Осыдан 25 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында халқымызды жарқын болашаққа бастау, жоғалтқанымызды түгендеп, өшкенімізді жаңғырту, егеменді ел болу міндеті тұрды. Енді, міне, Тұңғыш Президентімізбен Мәңгілік Ел болу мақсатындағы нұрлы қадамымызға биыл ширек ғасыр толмақ. Тәуелсіздігімізді алған тұстан бастап Елбасының сарабдал саясаты арқасында жеткен жетістіктеріміз орасан. Ұлы бабаларымыз шаңырағын көтеріп, уығын қадаған, әлемдегі айбынды мемлекеттердің қатарына қосқан Қазақ хандығы деп аталатын ұлан-ғайыр ұлыстың толық әрі шынайы тарихын таңбалау, тасқа басып қалдыру кезінде ұлттың арманы еді. Ұлы Қазақ елі Қазақ хандығы құрылған күннен бастап күні бүгінге дейін неше алуан тарихи кезеңдерден өтті. Қасірет кешкен, қан жұтқан кезі аз болған жоқ. Дегенмен, ұлттың ұлы тарихы жүйеленді, тасқа басылды, аруақ қонған айтулы азаматтардың еңбегінің нәтижесінде лайықты деңгейде таңбаланды. Қазақ Ордасын басқарған, Ордаға билік жүргізген жиыны жиырма екі ханның барлығы да талассыз тарихи тұлға, ұлттың ұлы тұлғалары атанды. Қазақ әдебиетінде хандар бейнесі лайықты деңгейде жасалды. Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев және өзге де майталмандарымыз бен марқасқаларымыздың қажымас қалам қайратының нәтижесінде қазақ тарихының көркем шежіресі жасалды.
Осыдан бес жарым ғасыр бұрын Керей мен Жәнібек хан Шу бойына тіккен хандықтың туы – Мәңгілік Елдің мұраты, ұрпағына қалдырған мәңгілік аманаты еді. Әлімсақтан аманатқа қиянат жасамаған қазақ халқы сол хандықты бүгінгі күнге дейін сақтап, қастерлеп келді. Оның нақты дәлелі ретінде 2015 жылы елордамыз Астанадан бастап, еліміздің барша аймағында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы өтіп, күллі әлем көз тіккен Ұлы Дала елі тағы бір мәрте өнегелі тарихымен Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атаулы мереке аясында елордамыз Астана қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиындағы баяндамасында «Әдетте, Жапонияны – Күншығыс елі, Кореяны – Таңғы шық елі, Нидерландты – Қызғалдақтардың отаны, Қытайды – Аспанасты елі деп жатамыз. Қазақстанға да осындай атаулы бренд жетіспейді. Біз – Ұлы Даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық, сондықтан бүгін және мәңгілік Қазақстанымыз – Ұлы Дала елі, бұл Ұлы жаңғырған дала елі, біздің Отанымыздың көпэтносты халқының бесігі. Сүйікті Отанымыздың халықтық атауы осы – Ұлы Дала елі» деген еді. Біз, шығысқазақстандықтар Ұлы Дала елінің төрткүл дүние танып, қызығып әрі қызғанып қарайтын брендке айналарына сенеміз.
Қазақта халықтың өткендегі өмір тәжірибесін, салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білетін, шиеленіскен дау-дамайды екі-ақ ауыз сөзбен шешетін Мөңке, Бәйдібек, Қазыбек, Төле, Әйтеке, Боранбай бабаларымыздай алмас тілді, орақ ауызды шешендер мен билер өткен. Халық арасындағы билер мен ақсақалдар өмірлік тәжірибесіне, көрегендігіне, әділеттілігіне, ақылдарына сүйене отырып, даулы мәселелерді шешкен. Оларды ешкім тағайындамаған және сайламаған. Әдет-ғұрып құқық нормаларын жақсы білуі, сөйлеу шешендігі, жеке басының қасиеттерінің кіршіксіз болуы нәтижесінен халық мойындауымен ғана би атағын ала алатын.Ғасырларды артқа тастап, уақыт сынынан өткен «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны» мақалдардың күні бүгінге сақталуы көптеген жайлардан хабар береді.
Қазақтың дара перзенттерінің бірі Шоқан Уәлиханов пікірі ойымызды айшықтай түспек: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, бүкіл жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған. Сөйтіп, би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке айналды да, бидің балалары заңнан тәлімі болғандықтан, әке орнына мұрагер болып қала берді», деген екен.
Расында да қазақ халқының тарихына үңіліп қарасақ қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген ұлы халық. «Бітімшілікке тоқтамағаннан – береке іздеме» – деген қағиданы ту етіп ұстаған дархан халқымыздың әдет-ғұрпы мен тәлім-тәрбиесі адамгершілік қасиеттермен ұштасуы да сондықтан болар.
Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деуге лайық. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ мән берген. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын ойлаған. Алты алаштың бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеген.
Осы орайда бүгінгі медиация заңының Елбасының ұйытқы болуымен заманауи талаптарға сай қабылдануы, толықтырылуы еліміздегі бітімгершіліктің, бірлік пен ынтымақтың тоғысуына әкелді. Кешегі дана бабаларымыздың бітімгершілік заңы мен бүгінгі Медиация заңының сабақтасуы заңдылық. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының VІ съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне ерекше назар аударды. Ендігі жерде тараптарды бітімге келтірудің берекелі жолы қалыптасып келе жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн. Мемлекет басшысының тапсырмаларын, стратегиялық жоспарлары мен жолдауларын, әсіресе, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын – іс жүзінде игілікке асыру бойынша еліміздің Шығыс өңірінің көш бастап тұрғаны біздер, зиялы қауым өкілдері үшін қуантарлық жағдай. Қасиетті қара шаңырақ Семей өлкесінің ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері әрдайым елімізде, өңірімізде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермеуге, қоғамдық істерге атсалысуға, жастарға жөн сілтеу, ақ батамызбен өсиетімізді айтып тәжірибемізбен бөлісуді әдетке айналдырдық. «Мін түзелмей, сын түзелмейді» дегендей, айтқан мініміз бен сынымызды елеп, ескеріп, жөн сөзге құлақ асып, пікірлерімізбен санасатын өңірдегі кейбір басшылардың жұмысына көңіліміз тоятынын да жасырмағанымыз жөн. Ұлы Абай бабамыз айтқандай, «Сүйер ұлың болса – сен сүй, сүйінерге жарар ол» немесе «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деген аталы сөздер ұрпаққа тағылым.
Өткен жылдың көктемінде Елбасының Жарлығымен Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған Досжан Әміровтің басшылығымен өңіріміздегі сот жүйесінде оң өзгерістер орын алуы, әсіресе, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында сот саласына қатысты көрсетілген тапсырмаларды орындауға белсене атсалысуы, қоғаммен санасуы, аудандарды аралап халықтың мұңын, ой-пікірлерін тыңдап жүйелі жұмыс атқаруы халықты қуантуда. Айта кету керек, Досжан Сарманқұлұлының үйлестіруімен жоғарыда атап өткен медиация заңын өңірімізді дамыту аясында ұйымдастырылған 2000-нан астам шараның өз жемісін беруі, яғни татуластыру рәсімдері бойынша аяқталған сот істерінің санының соңғы жылдары күрт артуы қуантарлық жайт. Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында аймағымызда облыстық соттың басшылығымен ұйымдастырылған халықаралық және республикалық мәдени-рухани шаралар арқылы екінің бірі біле бермейтін көптеген тарихи мәліметтер қайта жанданып жаңғырды. Тіпті, қазақ мәдениеті тарихындағы аса ірі құбылыс, қайталанбас тұлға, халқымыздың маңдайына біткен бас ақынымыз Абай бабамызды заңтанушы ғұлама ғалым ретінде басқа қырынан да танып, қайран қалғандар да көп болды.
Абай – әділ биліктің үлгісі. Абаймен жолдас, сырлас, замандас Көкбай Жанатайұлы: «Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысы болса да көрген жоқ деп айта аламын», – деп естелігінде келтіруі тек қана шындық дерсіз.Абайдың аса беделді төбе би ретінде көрінуі Қарамола съезімен байланысты. Қазақ тұрмысында ордаланып қалған мәселелерді «шербешнәй» («чрезвычайный») съездерде қарау әдетке айналған. Сондай «шербешнәйдің» бірі 1885 жылдың мамыр айында Шар елді мекеніне таяу жердегі Қарамолада өткен. Семей губерниясына қарасты бес уездің атақты билері, дуалы ауыз ақсақалдары, болыстары қатынасқан съезде Абай төбе би болып сайланған.Съезді сол кездегі Семейдің генерал-губернаторы Цеклинский басқарып, Абайға қазақтың жаңа заң ережесін жасауға тапсырма береді. Қарамола шербешнәйінде Абай жазды делінетін Ереженің туу тарихы осындай. Бұл туралы өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарынан бері жарық көрген естеліктер мен зерттеулерде жазылған.
Сөзді ұзартып әкетпей қысқа қайырсақ, Қарамола ережесінен Абайды алшақтатушылар да бар екені жасырын емес. Бірақ та атаулы ережеден Абай бабамызды алшақтатудан ешкім де ұтпайтынын ескергеніміз жөн. Қайта алдағы мақсатымыз ережені жазуға Абайдың қосқан үлесінің мөлшер, межесін анықтау. Демек, зерттеушілер құлшына кірісер мәселелер баршылық.
Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында облыстық сот төрағасы Д.Әміровтің төрағалық етуімен 2016 жылдың сәуір айының басында республикада алғаш рет бітімгерлік рәсімдері бойынша жасалған меморандум аясында «Жаңа АПК: бітімгерлік рәсімдері – насихаттау, енгізу азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізуде оларды қолдану» тақырыбында практикалық семинар өткізілді. Шараға судьялармен қатар Абай ауданының әкімі және аудандағы тоғыз ауылдық округ әкімдері, аудандық мемлекеттік органдардың өкілдері, «Шаңырақ» медиация орталығының жетекшісі Е.Абдрахманова, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар мен ауыл ақсақалдары және облысымыздың зиялы қауым өкілдері қатысқан едік. Атаулы шарадан үлкен сабақ алдық, яғни бітімгершілік, татуластыру шараларының даму бағытының қарқын алғанына көзіміз анық жетіп, тәнті болып қайттық. «Мәңгілік Ел» болуды көксеген халқымыздың басты мүддесі – Отанды сүю, бабалардан мирас болып қалған жеріміз бен елімізді қорғау, атадан балаға берілетін ұлы мұра салт-дәстүрді қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау идеясы болса, осы идеяның игілікке асуына өзіндік үлес қосып жатқан шығысқазақстандық қазылардың басталған істі межесіне зор жетістіктермен жеткізуіне тілектеспіз.
Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, елімізде этносаралық, конфессияаралық қақтығыссыз бейбіт қоғамды құру идеясы ғана емес, сонымен бірге, заңды сипаттағы дауларды барынша жоққа шығаратын қоғам орнатылатынына сеніміміз мол. Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасыры Елбасының идеялары астына топтасқан елдің ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын дәлелдеп берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деп аталатын мақаласында осы ой өрнектелген. Президентіміздің үнемі баса назар аударатын мәселесі – ел бірлігі. Оның мөлдір бастауы халқымыздың «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген асыл сөзінде жатыр. Сондықтан да Елбасының бастамасымен жанданған бітімгершілік үрдісінің дамуына зор үлес қосып, баршамыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып игілікке асырып, бірлігі мен берекесін арттыра берейік.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
Семей