08 Маусым, 2016

Жанға дәру – «Жаңақорған»

2613 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
0Әңгімеміздің әлқиссасында бір әзіл еске түсіп отыр. Бір апамыздың буыны ауырып, сүйегі сырқырап «Жаңақорған» санаторийіне емделуге келіпті. Содан батпақпен емделіп жатады. Күнделікті емнің шипасы болып, жағдайы түзеле бастайды. Әр күн сайын әлі артып, әрі кіріп, батпандап кірген ауруы мысқалдап шығады. Батпаққа оранып жата бергісі келеді. Дегенмен, оның да өз уақыты бар. Мезеті келгенде қызметші жігіттер апайға келіп, уақыттың болғанын айтады. Сонда әлгі кісі: «Айналайын, байдан көрмеген рахатты лайдан көріп жатырмыз. Тұра тұршы», деген екен. Аңыздағы ақиқат Ел аузындағы аңызға аяқ тіресек. Заманында бір аңшы таудың тасасынан киіктің еңгезердей текесін атады. Нысанасын көздей бергенде көзі бұлдырап кетіп, қол мергендігіне салып адырнасын керіп тұрып тартып жібереді ғой. Теке орнынан қарғып тұрып, қырдың басына шығып, одан Сырға қарай жөңки жөнеледі. Оғының тимегеніне таңғалған мерген теке жатқан жерге барып жебесін іздейді. Таппайды. Содан текенің ізіне түссе, қанның дақтарын көреді. Сонадайдан шаңдатып бара жатқан жануардың жаралы екенін білген аңшы соңына түседі. Сол арада кеш түсіп кетеді. Түнде аңның ізін кезіп жарытпайтынын сезеді. Жаралы жануардың ұзап кетпесін біліп, азанымен аңды атып алуға бел буады. Таң себезгілеп атып келе жатқанында атын ерттеп, қайта ізге түседі. Алдынан көл шығады. Көлдің сортаң тұсында, батпақтың арасында таудай болып жатқан текені көріп, етбеттеп жанына жетеді. Жеткенін қайтсін, теке атып тұрып, көз ілеспес жылдамдықпен қашып кетеді. Оқ тиген текенің сау аң секілді заулағанына таңғалған аңшы орнында қалшиып тұрып қалыпты. Әлден уақытта қараса, батпаққа кірген тағының ізінде қан бар. Шыққанында жоқ. Етігін шешіп, біраздан бері мазалап жүрген аяғын батпаққа салғанында бойындағы жел-құзына шипа тапқандай болады. Жалма-жан үйіне барып, көптен бері сал ауруына шалдығып жатқан анасын осында алып келіп, үй тігіп, батпаққа салып емдей бастайды. Құдайдың құдіреті, аз ғана уақыттан кейін анасының белі жазылып, өзінің сырқырап жанын шыдатпаған ауруына дәру тауыпты дейді. Осы оқиғадан кейін батпақ пісер шаққа қарай Теріскен көліне іркес-тіркес адамдар келе бастаған екен. Ел аузындағы бұл аңыздың қаншалықты рас-өтірігін білу қиын. Дегенмен, Жаңақорғанның батпағын жұртқа әйгілеген осындай бір жағдайдың өмірде орын алуы да заңдылық еді. Осыған ұқсас жағдай өткен ғасыр­дың бас жағында да болған көрінеді. Теріскен көліне жақын тұста бір қойшы өмір сүріпті. Әр сәт сайын көлдің батпағына жаралы аңның келіп жатып, бірнеше күннен кейін құлан-таза айығып, шауып бара жатқанын көреді. Содан ой келеді: қорасындағы қотыр  қойларды батпаққа әкеп, үйіріп тастайды. Малы тез арада дүр сілкініп, отарға ілесіп, домаланып кете беріпті дейді. 1901-1907 жылдары Орынбор-Ташкент теміржолы салынды ғой. Жол көлді ортасынан қақ бөліп өтті. Теміржолшылар шіліңгір шілдеде адамдардың көлге келіп, батпағына оранып, емделіп жатқанын көреді. Осы әңгіменің соңы Ақмешіттегі теміржол ауруханасының дәрігерлеріне жетіп, олар қызығушылық танытып, Жаңақорғанның батпағын зерттейді. Ақыры, 1918 жылы аталған аурухананың фельдшері Ф.С.Мартюков осында екі бөлмелі үй салып, теміржолшыларды емдей бастайды. Сол күннен бастап «Жаңақорған» санаторийінің дәурені басталады. 90-жылдардың тоқырау кезеңінде шипажай басынан небір қиыншылықты өткерді. Қызметкерлері үш жылға дейін айлық алмаған уақыт та болды. Дәл сол тұста «Жаңақорған» санаторийіне Аманкелді Абдуллаев басшы болып жіберіледі. Шипажай ісінен, емдеу жұмысынан бейхабар адам бұл жерге қызметке келуге қанша қарсы болса да, аудан әкімі онысына қарамайды. Жұмысты дөңгелетіп әкететін өзіңіздей іскер адам керек», деп отырып алады. Не істемек керек? Шаруашылықта істеген кезіндегі таныс-тамырларын жағалаудан басқа амал жоқ. Ең бірінші, Қызылордадан қарызға ұн алдырады. Оны қызметкерлеріне таратып береді. Одан соң жұмысшыларының айлығын етпен береді. Қарызданып жүріп айлық таратады. Емделуге келіп жатқан адам жоқтың қасы. 15 адам келсе, соның өзі қуаныш. Даңғарадай ғимараты, орналасқан орны сұқ көздердің назарына ілікпей қалмайды. Шипажайдың басындағы қиын жағдайды сылтауратқандар оны сатып алмақ та болады. Республика Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевқа ұжымдық хат жазады. Хаттың тоқетерінде екі жыл мұрсат беруін, осы аралықта шипажайдың жұмысын жүргізе алмаса, сатылымға шығаруға қарсы емес екендерін жеткізеді. Солайша, екі жыл уақыт беріледі. Осыдан соң «Жаңақорған» санаторийінің қызметкерлері жатпай-тұрмай еңбек етіп, әрбір мекеменің табалдырығын тоздырып, адам шақырып, ақыры жұмыстарын ұршықша иіріп әкетеді. Аманкелді Абдуллаевтың іскерлігі болмаса, осы уақытта шипажайдың қандай күйде болатыны белгісіз еді. DSC_2515Ақиқатқа айналған аңыз «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», деген. Іргемізде тұрғаннан кейін бе, әлде өзіміздің немқұрайлылығымыз ба, осы «Жаңақорған» санаторийіне аса қатты қызықпаппыз. Дегенмен, Қазақстанның қай түкпіріне бармасаң да, алдымен аталған шипажай туралы сұраушылардың көп екенін білеміз. Кейбірі жыл сайын Жаңақорғанға келіп, ем алып, дертіне шипа тауып жатқанын айтады. Осыған қарап-ақ, бүгінде «Жаңақорған» санаторийіне келушілердің саны жыл санап артып келе жатқанын байқауға болады. 90-жылдары 15 адам келетін шипажай қазір жылына 14 мың кісіге дейін қызмет көрсетеді. Нәтиже деген осы емес пе? Сары даланың ішіндегі оазистей болған шипажайдың іші қазір гүлге оранып тұр. Айналаның барлығы жап-жасыл. Ішкі жолдары жөнделіп, демалушылар үшін жағдайдың барлығы жасалған. Бас ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, келушілерге ыңғайлы етіп қайта жасақталған. Шипажайдың негізгі емі – батпағы мен тұзды суы. Суын рапа деп атайды. Батпағының құрамы күкіртті сутегі, аммиак және микроорганизм тіршілігінен құралған. Түсі – қап-қара. Қолға жұғымды, денеге майдай жағылады. Суының құрамында хлоридті натрий бар. Сонымен қатар, калий, литий, темір элементтерінен тұрады. Батпақ ауру түрлеріне қарай қолданылады. Оның өзі екіге бөлінеді. Жалпы және арнаулы процедуралар болып. Жалпы түрінде денені батпақпен орап, басты, көкірек клеткаларының алдыңғы бөлігін ашық қалдырып, қалған бөлігін лайға бөлеп тастайды. Арнаулы емде бел мен буындарды аппликация жасайды. Батпақ жылуды жыл он екі ай өзінің бойында ұстайды. Денеге орағаннан соң жылуын адам бойына таратады. Соның әсерінен терідегі рецепторлар арқылы жүйке жүйесіне тарап, қан айналымын реттеп, эндокриндік зат алмасу процестеріне әсер етеді. Емдік батпақ ауырған жердегі қан айналымын күшейтіп, қабынған тұсты тарқатып, қайта қалпына келуге ықпал етеді. «Жаңақорған» шипажайы атап айтқанда, сүйек-буын, перифериялық жүйке жүйелері, гинекологиялық, урологиялық, асқазан, бауыр, ішек, және өт жолдарын, тері, үсік пен күйікке шалдыққандарды, поагра секілді ауруларды емдейді. Бұлар тұзды батпақпен, сумен, тампондар жасау, физиотерапия, минералды сумен емдеу арқылы іске асады. Шипажайда бүгінде 235 адам қызмет етіп жатыр. Олардың қатарында 6 жоғары білімді дәрігер, 30 орта және 40 кіші буын медицина қызметкерлері бар. 1994 жылдан бастап гастроэнтрология бөлімі ашылып, жұмыс істеп келеді. Емделушілерге қажет болса, диагностикалық тексерулерге жағдай жасалған. Заманауи құрылғылар арқылы урологиялық, гинекологиялық тексерулер жасалып, қандағы қант мөлшерін анықтайды. Күніне үш мезгіл ем алушылардың ыңғайына қарай  құнарландырылған тағам беріледі. Мұнда келген ағайындар тек емделіп қана қоймайды. Сонымен қатар, іргедегі  Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Арыстанбаб пен Сауранға саяхат турлары да ұйымдастырылады. Бүгінде Бақытжан Абдуллаевтың басшылығымен жұмыс істеп жатқан санаторийге алғыс айтушылар көп. Батыс өңірдің тұрғындары жаз айларында негізінен Жаңақорғанда жатып емделеді. Әсіресе, мұнай саласында қызмет істейтін адамдар шипасын осы жерден табады. Жыл бойына ыстық пен суықтың, аяз бен үскіріктің, жауын мен дауылдың арасында жүретін мұнайшылардың жел-құзын жазып, бойындағы ауруын емдеп жібереді. Сонымен қатар, алыс-жақын шет елдерден арнайы келіп жатқандар да баршылық. Емделушілер бірнеше ай бұрын жазылып, орнын белгілеп қояды. Әйтпесе, салт басты салып ұрып келе салғанда орын болмайды. Осының өзі «Жаңақорған» санаторийінің жұмысына берілген баға дер едік. Германия мен Израильге барып ем таппай, жаны қысылған адамдардың Жаңақорғанға келіп еміне шипа тапқан мысалдарын талай көрдік. Бір перзентке зар болып жүрген талай жұптың осында келіп емделгеннен соң бала сүйіп, ата-ана болғанын әлденеше рет естідік. Егер Жаңақорғанның батпағы мен суы осынша қасиетті болмаса, Құдай бұл жерден шипа табуды жазбаса, осылай болар ма еді? Әрине, болмас еді. Бүгінде «Жаңақорған» санаторийі Қызылорда облысының бойтұмарына айналды. Бұл да болса, қасиетті Сыр еліне Жаратқанның берген бір нығметі болса керек. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы