Біздің қоғамымыз қазіргі жаһандану заманында өркениетті және дамыған елдер қатарына қосылуға, алдыңғы қатарлы қауымдастықтардың ортасынан лайықты орын алуға талпынуда. Бірақ Ақтөбедегі келеңсіз оқиға Қазақстан аумағында әлі де біршама күрделі де қайшылықты мәселелер бар екенін байқатты. Соңғы уақытта әлемде жиі көрініс беріп кеткен террорлық актілердің тізбегі, сонау Париж бен Брюссельден біздің жерімізге де жетті. Өкінішке қарай, осы террорлық әрекеттерді ислам дінін жамылған, өзіндік әлеуметтік әділеттілікті іздеуге тырысқан азаматтардың кейбір топтарының жасайтындығы. Әрине, олардың осындай жаңылысу қадамдарынан мұсылман дінінің мәні түбегейлі бұрмаланғанын көреміз.
Лаңкестердің кескін-келбеті, аты-жөндері бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, интернетте жарияланып та үлгерді. Олардың басым көпшілігі өзіміздің қазақтар. Кеше ғана ұлттың ішінен тәрбиеленіп шыққан жігіттер. Бақытсыздықтың ең үлкені – қолға қару алу арқылы әділеттілік іздеу. Өзінің көзқарасын, тілек-талабын өзара сұхбат арқылы шешу өркениеттіліктің, мәдениеттіліктің белгісі екенін түсінетін кез келді. Құрбан болған азаматтар да негізінен қазақтар. Бұл не деген сөз. Белгілі бір теріс күштердің ұлттық ішкі бірлігімізді шетінетуге, адамдардың бір-біріне қатынасын барынша салқындатуға бағытталған қадамдар.
Қолға қару алып, көпшіліктің де, жеке адамның да мүддесін қорғау мүмкін емес. Ол тарихта өткен қоғамдардың еншісіндегі қисынсыз дүниелер, енді көп мәселені ашық түрде, қоғамдық келісім арқылы шешетін қоғамға айналуымыз керек. Бұл талапты «ашық қоғам» теориясын алға тартқан батыстық қоғамтанушы мамандар үнемі ескертіп отырады. Осындай қадамдардың шын мәнінде өмір қажеттілігі екенін зерделеп те үлгердік, яғни «демократия» деген құндылық адамның саяси болмысын айғақтаудағы басты бағдар екенін көзі ашық ағайын байқап отыр.
Тәуелсіздікті күн өткен сайын бекітуге, нығайтуға арналған жиырма бес жыл да өтіп келеді. Бұл дегеніңіз, ширек ғасыр және тарих үшін көп те емес, аз да емес. Өткен тарихи кезең еліміз үшін түп-түзу сызықтай болды деуге болмайды. Оның қомақты жетістіктері де, өзіндік әттеген-айлары да болғанын жасырмау керек. Ең бастысы – қоғамымыз бұрынғы қыспақтарда тоқырап тұрып қалған жоқ, кейін қарай құлдыраған жоқ, ыдырап кетуге жол берілген жоқ, негізінен жіберілген қателіктерді жеңе отырып алға жылжуға ұмтылумен болды. Көптеген заңдар өзгерістерге ұшырады, нарықтық қатынастардың негізгі тетіктері жұмыс істей бастады, демократияландырудың практикалық сабақтарын ала бастадық.
Енді жылдар бойы әртүрлі салаларда жинақтаған құнды дүниелерімізді шашпай-төкпей өркендетуімізге бет бұратын уақыт жетті, яғни әрбір азаматымыздың мағыналы өмірінің ұйымдастырылуына, оның тұлға ретіндегі өзіндік ерекшеліктерінің паш етілуіне назар аудару міндеті алға шыға бастайды. Қоғамның негізгі байлығы – адам, оның мүдделері, оның өмірі мен еркіндігі. Осы сан қырлы адам болмысының бір сипаты саяси саладағы сауаттылық. Сондықтан, қазіргі кезеңде адамның саяси дүниетанымының шынайы сипатта өрбуі өте маңызды мәселе, өйткені, ол өзінің тұлғалық еркіндігінің бір қырын сайлауға дауыс беру арқылы қатысуымен немесе сайлануымен білдіре алады.
Еліміздің ертеңін ойлауымыз оның жастарының қандай құндылықтарды қадір тұтатынымен, асқақтататынымен астасып жатады, бұл мәселеге үстірт қараушылық қоғамда қадау-қадау мәселелерді туындататынын, кейбір ауытқушылықты өрбітетінін өмір көрсетіп отыр. Діни сипаттағы лаңкестік, әлеуметтік мәселелерді шешуде криминалдық жолды таңдау жастардың бойына сіңе беретін болса, онда олардың ішіндегі рухани дағдарыс ұлғая түседі. Оған жеткізбеудің жолы қоғамдағы рухани тәрбиені дұрыс жолға қоя білу, жастардың рухани әлемінің назардан тыс қалмауы. Осы мәселенің төңірегінде Қазақстанның барлық өңірлері барынша белсенділік танытса құба-құп деген ойдамыз.
Біз қазір халқымыздың зияткерлік ұлтқа, алдыңғы қатарлы қауымдастыққа айналғанын қалаймыз. Ол дегеніңіз, шын мәнінде тек өз басының қамын ойлаған тұтынушы қоғамның ұстанымдарымен ғұмыр кешетін жас ұрпақты тәрбиелеу емес. Керісінше, ақиқатқа құмар, еркіндікті сүйетін, жан-дүниесінде руханилықтың жылуы бар, қоғамдағы барлық мәселелерді өз бойынан өткізетін, басқаларға көмек беруге дайын тұратын білімді жастарды тәрбиелеу, жаңа әлеуметтік организмді қалыптастыру. Сондықтан, қоғамымызда болып жатқан кез келген саяси, мәдени оқиғалардан әрбір азамат шеттеп қалуға болмайды. Ол – біздің ортақ тағдырымыз, еліміздің бүгіні мен болашағы.
Ғаламтормен қаруланған жас ұрпаққа шынайы өзара араласу, өзара біріге өмір сүру тәжірибесі жетпейтіндей әсер қалдырады. Жалпы, қазақ халқы да, түркілер ділі де этикалық құндылықтарды жоғары дәріптеген, осы игі дәстүріміз жаңа заманның материалистік, прагматистік бағдарымен қайшылыққа түсіп жатқаны да белгілі. Осыған орай қазіргі заманның қайшылықтарының түпкі астары болашағымыз қай бағытта өрбуі тиімді деген сауалдың жауабын табумен астасып жатады.
Шығармашылығын, өз дарынын шектеген адам өзін әлеуметтік механизмнің қосалқы тетігіне айналдырады. Сондықтан, мемлекеттік органдар тарапынан жастардың барлық жерде маргиналданып кетпеуін бақылап отырған жөн. Өйткені, ондай жағдай әртүрлі діни ұйымдарға мүше болуға барып тіреуі де мүмкін. Міне, осыған орай қабілетті, белсенді, абзал адамды қадірлеу дәстүрін қалыптастыруға, дамытуға барлық аймақтарда талпынсақ, онда елімізге демократияланудың жаңа бір лебінің қоғам болмысына келіп жеткеніне куә боламыз, келеңсіз әрекеттерге жол бермейміз.
Cерік НҰРМҰРАТОВ,
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ