Анадолыдағы биылғы демалыс маусымының ерекшелігі қандай?
«Егемен Қазақстан» газетінің Түркиядағы меншікті тілшісі болып Альбина Әшім жұмысқа кірісті. Ол бұған дейін «Қазақстан» телерадио корпорациясының Солтүстік Қазақстан филиалында, «7 телеарнада», «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет еткен.
Түркия... Теңіз... Туризм...Теракт... Соңғы сөз алдыңғы үш ұғымның үйлесімді сипатына мүлде кіріге қоймайды. Кейінгі уақытта «Түркия» дегенде Анталиядағы «бес жұлдызды» демалыс орындарынан бұрын жұртшылықты алаңдатқан түрлі тосын жағдайлар ойға көбірек оралатын болды. Анадолы елінің қауіпсіздігіне көлеңке түсірген террорлық әрекеттер соңғы бір жылда жиілеп кетті. Әлемді дүрліктіріп, түрік халқының үрейін қашырған Анкара мен Ыстанбұлдағы жарылыстар бейбіт тұрғындардың мазасын алды.
Түркия астанасының дәл төрінде жарты жылда үш рет осындай әрекет жасалса, Ыстанбұлда туристердің мекеніне айналған әйгілі Сұлтанахмет мешітінің жанында террористер теріс пиғылдарын іске асырды. Бұл ірі төтенше жағдайлар тізбегі ғана. Теледидарға телміріп, жаңалықтардан жағымды хабар күтетін түрік бауырларымызды толастап барып, қайта бас көтеретін терактілер әбден әбігерге салды. Күні кеше ғана Ыстанбұл мен Мардин қалаларында тағы жарылыс болды... Өткен жылдың шілде айынан бастап жауыздардың қолынан көптеген жазықсыз адам қаза тапты.
«Қара бұлттай түнерген террорды Түркия түбімен құртуға қауқарлы». Ел президенті Реджеп Тайып Ердоған осылай дейді. Есеңгіреген халық есін жиып, тіршілігін жасауға тиіс. Анадолы абыройын айрандай төккен содырлардың сазайын беріп, төрткүл дүниенің Түркияға деген сенімін қайта оятқаны жөн.
Түркиядағы терактілер туристердің де берекесін кетіргені анық. Елдің Мәдениет және туризм министрлігі былтырғы сәуірмен салыстырғанда биыл шетелдік мейман саны 28,1 пайызға азайғанын айтады. Бұл – 1999 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Сондықтан, Түркия туризмдегі тоқыраудан шығу үшін түрлі амал-тәсіл жасап жатыр. Анадолыдағы ағайын теңіз жағалауындағы демалыстан бөлек, баламалы туризмді дамытуға кірісті. Яғни, медициналық, экстремалды спорт туризмін жандандырмақшы.
Тағы бір бағыт – киноиндустрия саласы арқылы елге мейман тарту. Түрік телехикаялары кейіпкерлерінің Қазақстанда аса танымал екені жасырын емес. Түркітілдес елдерде ғана емес, дүниежүзінде үлкен сұранысқа ие болып отырған фильмдер пәк сезімге толы махаббат хикаяларын көрсетіп қана қоймайды. Бұл – бір жағынан, Анадолы еліне жасалған жарнама. Әдетте мұндай телехикаяларда Түркияның ең көрікті жерлері, мәдениеті мен әдет-ғұрпы, халықтың қонақжайлылығы, көздің жауын алатын қызылды-жасылды ұлттық бұйымдары, тіл үйіретін дәмді тағамдары таныстырылады. Көркем фильмдегі ғажайыптар әлемін көзбен көргісі келетіндер көп көрінеді. Туристік фирмалардың өкілдері Ыстанбұлға телехикая ізімен келіп, танымал фильмдер түсірілген жерлерге саяхат жасаушылардың аз емес екенін айтады. Осы тәжірибені туристік агенттіктер биыл Анталияға да қолданбақшы.
Жерорта теңізі жағалауында жақында жаңа тағы бір телехикая түсірілді. Түріктер мен арабтардың жарасымды шаңырақ астындағы өмірі бейнеленген телехикая Араб елдерінен туристерді тартуға бағытталған. Түркияға ең көп келетін ресейліктердің саны биыл күрт төмендегендіктен, олардың орнын туристік фирмалар осылайша толтырмақшы.
Террорға да, тоқырауға да тізе бүкпеген түрік халқы бірлігін бекем ұстап, тірлігін лайықты жалғастырып келеді. «Қара жамылған күндер артта қалып, әрдайым тыныштық орнасын» деген ақ арман Анадолы жұртын үнемі алға жетелейді. Ашық аспан астында ағайынға құшағын жайып: «Қош келдіңіз, Түркияға!» деп, қонақ күтіп, думан жасау – көзі ашық, көкірегі ояу әрбір түріктің мақсат-мұраты...
Альбина ӘШІМ,
«Егемен Қазақстан» – Анкарадан