01 Маусым, 2016

«Бала дауысы»: Балалық шақтың, Музыка мен Шабыттың мерекесі

666 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

DSC08687-1*1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні

Көңілі – көктем, дидары – нұрлы

Елдің ертеңі, ұлттың бо­ла­шағы, жұрттың тірегі саналатын періштедей жас ұрпақ қашанда көңілі – көктем, дидары – нұрлы кейпімен жан дүниеңді баурайды. Олардың осы бір бақытты өмірі баянды болса екен дейсің. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде қазақ елінде өмірге келген ұл мен қыздың ты­ныс-тіршілігі алаңсыз өтіп келеді. Бұл Отанымыздағы береке-бір­ліктің, татулықтың жемісі деп білеміз. Қазір елімізде 18 жас­қа дейінгі жастар 5 575 754 бол­са, оның 2 555 921-і мектепке дейін­гі бүлдіршіндер, ал мектеп оқу­шылары – 2 799 585-ті құрайды. Балалар күніне орай, елі­мізде көптеген шаралар ұйым­дастырылуда. Соның ең бастысы, қалалар мен ауылдарда өтетін мерекелік шаралар дер едік. Оның қатарында үлгілі балалардың жетістігін өзгеге танытумен қатар, қамқорлықсыз қалған ұл мен қызға, мүмкіндігі шектеулі жандарға назар аудару да бар. Сол секілді 1 маусым күні дүниеге келген балаларға арнайы сыйлықтар тапсыру үрдісі де жалғасын табады. Әсіресе, мектеп оқушыларының жазғы демалысын сәтті өткізу ісі де жан-жақты ұйымдастырылу үстінде. Бұған қоса, осы маусым айының ортасына дейін бала құқығын қорғау, оның еңбегін қанамау науқаны да биік дәрежеде жалғасын табады. Бір сөзбен айтқанда, бала бақытымыз деген еліміз ұрпақтың мұңсыз болып өсуіне барлық мүмкіндікті жасай береді.

«Бала дауысы»: Балалық шақтың, Музыка мен Шабыттың мерекесі

2016 жылғы 14 мамырда Алматы қаласындағы Республика сарайында «Бала дауысы» І ұлттық балалар ән байқауы басталған еді. Байқаудың нышаны болып табылатын ғажайып нота 21 мамырдан бастап еліміздің барлық облыс орталықтарына жол тартты. «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаева бұл идеяның авторы және бас продюсері болып табылады. Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай біз онымен әңгімелескен едік. – Әлия Нұрсұлтанқызы, жобаның тұсау­кесерімен сізді шын жүректен құттық­таймыз! Оның идеясы және біздің еліміздің балалары үшін неліктен қажет екені туралы әңгімелеп беріңізші? 30-05-152-1– Рахмет! Біздің Отанымыздың бала­қай­ларына, олардың ата-аналары мен ұстаз­дарына қаншалықты толғанысты болса, мен үшін де бұл аса бір әуезді сәт! Бұл балақайлар жүректерінен орын алып, нағыз балалық шақтың, музыка мен шабыттың мерекесі ретінде естерінде қалғанын қалаймын. «Бала дауысы» жәй ғана байқау емес. Бұл кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оның басты мақсаты- еліміздің ең жас азаматтарына арнап жаңа әндерін жазу. 2016 жылдың қазан айында телекөрермендер байқаудың финалы өтетін Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында жаңа балалар хиттерінің орындалуына куәгер болады. Ал бала бақшалар мен мектептер жаңа ән жинақтарын сыйлыққа алады. Бүгінгі таңда біздің бұл байқауымыз осындай ізгі әрі қажетті міндетті көздейтін жалғыз байқау деп сенімді түрде айта аламыз. Сонымен қатар, өнер бәйгесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту боларлық айтулы оқиға да десек, жарасар. – Бұл байқау франшиза болып табылмай ма? Өйткені, қазақстандық телеарналарда му­­­зыкалық жобалардың бары құпия емес қой? – Біздің елімізде балалар өз бойындағы қабілеттерін ашуға және танып білуге кө­мектесетін түрлі жобалардың бары, әрине, қуантады. Біз оны жіті қадағалап, балалардың қуаныштарын әрдайым бөлісіп отырамыз. Әр байқаудың өзінің оңтайлы сәттері бар. Дегенмен, әлі де жетілдіруді талап ете­тін тұстары да жоқ емес. «Бала дауысы» байқауының концепциясын әзірлеген кезде біз осындай ерекшеліктерді ескеруге тырыстық. Әрбір бала іріктеу турында өзін нағыз батыр, хас жеңімпаздай сезінуін, бойындағы музыкалық қабілетін әрі қарай шыңдай түсуге деген ұмтылыстарын оятуға барынша күш салдық. Өйткені, «Дарынсыз бала болмайды, дарыны ашылмай қалғандар ғана болады», деген қанатты сөз бар ғой. Біріншіден, «Бала дауысы» – қайсыбір белгілі музыкалық жобалардың көшірмесі емес оқиғаларға қанық байқау екенін атап өткім келеді. Іс жүзінде барлық қазіргі ән байқауларына келетін болсақ, кастингтер балалардың материалды ұйымдастыру комитеті арқылы не алшақта өтеді. Болмаса іріктеу турлары кейбір облыс орталықтарында, одан қалса Алматы мен Астана қалаларында ғана өтеді. Біздің «Бала дауысы» әрбір облыс орталығына барып, балалардың танымал әртістермен, белгілі композиторлармен және продюсерлермен жеке танысуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде біз тікелей кастинг өткізілетін күні тіркеуден өтетін балаларды есепке алмағанда 5 346 онлайн-өтінім алдық. Байқауға шамамен 8 000 бала қатысады деп күтіп отырмыз. Кастингке келген әрбір бала тыңдау қорытындысына тәуелсіз байқаудың имидждік өнімін және тәлімгердің қолтаңбасы қойылған қатысушының сертификатын алады. Біз бұл байқаудың нағыз халықтық болғанын қалаймыз. Екіншіден, біз өзіміздің музыка мен ән пәнінің ұстаздарын да ұмыт қалдырған жоқпыз. Себебі, балалардың өз өнерін көрсету деңгейі және әрі қарай өрбіп, өсуі осы ұстаздардың кәсіпқойлығына тікелей байланысты. Облыстық іріктеу турларын өткізу кезінде ұстаздарға арнайы әзірленген «7-12 жастағы балаларды вокалдық тәрбиелеу теориясы мен тәжірибесі» атты лекциялық бейне-курс сыйға тартылады. Курстың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор және біздің тәлімгерлеріміздің бірі Толқын Забирова. Бұл курстың педагогтарға балақайлармен жұмыс істеу барысында олардың бұдан да үлкен табысқа жетуіне көмектесіп, жақсы әдістемелік жәрдемқұралға айналатынына сенімдімін. – Байқауға қатысушылар ел аймақ­тарындағы айбарлы команда атануда. Тә­лімгерлер қалай анықталды? Оларды іріктеудің қандай да бір межелері бар ма? – Біз эстрадалық орындаушылардың шығармашылығын аса мұқият қадағалап отырамыз. Балаларға үлгі болатып, олар құрмет тұтатын танымал әртістің келуі тиіс екенін түсінеміз. Бастапқыда біз барлық аймаққа іріктеу комиссиясының бір ғана құрамы барады деп жоспарлаған болатынбыз. Бірақ кейін 16 тәлімгерді комиссия жұмысына қатысуға шақырдық. Олардың әрқайсысы бір-бір облысқа аттанды. Байқаудың қайталанбас бір ерекшелігі осында жатса керек. Байқауға қатысатын тәлімгерлердің тәжіри­белі болуы, жеке жетістіктері оларды таңдаудың басты межелерінің бірі ретінде есептеледі. Бағым Мұхитденова, Фарида Ниязова мен Ғалымбек Исмбергенов сияқты белгілі музыкалық продюсерлермен қатар, қазылар алқасының құрамына Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Медеу Арынбаев, Димаш Құдайбергенов, Ademi, «Ринго» тобынан Данияр Өтеген, танымал орындаушылар Әли Оқапов, Айқын, Медет Көжекбаев, Мақ­пал Исабекова, Жұбаныш Жексенұлы, Диана Шарапова, Әсет Арыстанбек, Айгүл Иманбаева, Ернар Айдар сияқты халықаралық және республикалық байқаулардың жеңім­паздары мен лауреаттарының кіргеніне өте қуаныштымыз. – Өткен жылы сіздің қорыңыз «Бала тюрквижион» халықаралық балалар ән байқауының ұлттық іріктеу сатысын өткізді. Биыл ол жалғасын таба ма? – Иә, өткен жыл біздің қорымыздың командасы үшін айтулы жыл болды. Біз «Бала тюрквижион» байқауының ресми өкілі болдық. Оның нәтижесі баршаға мәлім. Біздің бұл Ұлттық іріктеу түркі әлеміндегі 13 елдің ішінде ең үздік болып танылғанын атап өткім келеді, ал Еркін Тұрсынхан «Алтын дауыс» атағына ие болды. Биыл балаларға арналған жаңа әндер жазу, жас дарындарға қолдау көрсету идеясын жалғастыра отырып, халықаралық байқаудан байланысымызды үзбейміз. Әйтсе де, аталмыш байқаудың пішімін кеңейтіп, бұрын да айтқанымдай оған әлеуметтік бағдар беріп, «Бала дауысы» атты өз ұлттық брендімізді құруды шештік. Біздің қорымыз «Бала тюрквижион» байқауының финалына шыққан балаларға қолдау көрсетуін жалғастырады: 2015 жылдың желтоқсан айында біз сол балалардың қатысуымен қайы­рымды­лық концертін ұйымдастырдық. Осы күндері ол «Бала дауысы» байқауының ашы­­луына арналған Гала-концерттің басты кейіп­керлеріне айналды. Жақында Қазақстан тұрғындары біздің жас қазақстандық композиторларымыз Мархабой Саби мен Шоқан Әбдіхан жазған Еркін Тұрсынханның «Самға» әніне түсірілген кәсіби бейнебаянын тамашалайды. – Мамыр айының 14-інде Республика сарайында «Бала дауысының» ашылу сал­танатына арналған Гала-концерт өтті. Бұл керемет шоу болды. Продюсерлер мен музыканттардың, қонақтар мен кө­рер­мендердің пікірі бойынша елімізде осындай балалар концерті өткізілмеген екен. – Ниеттеріңізге үлкен рахмет! Шынымен де, балаларға арналған нағыз мереке болып шықты. «Бала дауысының» бастау алуы­на арналған осы сынды Гала-концерт – біз­дің тағы да бір ерекшелігіміз деп білемін. Сах­нада кәсіпқойлармен бірге кішкентай жұлдыздардың орындауындағы қазақстандық және әлемдік эстраданың хиттері шырқалды. Концерттің дайындығына 327 адам қатысты. Бүкіл командамызға, әсіресе, дарыны тасыған балаларға, олардың ата-аналары мен педагогтарына  түсіністік танытқандары үшін шексіз алғыс білдіргім келеді. 22 мамырда миллиондаған телекөрермен біздің шоуымызды рахаттана тамашалады. Көрермендердің көңілінен шық­қанына сенімдімін. Облыстық іріктеу турларының ең керемет сәттерін көрермендер тоғыз телевизиялық күнделіктен және күзде, яғни 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында КТК арнасынан берілетін үш бағдарламадан, жаңалық сюжеттерінен көре алады. – «Бала дауысы» байқауының іріктеу тур­ларының және байқаудың өзінің жеңімпаз­да­рын алда қандай міндет, мақсаттар күтіп тұр? – Біздің қорымыз кастингтер аяқталғаннан кейін 16 аймақтық жартылай финалға қатысу­шыны қазақстандық балалық шақтың бесігіне айналған, есігі әр кез ашық «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беру және сауықтыру орталығына «Бала дауысы» Жазғы музыка мектебіне шақырады. Бұл жерде балалар сольфеджио, хореография, әртістік шеберлік сияқты бағыттар бойынша білімдерін шыңдайды. Атақты өнер иелерінің кластарынан тәлім алады, жаңа әндер үйреніп, оларды финал кезінде орындайды. Марапаттауға келетін болсақ, қандай да бір ұстата салатын ақшалай сыйақыларды әдейі айналып өтіп, біздің Ұлттық байқауымыздың жеңімпазы еліміздің беделді музыкалық білім мекемелерінің бірінде оқуға, «Бала дауысы» грантына және музыкалық клип түсіру құқығына ие болады деп шешкенімізді бірден атап өткім келеді. Ал финалға шыққан барлық қатысушылар Қордың және әріптестердің арнайы жүлделеріне ие болады. –  Шындығында, байқау кімге де болса шабыт сыйлайды екен. Әлия Нұрсұлтанқызы, біздің оқырмандарымызды жеке сипаттағы сұрақ та қызықтырады. Неліктен дәл осы музыкалық жобаны таңдадыңыз? Бұл жо­баға сіздің өз балаларыңыз қатыса ма? – Біздің отбасымызда музыка мен шығармашылық қашан да үйлесімді дамудың маңызды сәті болған, алда да бола бермек. Мен өз ата-анама К.Байсейітова атындағы Республикалық музыка мектебіне түсіп, оны фортепиано класы бойынша аяқтап шығуыма мүмкіндік бергендері үшін әрқашан алғысымды білдіремін. Жәния Әубәкірова менің ұстазым болды. Мен өз ұстазымның бүгінгі күнге дейін қолдап келе жатқанына шексіз ризамын. Жәния Яхияқызы «Бала дауысына» өз батасын беріп, имидждік роликтің басты кейіпкерлерінің біріне айналды. Біздің жобаларымызды мұқият қадағалап отырады. Менің балаларыма келетін болсақ, қыздарым Алсара мен Тиара вокалдық өнерде өздерін сынап жүр. Өткен жылы олар атасы мен әжесіне арналған өздерінің алғашқы әндерін жазды. Дегенмен, бұл көбінесе отбасылық трек (күлімсіреді). «Бала дауысы» байқауының Гала-концертінде қыздарым Ескендір Хасанғалиевтің аса танымал әрі сүйікті «Айналайын» әнін орындады. Нәтижесіне көрермендер баға бере жатар, бірақ оларға әнді жазу, дайындалу, үлкен залдың алдында толғана өнер көрсету процесі қатты ұнады. «Бала дауысы» байқауы барысында бала­ларға қолдау көрсетіп, оларға сенім артқан ата-аналар мен ұстаздарға да алғысымды білдіргім келеді. «Бала дауысы» сіздерге, сіздердің балақайларыңызға жаңа достар тауып береді. Барлығы бір мақсатқа бірігіп, ізгіліктің, бейбітшілік пен сүйіспеншіліктің туын биік көтеруге үлес қосады. Бала – бақыт, ендеше, оларға  зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеп, сүйікті Отанымыз гүлдене берсін дейік! – Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет.  «Бала дауысына» ақ жол!  Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»