14 Маусым, 2016

Үрейге бой алдырмаған абзал

349 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ҰБТ жақындаған сайын елі­міз­дегі оқушылар мен олардың ата-аналарының, ұстаздар мен мек­теп басшыларының алаңдап, биыл­ғы тестілеуге қатысты не айтылар екен деп құлақтарын түретіні бел­гілі. Жылдағыдай, биылғы ҰБТ да өзгеріске толы болады деген сыбыс өткен жылдың жаз мезгілінен бас­тап айтылған еді. Сол кезден бері жаңашылдықты күтіп жүр­ген жастарымыздың аз емесі анық. Енді, міне, келесі жылдан бас­тап, білім және ғылымды дамыту мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес, ұлттық бірыңғай тестілеу жетіл­діріледі және трансформацияланатын болды. ҰБТ келесі жылы өзге­ріске ұшырағанымен, негізгі инф­ра­құрылымы мен тетіктері қалады. Жалпы алғанда, жыл сайын ҰБТ-ның «жыры» таусылған емес. ҰБТ кезінде тестілеу өткізетін жерге барып көрген адамға мына бір көрініс жақсы таныс болуы мүмкін. Тест тапсыратын түлектің ата-анасы, туыстары, мұғалімдері, қала берді, келесі лекте ҰБТ-ға қатысатын талапкердің бәрі таң атпай сынақ болатын пунктке жиналу «дәстүрге» айналған. Тестілеу­дің қалай өтетінін бақылап, сынақ тапсырушыға қолдау көрсет­кен дұрыс. Бірақ, бұдан үміткер­ге келер пайда бар ма? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Қолдаймыз деп, керісінше, тәртіп бұзып, тест тапсырушыларға үрей мен жай­сыздық туғызып жататындарын ойламай ма? Мысалы, білім ошақтарының бірінде мектеп директорының орынбасары 11-сынып оқушысының ата-анасын шақырып алып: «Балаңызға көмек көрсетуге мүмкін болған жағдайдың бәрін жасаңыз», – деп талап қойғанын естідік. Бұл сөзді қалай түсінеміз? Былтырғы тестілеу кезінде түлектерге көмектесеміз деп әшкере болған келеңсіздіктерден ұстаздар сабақ алмағаны ма, қалай? ҰБТ-да талап қоюшылар көп. Ал орындаушы біреу. Ол – оқушы. Осылай жүріс-тұрысы қатаң бақы­лауға алынып, ескертпені жиі естіген баланың көңіл күйі байыз таба ала ма? Бұған оқулықтардағы олқылықтарды қосыңыз. Мектеп бағдарламасында баламалы оқу­лық­тардың қолданылатыны жиі айтылып жүр. Тестке дайындалу үшін оқулыққа жүгінейін десе, әр жылы жарық көрген кітапта даталар әртүрлі жазылған. Бұл ҰБТ-да түлектерді сүріндірмейді деп кім айта алады. Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева бұл жөнінде: «ҰБТ қазір балалар үшін де, ата-ана үшін де моральдық және психологиялық проблема болып отыр. Жыл сайын емтиханның жауабы шығатын кезде қатты уа­йымдаймыз. ҰБТ-ның соғысқа ұқсас болмағанын қалаймыз. Шын талантты, білімді оқушының оқуға түсу жолында кедергі болмас үшін жұмыс істейміз. Бұл жүйені ыңғайлы еткіміз келеді», деген болатын. Жалпы, үміттен гөрі үрейге көп бой алдыратын мектеп бітіру­шінің жай-күйін түсінуге болады. Себебі, ол «ҰБТ-дан сүрінбей өтуге тиіссің!» деп үлкен жауапкершілік жүктеп қоятын ата-анасы мен ұстаздарының көздеген үдесінен шығуды ойлап, жыл бойы алаңдаумен жүреді. Сынақтан жоғары балл жинай алмаса, өзгені қойып, алдымен осы «жақындарының» қыспағында қалатыны анық. «Пәленшенің баласы құрлы болмадың», деген айыптаулар айтылып қалуы да бек мүмкін мұндайда. Бұған «мектеп көрсеткішін төмендеттің» деп шүйілетін мұғалім мен директорды қосыңыз. Сондықтан, білім алған алтын ұясының, ауданның, оның арғы жағында өңірдің абыройы үшін барын салып тестке дайындалатын шәкірттің қандай психологиялық қысым көретінін іштей шамалай беріңіз. Білім және ғылым министр­лігіндегілер білім сапасын негізі Ұлттық бірыңғай тестілеудің қоры­тындысы бойынша бағалауға болмайды деп баяғыда-ақ айтқан. Сөйте тұра, мектеп бітірушілердің тестілеуге қатысу көрсеткіші, сы­нақ­­тан жоғары балл жинаған түлек­­тер мен шекті деңгейге жете ал­маған­дарын саралап, талдау жасайды. Сол бойынша облыстардың рейтингісі түзіледі. Ал кім алға озды, кім артта қалғанын анықтаған соң, кемшіліктің себеп-салдарын іздеген кері процесс басталды дей беріңіз. Иә, қалай айтсақ та, бұған дейін ҰБТ кезінде балаға жасалатын қысым көп болды. Осыдан кейін оның жүйкесі сыр беріп, ашушаңдыққа, сабырсыздыққа бой алдырғандары да рас. Биыл ғана ҰБТ мәселесінде министрлік тарапынан бірқатар өзгерістер енгізіліп еді, соның әсері болар, бұл жолғы тестте балалардың өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген жағдайлар кездеспеді. Лайым, ондай қиын жағдайлар енді қайталанбасын. Әрине, келесі жылдан бастап ҰБТ-ның пішімі өзгеретін көрінеді. Әйтсе де ең алдымен ҰБТ-ға деген қоғамдық көзқарас өзгермейінше бәрі бекер. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Ардақ ҮСЕЙІНОВА, журналист     Жамбыл облысы
Соңғы жаңалықтар