*4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні
Сөз жоқ, жаныңа қуат береді. Астананың қақ ортасындағы Тутөбеге көз тіксең, кәдімгідей бойыңды бір керемет сезім билейді. Рухтанып қаласың. Азаттық туралы ұғым-түсініктің арқауы Тутөбе іспетті.
Байрағы бар, Елтаңбасы бар, Әнұраны бар елдердің қатарын толықтырғанымызға биыл, Құдай қаласа, ширек ғасыр толады. Тәубе ететініміз, төрткүл дүниеде саны қазақты екі-үш орап алатын қаншама халық азаттығына әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отыр. Соған қарап, шүкіршілік етеміз. Қайраттана түсетініміз – шекарамызды шегендеп, тәуелсіздіктің толық нышандарын түгендеп алғанымызбен, қауіпсіздік бұлты әлі сейіле қойған жоқ. Сол себепті, бұрынғыдан да патриот, бұрынғыдан да ұлтжанды болуымыз керек.
Патриоттық демекші, Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді ардақтаудан басталады емес пе?! Айтпақшы, былтыр «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар патриотизмді ұлықтау шараларымен астасып жатыр. Сондай-ақ, заңда мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін кеңейту, насихаттау және оларды қолдану жөнінде Үкіметтің және уәкілетті органның құзырын нақтылау, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін атап өтудің ережесін әзірлеу қарастырылды.
– Елдіктің белгісі ғой, жыл сайын 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленеді. Осы күні салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Туы көтеріліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады. Айтпақшы, бүгін Отанымыздың түкпір-түкпірінде бір мезетте сағат 12.00-де Әнұран шырқалатын болады.
Сондай-ақ, Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу шеңберінде жаңа нысандардың ашылуы, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы, медальдарды, төсбелгілерді, ведомстволық наградаларды, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыстау жүзеге асырылады. Кітапханалар мен музейлерде Мемлекеттік рәміздерге арналған тақырыптық көрмелер мен экспозициялар өткізіледі. Мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге, өз еліне деген мақтаныш және Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, тәрбиелеуге бағытталған бұдан да басқа конкурстар, викториналар ұйымдастырылады. Осының барлығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Жомартбек Айменов.
Осылайша құзырлы орындар тарапынан өскелең ұрпақтың санасына ұлтжандылық рухын, патриотизм нәрін сіңіруде үлкен шаралар атқарылып жатыр. Жастарымыздың өздерінің де мемлекеттік рәміздерді ерекше бағалайтынына куә болып жүрміз ғой. Әсіресе, туған елден жырақта жүрген қазақстандық студенттердің Көк байрақты көтеріп түскен суреттері осының дәлелі.
Биылғы өткен Парламент Мәжілісінің сайлауына байқаушы ретінде қатысқан Ресей Мемлекеттік Думасының вице-спикері Владимир Васильев қазақстандықтардың мемлекеттік рәміздерін жоғары бағалайтындығына риза болды. «Сайлау учаскелері ашылар тұста, таңғы сағат 7-де Мемлекеттік Гимннің орындалуы өте қатты ұнады. Барлығы қолын жүрек тұсына қойып, ақырын шырқады. Маған қатты әсер етті», – деді ол.
Мемлекеттік рәміздерді күллі дүниеге танытудың, өскелең ұрпаққа ұлтжандылық рухын дарытудың ең бір озық дәстүрі спортшылардың жетістіктері болып табылады. Ал оның ішінде Олимпиаданың орны бөлек. Мемлекеттің мәртебесін көтеріп, рәміздерін асқақтататын ойындар. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жазғы Олимпия ойындарына екі мәрте ту ұстап шыққан (Атланта, Сидней) Ермахан Ыбрайымов қана. Афина Олимпиадасында бұл құрметке Асхат Жіткеев ие болса, Бейжіңде Бақыт Ахметов алып шықты. Лондонда Нұрмахан Тінәлиев Көк туды желбіреткен Олимпиадада қазақ спортшыларының мерейі үстем болды.
Ал алдағы Риода Көк туды ұстауға лайықты оғыландарымыз жеткілікті. Ендеше, Бразилия төрінде Көк туымыз желбіреп, Әнұранымыз сан рет шырқалады деп сенеміз. «Көк тудың желбірегені, Қазақтың асқақ беделі» емес пе!
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»