Өзіміздің қашанда өзге жұрттың қызарғанына (бұл жерде – тіліне) құмартып тұратындығымыздан, ауызша болмаса, іс жүзінде ешқашан тиісті дәрежеде қолдау көрсете алмағанымыздан, сондықтан да шығар, іс қағаздарын жүргізу құралына айнала алмай, от басы – ошақ қасының тілі болып қалғанына қарамастан, қазақ тілі ішкі ойыңды жеткізуге толық мүмкіндік беретін әлемдегі бай тілдердің бірінен саналған. Оған өзімізді былай қойғанда, жатжұрттық ғалымдардың ауыздарынан шыққан ой-пікірлер де дәлел. «Қазақ тілі, зерттеушілердің барлығы да бұл тілді ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды», дейді белгілі Шығыс зерттеушісі П.М.Мелиоранский. Бұдан артық қандай баға керек! Бірақ, сол «бай» да «таза» тіліміздің егемен ел атанған дәл қазіргі күндегі жай-күйі қандай?
«Бұл спорттың түрі өте ден
саулыққа пайдалы», деді жақында бір журналист інім қазақстандық телеарналардың бірінен хабар жүргізіп тұрып. Мен болсам алғашында біреу-міреу сөз ұқпастығымды байқап қалар деген сезікпен, қазіргі заманның жастары білімдірек қой, сондықтан сөйлемдерін әдейі күрделендіріңкіреп құрастырғанды жөн көретін шығар деген қорытынды жасай салдым. Өйткені, бұрынғылар «Спорттың бұл түрі денсаулыққа өте пайдалы» деп сөйлейтін. Жоқ, сөйтсем, менің түсінігіме томпақ келе беретін сөздер бір бұл емес көрінеді.
«...Курск соғысында көз жұмады...», деді тағы бір журналист Жеңіс күніне орай әзірленген кезекті телехабарда. Алғашқысында әліптің артын бағып, сыр бермеуге тырысқаныммен, дәл осы тұста мен жаңағы әріптес бауырымның білімдарлығына сәл-пәл күмән келтіре бастадым. Оған себеп, «Курск соғысы» деген соғысты мүлде естімеген едім өз басым. Оның есесіне маған «Курск шайқасы» деген Екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан әлдеқайда мәлімдеу болатын. Ол аз десеңіз, «соғыста көз жұмды» дегеннен гөрі, «шайқаста қаза тапты» немесе «мерт болды» деген сөз анағұрлым ұғынықтырақ әрі баяндалып отырған оқиғаға үйлесімдірек, жатықтау шығатын сияқты көрінеді.
Неге екенін білмеймін, бүгінде осы сияқты «шайнауға» қатты, «жұтуға» ауыр сөйлемдер мен сөздерден аяқ алып жүре алмайтын болдық. Мәселен, сіздің өзіңіз «Дүниежүзілік гуманитарлық саммиті өз жұмысын бастады», «Өткінші жауын жауып, найзағай болады», «Көзіңізге байқап жүріңіз...» (телехабарлардан), «Орталық базары» (Орталық базарға кіреберістегі жазу) деген сияқты сөйлемдерге қалай қарайсыз? Мен өзім жоғарыдағы сөйлемдер арқылы «Дүниежүзілік гуманитарлық саммит болады», «Өткінші жауын жауып, найзағай ойнайды немесе жарқылдайды», «Орталық базар» дегенді айтқылары келген шығар деп түйін жасадым. Әйтеуір, маған осылай айтсақ дұрыстау болып шығатындай көрінеді. Әлде «ақырзаманның» жастары да бірдеңе біле ме екен?
Егер менің «ескіше» пайымдауыма салсақ, қазіргі кездегі көптеген аудармаларды да төрт аяғынан тік тұр деп айту қиын. Мысал келтірейік, «Ет деликатесінің жаңа түсімі» деп хабарлады бір жарнама. Шынымды айтсам, осындағы «түсім» сөзіне менің тісім батыңқырамады. Қазақта «түсім» деген сөздің бар екені рас. Айталық, «астықтың түсімі». Бұл жерде әңгіме өсіп шыққан дәнді дақылдың белгілі бір түрінен алынатын өнім туралы болып отыр. Ал деликатестен («жеңсік астан») қандай өнім алынады? Содан келдім де жатып алып ойландым, жаңағы жарнаманың жұмбағын шешпек болып. Шақшадай басым әбден шарадай болғанда барып бұл пәтшағарлардың «Жаңа түскен ет деликатестері» дегілері келген-ау, сірә, деп тұспалдадым өзімше.
Жалпы, аударма мәселесінде өресі өрге өрмелей алмайтын адамның ақыл-ойы жете бермейтін «тылсым» дүниелер өте көп. Жақында бір жазғыш (бәлкім, айтқыш) Ресейдің Нижний Новгород деген қаласын Төменгі Новгород деп қазақшалапты. Ойланып көрейікші, осы «быламықтан» не түсінуге болады? Біріншіден, аударма толық емес. Болса да аударған соң Новгород сөзін «Жаңақала» деп тәржімалау керек. Сонда «Төменгі Жаңақала» болып шығады.
Бірақ бұл тіркестің де санаңды сарсытып жіберетініне бәс тігуге дайынмын. Неге дейсіздер ғой? Айтайын, ең алдымен заңды түрде бекітілген ресми атауларды, елді мекен аттарын бір тілден екінші тілге аудару олардың атауларын бұрмалау болып шығады. Әрине, транскрипция мәселесіне келсек, онда әңгіме басқа. Егер сізге біреу келіп «Мен Төменгі Жаңақалаға бара жатырмын» десе, сіз одан не түсінер едіңіз? Бұл – бір. Екіншіден, егер біз өзге жұрттың қалаларын өз қалауымызша қазақшалай беретін болсақ, олардың да біздің Астанамызды «Столица», Қызылордамызды «Красная Орда», Ақтауымызды «Белая гора» деп былықтырмасына кім кепіл?
Дәл осы сияқты өзге ұлт өкілдерінің аты-жөндерін тәржімалау да көрегендіктің көрінісі болып табыла қоймайды. Мұны айтып отырған себебіміз, «Николай Петрұлы» деген сияқты күлкілі аттар сирек болса да кездесіп қалып жатады. Ең қызығы, өзіміз «ов», «ев», «ин» дегендерден құтылдық деп бөркімізді аспанға лақтыра отырып, өз сөзімізді өзгелерге күштеп таңуымызда болып отыр. Бүйте берсек, орысты қойып, шетелдіктердің де аты-жөндерін қазақыландырып, Шекспирді Шекспирұлы, Бальзакты Бальзакұлы қылып жіберуіміз де ғажап емес...
Айта берсе, әңгіме көп. «Аспазшы», «Диқаншы» деген өрескел қателіктерге де құлағымыз әбден үйреніп алды. Сірә, бара-бара «өнерпазды» «өнерпазшы», «бипаз» деген әдемі сөзді «бипазшы» қылып өңін айналдырып алып жатсақ ешкім де таң қала қоймас. Осы орайда соңғы жылдары пайда болған «жұмыс тобы» сөзіне де ат шалдыра кеткен артық емес. Осы сөзді кейбіреулер «жұмысшы тобы» деп алып жүр. Бұл да қисынға қиғаштау. «Жұмыс тобы» дегеніміз орысша «рабочая группа» деген сөздің аудармасы. Ол – нақты бір іспен шұғылдану үшін арнайы құрылған мамандардың тобы. Ал «жұмысшы тобы» дегеніміз «группа рабочих» болып шығады, яғни белгілі бір жұмыспен айналысатын қарапайым жұмысшылардың тобы немесе «бір топ жұмысшы» деген ұғымды білдіреді.
Сол сияқты, орыс тілінен аударма жасаған кезде сол тілдің стилистикасын сақтап қалуымыз да ақылға қонбайтын әдетке айналып барады. Мысалға, «Акиматом принято решение» деген сөйлемді «Әкімдікпен шешім қабылданды» деп аударатын болдық. Қазақ бұрын өз тілінің заңдылығына, ерекшелігіне бағына отырып «Әкімдік шешім қабылдады» деп сөйлейтін. Масқара болғанда, осындай орашолақтықтарға көбіне-көп өздерін ана тілдің жанашырлары санайтын азаматтар жол беріп жататынын қайтерсің. Түбі тілімізді біреу-міреу құртар болса, өзге емес, сол дүмше «жанашырлардың» өздері-ақ құртып шығады-ау деген қауіп те осындайда қылаң береді.
«Олақтың сөзі орынсыз жамау секілді» деген халқымыздың нақылын да дәл осындай қысылған сәтте еске түсіруге мәжбүр боласың. «Ата даңқымен – қыз өтеді, мата даңқымен – бөз өтеді» деген мәтел тағы бар. Біздің көптеп-көлемдеп бөзге айналдырған сөздеріміз қазақ тілінің атымен әзірге өтіп кетіп жатыр, әйтеуір. Сонда да болса, қалай ойлайсыздар, жоғарыдағыдай орынсыз жамау-жасқаулардан арылып, «бөзді» қайтадан сөзге айналдыратын уақыт келген жоқ па осы?..
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»