14 Маусым, 2016

Хат қоржын

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
iОҚЫРМАН ...жаңалығын жеткізеді Жаңа зауыт ашылды Сарыағаш ауданында айына 50 мың дана бөлке мен батон нандарын шығаратын жаңа зау­ыт ашылды. Мұнда сапалы әрі таңдаулы нан өнімдерінің 30 түрі пісіріледі. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы халықты жоға­ры сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті. Соны­­мен қатар, ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­­­­­ды­ғы қарсаңында пай­да­лануға беріліп отырған нан зауы­тының жұмысына сәттілік тіледі. Ауданның орталығында орналасқан «Яссы-нан» ЖШС жобасының жалпы құны 300 млн. теңге. Серіктестік дирек­торы Насиба Атаеваның айтуынша, аудандағы азық-түлік дүкендерінде аталған нан зауы­тының өнімдері сатылуда. За­уыттағы «ВОСХОД» нан пі­сіретін пеш құрылғысы көрші Ресейден алынған. Бүгінде онда 30 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпкер кондитер өнімдерін шығаратын цех ашуды көздеп отыр. Кенже ЕРКІН  Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы ...ризашылық білдіреді Қолдау көрді Аққұл Өзбековтің шын тегі – Молдамұхамедов. Ол ежелден құран ұстап, бала оқытқан діндарлар әулетінің ұрпағы. Кеңес өкіметі солақай саясатының салдарынан аталары қуған-сүргінге ұшырап, ел аумағынан кеткен. Арып-ашып жүріп, Өзбекстанға қоныстанған. Тіпті, ататегін ауыстыруға да мәжбүр болған. Алланың ақ жолын ұстанған атасы мен әкесі ұрпағының туған топыраққа оралуын өси­ет­теген. Сол себептен, Аққұл Сабырбекұлы тәуелсіздіктен кейін ата, әке аманатын орындау үшін елге оралыпты. Әзірге Қазақстанда уақыт­ша тұруға рұқсат алып, еңбек етіп жүрген азамат мектеп жа­сындағы балаларына құжат рәсімдеу барысында көптеген қиындықтарға тап болған. Бала­ларын оқудан қалдырмауға тырысқан әке амалы таусылып, «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалынан көмек сұрауға мәжбүр болды. «Үмітім алдамады. Партияның араласуымен ба­ла­­­ларымның құжаттарын рет­тедім. Қазір екеуі де орта мек­тепте оқып жүр. Елдің бас партиясына алғысым шексіз. Балаларымның қазақ тілінен үздік танылуы аналарының арқасы. Ұлты өзбек болғанмен қазақтың салт-дәстүрін қатаң ұстанып, 30 жыл қазақ тілінен дәріс берген ұлағатты ұстаз» – дейді Аққұл Сабырбекұлы.  Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Атырау ...қауіп етеді Түсініксіз жарнамадан түңілдік Белгілі жазушы-журналист ағамыздың: «Алматыда жүрсем де шетелде жүрген сияқ­тымын. Қала толы жарнама. Бұрын орыс­шасы көп жазылғанда ептеп түсінуші едім, ен­ді не жазу екенін мүлде түсін­беймін», – деп әлеуметтік же­лі­де кейіс білдіргеніндей, қа­ламыздағы ғимарат атау­лының маңдайшасындағы ше­тел тіліндегі иқы-жиқы құлақ­тандырулардан көз сүрінеді. Сонда дейміз-ау, бұнымыз жарнама жөніндегі қабылданған заңды белден басқанымыз ба?! Біз білетін кез келген жарнама мемлекеттік тіл­де беріліп барып, содан соң өзге тіл қосарланатыны ұм­ыт қалып отыр. Осыны қада­ға­лайтын құзырлы орындар не дейді?  Ерсұлтан МАҒЖАН  АЛМАТЫ ...тілегін айтады Ел ықыласына бөленген жандар Мен біраз бұрын нау­қас­танып «Облыстық туберкулезге қарсы диспансерлік аурухана» мемлекеттік мекемесінде төрт ай емделдім. Осы мер­зімде аурухана дәрігерлері мен медбикелері ем-домын уақ­тылы жасап, тікесінен тік тұрып қызмет етті. Бөлім меңгерушісі Ерлан Илиясов пен аға медбике Жеңіскүл Саты­балдиева сияқты ақ халатты абзал жандардың өз істеріне асқан жауапкершілікпен қа­рап, науқастың көңілінен шы­ғуға барлық күш-жігерін салатыны көрініп-ақ тұрды. Тек жалғыз менің ғана емес, бар­лық науқастың бабын тауып, емін беруге, денсаулығын сауықтыруға кіршіксіз қызмет көрсетуі ұнады. Ауруханадан шыққаннан кейін үстіміздегі жылдың наурыз айына дейін есепте тұрып, амбулатория­лық ем қабылдадым. Осы кезде де үнемі байланыс жасап, емнің дұрыс жасалуын қадағалап отырды. Науқастарға туысын­дай қарап, әр науқастың көңілін аулап жүрген осы ұжым дәрі­герлері мен медбикелері­нің ең­бектері жемісті болуына аналық тілектестігімді біл­діремін. Ақпатыш ҚАЛМЕН, ардақты ана  Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Қаратоғай ауылы ...ой бөліседі        Тыйым салғаны дұрыс Мектеп оқушылары үшін хиджаб пен қысқа балақ­ты шалбарға тыйым салынуы дұрыс деп ойлаймын. Әлеуметтік желідегі бір оқыр­ман мектепке орамал тағып бару керек, ол Алланың бұй­рығы депті. Алланың хақ дініне ешкім де шүбә келтірмейді, бірақ, мектеп оранып, хиджаб тағып баратын орын емес! Әркім өз діни сенімдеріне сай киініп барып, біреу қызыл орамал, біреу сары хиджаб тағып барса нағыз ала-құлаға айналмай ма? Мектептің са­лиқалы оқу ордасы екенін естен шығарып алмау керек. Үкімет шотландиялық белдемше (килт) кигізіп қоймайтыны анық қой, демек біркелкі фор­маға, салынған тыйым­ға түсіністікпен қарау керек. Кейбір еліміздегі діни тү­сі­ніктермен баланың миын қазбаламаған жөн. Абай АЙМАҒАМБЕТОВ Алматы облысы