01 Маусым, 2016

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын ықпалдастық

266 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
31-05-05Кеше Ақордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян және Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лы­ғымен өткен бұл алқалы жиында әріптес мемлекеттер арасындағы ықпалдастық үдерістерін дамытуға баса назар аударылды. Бірінші кезекте Жоғары Еу­ра­зиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы басқосуы болды. Одан кейін отырыс кеңей­тілген құрамда жалғасты. Ал жиын барысында Еуразиялық эко­номикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары кеңінен талқыланды. Отырысты ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте қатысушыларды ЕАЭО туралы келісімге қол қойыл­ғанына екі жыл толуымен құт­тықтады. – Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей жә­не Беларусь елдері осында, Ас­танада қол қойды. Қысқа уақыт ішінде біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. Құрылғанына аз ғана мерзім өт­кенімен және бастапқыдағы эко­­номикалық қиындықтарға қарамас­тан, бүгінде ЕАЭО то­лық­қан­ды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сенім­мен айтуға болады. Экономи­ка­лары­мызды жақындастыру ісі енді ЕАЭО туралы келісім­де белгілеген жос­парлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Үкімет­тер және бизнес қауымы бір-бірі­мен ын­тымақтасудың қажетті тәжірибесін жинақтап жатыр. Өзара іс-қимылдың ішкі мә­се­лелері негізінен регламенттелді. Қойылған міндеттер мен одақ қызметі қағидаттарының жүзеге асырылуы мемлекеттеріміздің эко­номикасына қуатты серпін бере­тініне сенімдімін, – деді Қазақ­стан басшысы. Осы арада сәл шегініс жасар бол­сақ, аталған келісімге алғаш қол қойылған сәтте арнайы мәлімдеме жасаған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еура­зиялық экономикалық одақ – бұл ең алдымен біздің елдері­міздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалуда. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы саналады. Азаматтар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметі мен әлеуметтік ин­фрақұрылымдарына тең қолже­тім­ділік жағдайлары жасалуда. Ішкі кедергілерді жою қазірдің өзінде мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды күшейтуге, туризмнің өсуіне жақсы ықпал етті. Осы пайданың барлығын азаматтарымыз айқын ұғынып отыр. Бұл еуразиялық ықпалдастық үдерісіне кең ауқымды халықтық қолдау болуда», – деп атап өткен болатын. Міне, содан бері 2 жыл уақыт өте шығыпты. Бұл аралықта ЕАЭО шеңберінде көптеген маңыз­ды мәселелер талқыланып, жүйелі жұмыстар қолға алынды. Әсіре­се, ЕАЭО-ның құрамына өтуге тал­пыныс білдіргендер және бірлес­тікпен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүдделілік танытқандар қатары өсе түсті. Бұған дәлел ретінде ЕАЭО-ға толыққанды мүше ретінде Армения мен Қыр­ғызстанның қабылдануын, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатылғанын айтуға болады. Бүгінгі отырыста Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ның халықаралық байланыстары барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. – Осы орайда, ұйымның төр­ағасы ретіндегі менің ұсыны­сым­­мен, 2016 жыл «Үшін­ші ел­дер­мен және негізгі инте­гра­ция­лық бірлестіктермен ЕАЭО-ның экономикалық қарым-қаты­нас­тарын тереңдету жылы» болып жа­рияланды. Өз үндеуімде ЕАЭО-ны біз әлемдік экономикалық жүйеге үйлесімді түрде кіріккен, Еуропа мен Азия арасындағы дәнекер қызметін атқаратын ашық қоғамдастық ретінде көре­тіні­мізді атап өткен едім. Былтыр Вьет­наммен арада еркін сауда ай­мағын құру туралы ЕАЭО-ның ал­ғашқы келісіміне қол қойылды. Бүгінде ҚХР, Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран, Камбоджа және өзге де көптеген елдермен ын­ты­мақ­тасу мәселелері жөнінде жұ­мыс жүргізілуде. ЕАЭО-ның ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және өзге инте­гра­ция­лық бірлестіктермен де сауда-эко­номикалық байланыстарын жолға қою мүмкіндіктері жеке қарас­тырылуда, – деді Қазақстан Пре­зиденті. 31-05-06 31-05-04JPGМемлекет басшысы ЕАЭО-ның бірлескен нарығы Шығыс пен Ба­тыстың, Солтүстік пен Оң­түс­тік­тің арасындағы байланыстырушы буын болуға тиіс екендігін айтты. – Одақ аясында тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы Қытай басшылығы ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба ынтымақтастықтың біздің елдеріміз үшін экономикалық пайда және өзара мүдделілік тудыратын салаларын қамтиды деп жос­парланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Қазақстан Пре­зи­денті біздің елде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. – «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында инфра­құры­лымдық нысандардың құры­лысы мен оларды жаңғырту жұ­мысы жүріп жатыр. Олар – транс­құрлықтық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізі­нің қазақстандық бөлігі, «Қазақ­стан – Түрікменстан – Иран» те­мір­­жолы, Ляньюньган қытай пор­тындағы логистикалық терминал сияқты жобалар. Каспий жаға­лауында «Құрық» паром кеше­нінің құрылысы жүруде. Осы­лайша, Қазақстан ауқымды инфра­құрылымдық жобаларды іске асыра отырып, осы көлік жолдары арқылы өңіраралық өзара іс-қи­мыл үшін сенімді платформа қа­лып­тастыруда, – деді Мемлекет бас­шысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикада болып жатқан ұнам­сыз жайттардың барлығы сынақ екеніне, оның ЕАЭО аясында мейлінше жүйелі әрі тың­ғылықты жұмыс жүргізуді талап ететініне назар аударды. – Өзара сауданың күрт тө­мен­деуін сезініп отырған қазір­гі кезде бізге осы қиын жағ­дайда өзара іс-қимылдың өзге жол­дарын табу мүмкіндігін іздес­тір­ген жөн. Бірлестік аясында ынты­­мақ­тасу бізге ресурстарды шоғыр­­ландырып, экономикалық тұрғы­дан бірлесе даму үшін қолай­лы жағ­дайлар жасауға мүмк­ін­дік бе­реді, – деді Қазақстан Пре­зиденті. Мемлекет басшысы бүгінгі жиынның күн тәртібіндегі мәселе­лердің көптігін айтты. – Онда ЕАЭО-ның ішкі өзара іс-қимылының да, халықаралық ын­тымақтастығының да аспек­ті­лері де қамтылған. Осы ретте біз шағын құрамда өткен кездесу ба­рысында талқылаған мына мәсе­лелердің маңыздылығын атап өтейін: ЕАЭО мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, Қытаймен келіссөз үдерісін бастау. Жалпы, бүгін қабылданған шешімдер ЕАЭО жұмысына және оған мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарға қосымша қарқын үстеуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті биыл ЕАЭО-ға біздің елдің төраға­лық ететінін ескере келіп, инте­гра­циялық бірлестіктің одан әрі табысты әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігердің жұмса­ла­тынына сендірді. Армения Президенті С.Сарг­сян экономикалық интеграция макро­экономикалық деңгейдегі қадам­дарды үйлестірудің деңгейін арттыруды талап ететінін атап өтті. – Осы ретте, ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын жүйелі іске асыруға және эконо­микалық әлеуетімізді арттыру жө­ніндегі бұдан арғы пәрменді те­тіктерді әзірлеуге зор мән бере­міз. Бұл біздің елдеріміздің эко­­но­микасының орнықтылығын арт­тыруға және қалыптасып отыр­ған жағымсыз экономикалық ахуал салдарларын еңсеруге септігін тигізеді. Біз жалпы әлем­дік саясат пен экономикадағы өңір­лік құрылымдардың үлесін арт­тыру үдерісі жағдайында инте­гра­циямыздың экономикалық серік­тестіктің барлық мүдделі тарап­­тармен кең ауқымдағы ынты­мақ­тастықтың ашық, тартымды үл­гісіне айналуы жолында барлы­ғын жасауға тиіспіз, – деді С.Саргсян. Беларусь Президенті А.Лука­шенко ЕАЭО-ны дамыту мақса­тымен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысындағы қиын­дықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өзара саудадағы ішкі алымдар мен шектеулерден құтылу, мүше елдің бірінің үшінші елдерден нарықты қорғауда біржақты шаралар қолдануы жағдайында ЕАЭО-ның жұмыс жүргізу тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманың орындалуы қажеттігі туралы айтылды. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік ынтымақтастық, энергетика саласындағы, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың ортақ нарығын қалыптастыру ісіндегі міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Қырғызстан Президенті А.Атамбаев ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттер басшыларын интегра­циялық үдерістің негізгі мақсат­тары мен міндеттерінің орындалуына қол жеткізу жолындағы кедергілерді жоюға барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды. – ЕАЭО-ны құру туралы келісімге 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылды. Шындығында, одақ одан да аз мерзімде жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан, оның әлеуеті орасан екені көрініп тұр. Әрине, қазірдің өзінде бел­гілі бір нәтижелер мен табыс­тар бар. Қателіктер мен қолдан жасал­ған проблемалар да жоқ емес. Біздің халықтарымыз үшін бұдан басқа баламаның жоқ екенін де өзіміз айқын сезіну­ге тиіспіз. Біз Еуразиялық эконо­микалық одақтың болашағы үшін, елдеріміздің болашағы үшін жауаптымыз. Еңбек пен төзім, халықтарымыз бен мемле­кет­тер­дің, сондай-ақ, барлық министр­ліктер мен ведомстволар басшы­ларының парасаттылығы мен ын­ты­мақтастығы керек. Мен ЕАЭО-ның болашағына сенемін, – деді А.Атамбаев. Ресей Президенті В.Путин ин­теграциялық бірлестіктің тиім­ді жұмыс істеуі үшін сыртқы серік­тестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты. – Біз одақтың өзге елдер­мен және интеграциялық бірлес­тіктермен экономикалық бай­ланыстарын одан әрі тереңдетуге күш-жігер жұмылдыру жөнінде Қазақстанның төрағалық ету барысында айтқан ұсынысын қолдаймыз. Ең алдымен, бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН мемлекеттерімен байланысқа қатысты мәселе. Бұл бағытта қазірдің өзінде жасалған жұмыс аз емес. Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, ЕАЭО-ны Қытайдың «Жібек жолы» бастамасымен ұштастыру идеясын дамыту үшін нақты жобалар тізбесі әзірленуде. Сондай-ақ, қазақстандық серіктестердің Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізу жөніндегі бастамасын да мақұлдаймыз, – деді В.Путин. Сонымен, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында төмендегідей шешімдер мен өкімдер қабылданды:
  1. Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ сотының судьяларын лауазымға Қырғыз Респуб­лика­сынан тағайындау туралы;
  2. Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің 2014 жылғы 10 қазандағы №79 шешіміне өзгеріс­тер енгізу туралы;
  3. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімінің күшіне енуі туралы;
  4. Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс регламентіне өзгерістер енгізу туралы;
  5. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімінің күшіне енуімен байланысты мәселелер туралы;
  6. ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­­тердің 2016-2017 жылдарға арнал­ған макроэкономикалық сая­са­тының негізгі бағдарлары туралы;
  7. Сербия Республикасымен сау­да режімін унификациялау туралы Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттердің Сер­бия Республикасымен келіс­сөздерін бастау туралы;
  8. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалып­тастыру тұжырымдамасы туралы;
  9. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы;
  10. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер хал­қының санитарлық-эпидемио­логиялық саулығы саласындағы өкілетті органдар басшыларының кеңесі туралы.
  11. Табиғи монополия субъек­тілерінің қызметін реттеудің бірың­ғай ережелері мен қағидаттары туралы 20-хаттаманың 5-тармағының тармақшасына сәйкес ақпарат беру туралы (Еуразиялық эко­но­микалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы келісімге №20 қосымша);
  12. Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің кезекті отыры­сының өтетін уақыты мен орны туралы.
Кеңес отырысы аяқталған соң Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саргсян арнайы мәлім­деме жасады. Ол өз сөзінде бас­қосуда мемлекеттер басшылары Вьетнам және Сербиямен сауда қарым-қатынасын дамыту жайын талқылағанын жеткізді. – Мемлекеттер басшылары ЕАЭО мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда айналымы туралы келісімнің күшіне енуіне қажетті шешім қабылдады. Еркін сауда туралы келісімге қол қойғанымызды өз­деріңіз білесіздер. Келісім күшіне ену үшін барлық қажетті талаптар орындалды, – деді ол. Сондай-ақ, спикер одаққа мүше-мемлекеттер Сербиямен келіссөз жүргізуді бас­тайтынын да мәлім етті. Бұған қоса, Т.Саргсян ал­қалы жиында Еуропалық одақ және Қытаймен экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударылғанын жеткізді. – Президенттер Еуразиялық экономикалық одақтың өзге елдермен экономикалық ынты­мақ­тастығын дамытуды талқылады. Ең алдымен Еуропалық одақпен ынтымақтастық мәселесі қарал­ды. Екінші бағыт – Қытай Ха­лық Республикасымен сауда-эко­номикалық ынтымақтастық барысы туралы. Бұл мәселе ел­деріміз үшін маңызды. Еуразиялық экономикалық комиссия келіс­сөздер үдерісін бастайды, содан кейін елдердің мүддесі тұрғы­сынан қарым-қатынастарды орна­татын боламыз, – деді Т.Саргсян. Сондай-ақ, ол ЕАЭО-ның Камбоджа Корольдігімен ынты­мақтастық мәселесі сөз болғанын да айтты. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия алқа­сының төрағасы отырыста мемлекеттер басшылары мұнай, мұ­най өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын бекіткенін мәлімдеді. – Бүгін біз қараған мәсе­лелердің екінші топтамасы энергетика саласына қатысты болды. Мем­лекет басшылары мұнай, мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалып­тастыру тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамаға сәйкес, одақтас елдердің энергетикалық компаниялары серіктестерінің мұнай инфрақұрылымына тең жағдайда қол жеткізеді. Мұнай және мұнай өнімдерін экспорт салығынсыз, нарықтық бағамен шектеусіз көлемде сатып ала алады, – деді ол. Оның айтуынша, аталған тұжы­рымдаманы жүзеге асыру үш кезеңге жоспарланған. Бұл ретте комиссия келесі жылдың ішінде тұжырымдаманы жүзеге асырудың бағдарламасын әзірлеп, оны президенттердің бекітуіне ұсынуы қажет. Одан кейін сәйкесінше келісімшарт әзірленеді. – Келісімшартқа қол қойыл­ғаннан кейін, 2025 жылы бізде бірыңғай энергетикалық нарық болады. Дәл осы бағытпен ЕАЭО-да газдың ортақ нарығын қа­лыптастыру тұжырымдамасы да­йындалады, – деді Т.Саргсян. Одан әрі спикер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер 2016-2017 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы құжатты бекіткенін атап өтті. – Отырыс барысында Одақ елдерінің Президенттері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макро­экономикалық саясатының негізгі бағдарларын бекітті. Құжат дағ­дарысқа қарсы әзірленген. Ол елдері­міздің экономикасы алдында тұрған қысқа және орта мер­зім­дегі барынша маңызды міндет­терді айқындайды, – деді Т.Саргсян. Бұдан бөлек, Жоғары Еура­зиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы ЕАЭО-ның жаңа көмекші органын құру туралы шешім қабылданғанын да жария етті. – ЕАЭО-ның жаңа көмекші органын, нақтылай айтқанда, одаққа мүше мемлекеттер халқының санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқаты бағытында өкілетті органдар басшыларының кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бұл кеңес одақ мемлекеттеріне келісілген саясат шараларын жүзеге асыруға жан-жақты көмектесуге, өкілетті органдардың іс-қимылын үйлестіруге бағытталған, – деді. Сондай-ақ, ол кеңестің келесі отырысы биылғы желтоқсанда Мәскеуде өтетінін хабарлады. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ