығарылып отырады. Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 млн. га болса, соның 187 млн. га-сы – мал жайылымы. Осы жерге 11 млн. бас малды қалай бақса да болар еді, алайда, оның бөлінісі, пайдалану тәртібі дұрыс үйлестірілмегендіктен халықтың көп бөлігіне жайылым жетпей отыр. Заң жобасы нақты осы істерді шешуді қарастырады. 2012 жылғы Елбасының «Қазақ­стан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы жарияланғанша бізде бұл іспен арнайы шұғылданған адам болған жоқ. Өйткені, көптеген заңдарда, оның ішінде Жер кодексінде оған қатысты нормалар бар болған соң, ешкім арнайы түрде қарас­тырмады. Елімізде БҰҰ Даму бағдар­ламасы бар екенін білесіз­дер, міне, осы бағдарлама осыдан 5-6 жыл бұрын Алматы облысы­ның Жамбыл ауда­нында жайылымдарды пайда­лану мәселесіне байланысты тә­жірибе жүргізді. Сөйтіп, жайылымдарды пайдалануда, оны заң тұрғысындан қамтамасыз етуде өте үлкен олқылықтардың барын анықтады. Мен 2012 жылы Мәжілістің бесінші шақырылымына депутат болып сайланып, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болған едім, «Жайылымдар ту­ралы» заң жобасын жасау­ мәсе­лесі қолға алынғаннан кейін Мәжілістегі «Нұр Отан» партия­сы­ның фракциясы осы заңды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етуді маған тапсырды. Сөйтіп, біз заң жобасымен тығыз айналысып кеттік. Алдымен «Жайылымдар туралы» негізгі заңның жобасы жасалды. 2012 жылдың 20 қыркүйегінде осы заңның мәселелерін қарас­тыр­ған алғашқы дөңгелек үстел өткіздік. Оған өңірлердің әкім­дік­терінен, ғылыми ортадан, ор­та­лық атқарушы органдардан өкілдер қатысты. Дөңгелек үстелде көптеген пікірлер мен ұсы­ныстар айтылды. Олардың өзекті дегендерін ескере келе, заң жобасына қосып, өзін Әді­лет министрлігіндегі ведом­ствоаралық комиссияға шығардық. Заңның негізгі тұжырым­дамасы – Жайылым кеңесін құруға бағытталған. Осы заң жо­басын ведомствоаралық комиссия қолдамады, өйткені, бұған қосымша қаражат керек, әлі де пысықтау қажет. Қаржы министрлігі әбден зерттесін деген қорытындымен шығарып салды. Бірақ, бұл қорытынды бізді мойыта алған жоқ, жобаны әбден пысықтап, қосымша қаражат қажет етпейтінін дәлелдеп, ведом­ствоаралық комиссияға екінші рет шығардық. Бұл жолы комиссия бізді қолдады. Одан әрі заң жобасын арнайы қарастыру үшін Үкіметке жолдадық. Бірақ, сол кезде Елбасы бір үлкен мәжілісте заңдарды көптеп туын­дата берудің қажеті жоқ, кері­сінше, қабылданған заңдарды жетілдірген дұрыс деген сөздер айтып қалған еді. Осы сөздерге сілтеме жасаған Үкімет жаңа заң жобаларына мораторий жариялап, бұрынғыларды пысықтау, жетілдіру жөнінде өкім шығарған. Соның салдарынан 2013 жылы біздің «Жайылымдар туралы» заң жобамыз қолдау таппады. Ал қажетті нормалар енгізу қолда­ныстағы басқа заңдарға өзгерістер мен толықтырулар жасау арқылы шешілсін делінді. – Содан кейін заң жобасына қолды бір-ақ сілтеп тастаған жоқсыз ба? – Әрине, сөйтуге болушы еді, бірақ депутат ретінде жүктелген жұмысты қайтсе де аяғына дейін жеткізіп, тиянақтау керек болып, заң жобасынан бас тарта алма­дым. Естеріңізде болса, сол кез­дерде Елбасының сыртқа ет шы­ғаруды 60 мың тоннаға дейін жеткізу қажеттігі жөнінде ұсы­ныс жасағанын білесіздер. Егер мал жайылымын ұтымды пай­да­ланбасақ, оның басын қалай өсіреміз, ал мал басы өспесе ет қай­дан болсын деген ой маза бер­меді. Ата-бабаларымыз жайылымдарды жылдың төрт мезгіліне шақтап, ұтымды пайдалану ар­қылы мал басын қазіргіден бәлен есе артық өсірді емес пе? Ғылыми тілмен айтқанда, «ауысым­ды мал жайылымдары» деген­нің сырын біздің аталарымыз өте жақсы білген. Сол кездегі қазақ малының етін, терісін Ресей, Украина, Бе­ларусь қана емес, одан әрі Еуропа елдеріне де шығарып тұрғаны белгілі. Қазіргі заманда сол әдісті неге пайдаланбасқа деген ой жатсам-тұрсам ойдан шықпады. Осы мәселені «төскейде малы, төсекте басы қосылған» дей­тін қырғыз, түрікмен, өзбек ағайын­дар қалай шешті екен деп іссапармен сол елдерге де барып қайттым. Бірақ, олардың заңдары бізге сәйкес келмейтінін көрдік, өйткені, біздің менталитетіміз басқа, нарықтық экономикадағы жолымыз бөлек, жайылымдарды күту жөніндегі ата-баба дәстүрлеріміз де басқаша болып шықты. Маусымдық ауысымды мал жайылымдары, оларды сақтау, күту жұмыстары бізде үлкен шеберлікпен жүргізіліп отыр­ған. Мәселен, күзеудің оты тау­сылмай қазақ байлары ешқашан қыстауға көшпеген. Қыстаудың жақын маңдағы отын олар ең қиын сәттерге қалдырып, аяқты малдардың бәрін алыс отарларға баққан. Елбасы Н.Назарбаев та бірде осы мәселеге назар аударып, мал өсіруде дәстүрлі әдістерімізді озық технологияларды тартып неге пайдаланбаймыз, алыс жайылымдарды суландыру мәселесін неге шешпейміз дегенді айтқан еді. Міне, осы мәселелердің бәрін ескере отырып, мал жайылымдарын пайдалануда өзіміздің дәстүрлі, тарихи әдістерімізді пайдалану керектігін заңдық нормалармен қамтамасыз етіп, біз ақыры осы заң жобасын жазып шықтық. – Сіздердің бастамаларыңыз­ды белсене қолдағандардың арасында кімдер болды? – Бұл туралы айтар болсам, Мәжілістегі «Нұр Отан» пар­тия­сының фракциясы білікті талқылаудан өткізген соң қызу қолдап, өте зор көмек көрсеткенін айрықша айтар едім. Заң жобасын әзірлеген соң біз оны партия фракциясы атынан жарыққа шығардық. Бүгінгі таңда малды алыс жай­лауларға айдауға шағын шаруа­лардың күші жетпейді, сондық­тан олар ауылдың айналасындағы шағын жерлерді шиырлап, шөптің тамырын қопарғанша мал айдай береді. Мал басы одан көбеймейді, өнімнің сапасы жоғарыламайды, өзіндік құны төмендемейді. Өзіндік құны төмен болмаған соң, еттің бәсекеге қабілеттілігі артпайды. Ал қазіргі кезде біздегі барлық жайылымның тек 43 пайы­зы ғана қолданылып отыр. Міне, осы мәселелердің бар екеніне көздері жеткеннен кейін «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері мұндай заңның керек екендігін белсенділікпен қолдады. – Жайылымдар қазір қалай пайдаланылуда? – Жайылымдар қазір үш дең­гейлі жолмен қолданылуда. Ең бірінші деңгей – ауылдық округтегі тұрғындардың жаппай қолдануындағы жерлер. Оған билікті ауылдық әкімдік жүр­гізеді, ал сол ауылдық округке қарайтын малы бар тұрғындардың бәрі оны тегін қолданады. Дәл осы жерлерде қазір еліміздегі мал басының 70-80 пайызы бағылуда. Оның жалпы көлемі 23 млн. гектардай. Ең көп дегенде 50-60 бас қарасы бар халықтың бәрі, жо­ғарыда айтқанымыздай, дәл осы жерлерді шиырлап, малын өсіріп жатыр. Кейбір аймақтарда осы жақын жайылымның өзін жалға алған фермерлер бар, олар басқаның малын кіргізбейтін шлаг­баум қойған. Біздің заң жобамыз осы қателікті түзетіп, елді мекеннің айналасындағы шартты радиустағы жер (оны жергілікті өзін өзі басқару органы анықтайды) көпшіліктің қолданысына алынып, ешкімге жалға да, жекеменшікке де берілмейтіндігін қарастырады. Екінші деңгейдегі жайылымдарды қолданушылардың барлық жері 70 млн. гектарға жуық. Бұлар ауылдық округтердегі жерлерді жалға алған түрлі ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтар кәсіпорындары. Олар ауылдық әкімдіктің билік ету құзыретіне енбейді. Жерді жалға алғанда олар жер ресурстарын басқару жөніндегі өкілетті органмен келісімшарт жасасқан. Бұлардың көбінде мал жоқ, бірақ малы бар шаруаларды өз жеріне жібермейді, өйткені, жерді 49 жылға жалға алған. Салығы мен жалдау ақы­сын төлеп отыр, сондықтан, бөтен біреулердің өз жеріне мал жайға­нын қаламайды. Су, орман шаруа­шылығы жөніндегі және т.б. тиісті заңдар мен кодекстерге сүйенген олар бөтен адамды өз жеріне жолатқысы жоқ. Міне, біздің заңымыз осы жерлерге де қайтып мал жаю керек екендігін шешуді де қарастырып отыр. – «Жайылымдар туралы» заң жоба­сының нормалары осы қатынастарды қалай реттейді? – Жоғарыда біз айтқан ауыл­дың маңындағы жаппай те­гін қолданылатын жерлерде, яғни бірінші деңгейдегі жайылымдарда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі нормативтен 2-3 есе артып кеткен, ал екінші деңгейдегі жайылымдарда, керісінше, нормативтен мүлде төмен. Осыны нормаға келтіру үшін заңға сәйкес аудандық атқарушы билік пен жергілікті өзін өзі басқару органы бірлескен комиссия құрып, ауылдық округтің жайылым жоспарын жасайды. Онда жайылымды қалай басқару және қалай тиімді пайдалану мәселелері қарастырылады. Сонымен бірге, жайылымның ауысымдық мәселесі, бір гектарға шаққанда қанша мал бағылуы керектігі, қай жерде мал тығыз, қай жерде сирек екендігі және т.б. көрсеткіштер де есепке алынып, жоспармен реттеледі. Осы бірлескен комиссия жерді жалға алған, жоғарыда біз айтқан ЖШС, ӨК, орман және су шаруашылығы кәсіпорындарына келіп, өздері мал алғанша мал жайғысы келген шаруаға жайылымды беру туралы келісімшарт жасатады. Біздің жасаған заңның нормалары оларды бұлтартпай, мұндай мәмілеге көндіреді. Ал жердің жалдау ақысы мен салығын бюджетке енді шаруалардың өздері төлейтін болады. Бұл да келісімшартта қарастырылады. Егер екі жылға дейін аталған кәсіпорындар мал алмаса, жайылым шаруалардың жалдауына түпкілікті беріледі. Осындай мәселелердің бәрі енгізілген жоспарды аудандық мәслихат бекітеді. Заң жобасында жергілікті өзін өзі басқару органдарына кең өкілеттіктер берілген. Өйткені, жергілікті жайылымды қалай пайдалану керектігі туралы ақпаратты ең жақсы білетін солар. Олар тиісті аумақтардағы жайылымдарды бөлу және пайдалану жөніндегі жоспарларды әзірлеуге қатысып қана қоймай, осы мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдерінің есептерін тыңдайды және талқылайды. Сон­дай-ақ, жайылым пайдаланушылар бірлестіктері басшыларының ақпаратын талап ете алады. – Ал үшінші деңгейдегі жайы­лым­дарға қандай жерлер жатады? – Бұлар шалғайдағы жайылымдар, олар толығымен мемлекет меншігінде. Оның жалпы көлемі 100 млн. гектардан асады. Бұларға мал айдап апарып, шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда, оған, жоғарыда айтып кеткенімдей, мал айдауға ұсақ шаруаның күші жетпейді. Сондықтан, заң жобасына сәйкес жергілікті өзін өзі басқару органы жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып, мәслихат бекіткен жос­парға сәйкес «жайылым пайда­ланушылар бірлестігі» деген ұйым­дар құрады. Тұрғындардың мал басын біріктіріп, қойдан отар, сауылмайтын қара малдан та­бындар, жылқыдан үйірлер жасап, алыс қиырдағы жайлауларға айдаудың қамын жасайды. Бұл жерде ветеринарлық егу, емдеу-сауықтыру жұмыстары да ұйымдастырылады. Өйткені, кейбір малдар ауру болуы мүмкін ғой. Солай біріктірілген малдың бәрін ортадан тағайындалған мал­шылардың күшімен шалғайдағы жайылымға айдайды. Сөйтіп, үшінші деңгейдегі жайылымдарды пайдалану мүмкіншілігі ашылады. Малшыларға еңбекақыны қалай төлеу жөнінде келісімшарттар жасалады, әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету міндеттері орындалады. Ас-сумен, вагонмен қамтамасыз ету мәселелері заң нормасына сәйкес алдымен шешіледі. Малға су жеткізу мәселесі де «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес мал апарылатын шалғайдағы жайылымда шешімін табуы керек. Су болмаса ешқандай жайылымның қажеті болмасы белгілі ғой. – Заң жобасында қандай ерекше терминдер бар? – Онда жайылым деген ұғым­­нан басқа маусымдық жайы­лым­дар, шалғайдағы жайы­лым­дар, ауыспалы жайылым­дар, жайылымдардың инфрақұрылым­дық объектілері, жайылымдарды геоботаникалық зерттеулер деген сияқты ерекше терминдер қолданылып, олардың мағыналары ашылған. Заң жобасы Үкіметтен қосымша қаражат шығындауды қажет етпейді. Жоғарыда айт­қа­нымдай, «Агробизнес-2020» бағ­дарламасына 22,7 млрд. теңге қаражат бөлінген. Ол ауыл шаруашылығы саласын өркен­детуге, соның ішінде мал жайы­лымдарын суландыруға толығымен жетеді деп санаймыз. Бүгінге дейін оның 1 млрд. теңгесі ғана игеріліпті. Біздің негізгі мақсатымыз – ұлан-байтақ жайылымдық жерлерімізді тиімді пайдаланып, мал басын көбейтуге ықпал ету. Сонда Елбасының 60 мың тонна ет өндіріп, экспорттау туралы тапсырмасы да орындалар еді. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар