Ақтау қаласындағы бірден-бір өнерге арналған оқу ордасы – Маңғыстау Өнер колледжіне алыстан арнайы қонақтар келді. Олар – әйгілі музыкант, Ресей Федерациясының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Гнесин атындағы Ресей музыка академиясының профессоры, сазгер А.А.Цыганко мен оның зайыбы И.В.Шевченко және Алматы консерваториясының профессоры Е.Басықара.
1948 жылы өмірге келген Александр Андреевич – танымал музыкант, орыс халқының ежелгі домра аспабының шебер орындаушысы. Он жетінші ғасырда орыстың негізгі аспабы болған домра кейін, яғни ХІХ ғасырда өз орнын балалайкаға береді. Қазіргі таңда аталмыш өнер аспабы Ресейде мектепте, колледжде және консерваторияда оқытылып келеді. Александр болса бала кезінде бастауыш және орта музыкалық білімді Омбыдан алады да, кейін Гнесин атындағы мемлекеттік музыкалық-педагогикалық институтын бітіреді. Ескі аспапты жаңғыртшуы, домраны ұрпақ санасынан ұмыт қалдырмай, домраның құлағында ойнайтын орыс жастарын тәрбиелеуші ретінде Ресей музыка әлеміне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Колледж студенттерінің өнерін тамашалап, өзі де аспапта орындаған А.Цыганков пен Б.Басықара бастаған топ украин ақыны Т.Шевченко айдауда болған Ақ Кетікке – Форт-Шевченкоға барып, ақынның мұражайын аралады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы