01 Маусым, 2016

Барымызды бағалайтындар бар

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ДубайИә, маңғыстаулық тілшіміз көптің көкейінде жүрген өзекті мәселені көтеріп отыр. Бұл – шындық. Өйткені, жаз айы бастала салысымен қазақстандықтар шет мемлекеттердегі демалыс орындарына ағыла бастайтыны анық. Себебі, Қазақстандағы демалыс орындарымен салыстырғанда Анталияда немесе Дубайда демалу арзанға түседі. Ұшақтың құны да қазақстандықтардың қалтасына шақ келеді. Оның үстіне шет мемлекеттердегі демалыс орындарындағы сервистік қызметтердің де жоғары екенін демалушылар тамсана айтып жатады. Сондықтан, қазақстандықтар отбасымен, бала-шағасымен бірге шетелде тыныққанды жөн санайды. Ол үшін оларды сөге жамандауға болмас. Өйткені, қай жерде дем аламын десе де әркімнің еркі. Бірақ, тағы да қайталап айтуымызға тура келеді, Қазақстанда да дәл шетелдегідей алаңсыз дем алуға барлық жағдай жасалған болса, құны қалта көтеретін болса, жұрттың шетелге сабылып несі бар?! Әрине, биліктегілер бұл мәселеге байланыс­ты қол қусырып қарап отыр деуден аулақпыз. Жо­ғарыда сөз болған «Кендірлі» демалыс орнын жаңғыртуға байланысты жағымды жаңалық та жұрттың арасына тарап үлгерді. Сәтін салса, жоспарлаған жұмыстар жүзеге асса, Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында келісті қонақүйлері бар демалыс орындары салынатын  күн алыс емес. Оған неміс инвесторлары құлық білдіріп отыр. Олардың бұл ретте ауқымды жобалары бар. Оның осы жақын күндері Берлинде таныстырылымы болған. Инвесторлардың айтуына қарағанда, Каспий теңізінің жағалауындағы «Кендірлі» курорты тек заман талабына сай демалыс орны ғана болып қалмайды, 200 мың адам тұратын тұтас қалаға айналатын түрі бар. Жоспар бойынша біздің мемлекетіміз онда мектептер мен бала­бақшалар, ал инвесторлар жекеменшік нысан­дардың құрылысын жүргізетін болады. 23 қонақүй мен аквапарктердің, яхт-клубтар мен сауық­тыру орталықтарының құрылысын инвесторлар қаржыландырады деген жоспар бар. Алғашқы кезекте олар 600 миллион еуроға дейін қаржы салмақ. Ал жобаны аяқтаған кезде қаражат көлемі 30 миллиард еуроға жетеді. Сондықтан, барымызды өзіміз бағалай алмасақ та, баға­лайтындар бар болып шықты. Соған қуан­дық. Бұл тақырып туралы әңгіме қозғалғанда, тағы бір ескертуге тиісті мәселе бар – Мысырдағы, Түр­киядағы қазіргі аласапыран жағдайларды жұрт көріп-біліп отыр. Онда демалысқа барып, елге жетуі мұң болғандар да жоқ емес. Қанды қақтығыс болып жатқан елдерге баратын туристердің де, демалушылардың да қарасы азаятыны анық. Солай болып та отыр. Сондықтан, осыны еліміздегі демалыс орындарының басшылары ұтымды пайдаланып қалуы керек емес пе? Және де бұл басқа мемлекеттерден де туристерді тартудың қолайлы сәті. Нарыққа және уақытқа сайма-сай қимыл-әрекет етуге болмас па? Бұған кім кедергі? Егер жо­ғарыда айтқанымыздай, демалыстың бағасы көпшіліктің қалтасы көтеретіндей болса, сервистік қызмет жоғары сапалы болса, отандастарымыздың Қазақстанның тынығу орындарында дем алғанды қош көретіні анық. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»