– екінші реформаның күретамыры
Бүгінгі күні мемлекетімізді одан әрі дамытудың басты кепілі мен тұтқасы барша қазақстандықтарға ортақ жаңа құқықтық орта қалыптастыру болып отыр. Мұның өзі әлемдегі дамыған 30 елдің бірі болуға негіз қалай алады. Оған жеткізудің басты жолдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген Ұлт Жоспарында тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Аталған жоспар бес институттық реформадан тұратыны белгілі. Осындағы екінші реформаның жұлыны мен жүйкесі, мәні мен маңызы бірінші кезекте елімізде тәуелсіз сот төрелігін орнықтыру мен қалыптастыруға бағытталған.
Батыс Қазақстан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы М.НАҒАШЫБАЕВПЕН әңгімеміз осындай бағытта өрбіді.
– Мирамбек Ибрагимұлы, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекетімізде Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі жүріп жатыр. Аталған кезең еліміздің сот жүйесіне және аймақтағы судьялар корпусына мерейлі міндеттер жүктейді. Осыған орай не айтар едіңіз?
– Ұлт Жоспарының арғы астары мен құндылығын азаматтардың санасына сіңіру, жүректеріне жеткізу және оның елдің одан әрі дамуына тигізетін баға жетпес пайдасын жан-жақты әрі терең түрде түсіндіру – ортақ парыз. Қазір бұл істің бел ортасында жүрміз десек, артық айтқандық бола қоймас. Соның ішінде айтайын дегенім, еліміздің Жоғарғы Соты Ұлт Жоспарында сот жүйесіне қатысты қойылған міндеттерге сай арнайы іс-шаралар кешенін бекіткен болатын. Біздің бүгінгі іс-қимылымыз осы арнадан тамыр тартады. Бұл бағытта ең алдымен ақпараттық-анықтамалық материалдар жасақталды.
Осы арқылы бекітілген іс-шараларды кезең-кезеңмен іске асыруға мүмкіндіктер туып отыр. Әсіресе, бүгінгі күнге дейін Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың стратегиялық бағыттарын айқындап алғанымыз бізді түпкі нәтижеге жетуге біршама жақындата түседі деп санаймыз. Қысқасы, Мемлекет басшысы жариялаған реформалар бірінші кезекте жалпыұлттық идеяға, содан соң жалпыұлттық іске айналуы тиіс. Батыс Қазақстан облысының судьяларымен, міне, осындай бағытта жұмыс жүргізу жөнінде бірқатар істер қолға алынды.
– Ұлт Жоспарында реттік саны бойынша екінші деп белгіленген сот реформасының маңызды бір қыры – сот төрелігінің бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау секілді бес сатылық жүйесінен оның үш буынды жүйесіне өту болып отыр. Бұдан азаматтардың сот инстанцияларына шағымдану құқығы шектеліп қалып жүрмей ме?
– Жоқ, шектелмейді. Бұлайша қауіптенуге ешқандай негіз жоқ. Мұндай жағдайда апелляциялық саты істерді бірінші сатыдағы соттардың қарауына қайтадан жолдамайды. Рас, соттың қай сатысында да оның шешімі бұзылатын жағдай кездесіп тұрады. Бұл кезде өзге емес, сол судьяның өзі жаңадан шешім қабылдай алады. Мәселенің осылай қойылуының екі жаққа да пайдасы бар деуге болады. Біріншіден, сотқа қатысушылар тағы да ұзаққа созылған әуре-сарсаңға түспейді. Екіншіден, осы арқылы мемлекеттің уақыты мен қаражатын үнемдеуге де жол ашылады. Яғни, сот сатыларын оңтайландырудың басты мақсаты сот төрелігінің сатыларын қысқарту, оның орындалуын тездету арқылы азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін барынша жеңілдету болып табылады.
Оқырманға түсініктірек болу үшін айта кетсек, ендігі жерде бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық сот, кассациялық саты – Жоғарғы Сот. Жаңа үш деңгейлі сот жүйесі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмысын бастады. Осы қадамды іске асыру жаңадан қабылданған Азаматтық процестік кодекске, Қылмыстық процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар арқылы заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Қазіргі таңда Ұлт Жоспарындағы екінші реформаны жүзеге асыруға сәйкес облыстық соттардың апелляциялық сатылары нығайтылды.
– Сот жүйесін реформалаудағы темірқазық мәселенің біреуі жаңа судьялар корпусын жасақтау болып отыр. Бұған не дейсіз?
– Судья лауазымына кандидаттар іріктеу тетіктері мен біліктілік талаптарын тереңдету жөнінде бірқатар шаралар алынды, яғни қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу тетіктері қатаңдатылды. Аудандық соттың судьясы болып, сот процестеріне қатысқан, сот отырысының хатшысы, соттың, прокурордың, адвокаттың көмекшісі ретінде бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар немесе заңгерлік мамандық бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады. Судьялықтан үміткерлерді негізгі жұмыс орнынан босата отырып, тұрақты түрде сотта ақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан өткізу қолға алынып жатыр, яғни осыған сай тағылымдамадан өту ережесі бекітілді. Оларға сынақ мерзімі белгіленбек және үміткерлер полиграфологиялық зерттеуден өтетін болады. Бұған қоса, жас судьялардың кәсіби дағдылары мен іскерлігіне де арнайы тексерулер жүргізіледі. Бұл тұрғыда біліктілік емтиханы психологиялық және ахуалдық тестілеумен толықтырылып отыр.
– Ал қазіргі қызмет етіп жүрген судьяларға қатысты талаптар қандай болмақ?
– Бұл үшін бүгінде елімізде судьяның Әдеп кодексінің жаңа жобасы әзірлену үстінде. Бұл кодекс судьялардың биылғы жылы кезектен тыс өткізілетін VII съезінде қабылданады деп күтілуде. Жаңа редакцияда Сот жюриі туралы ереже бекітіліп, жаңа құрамы таңдалды. Сонымен қатар, азаматтардың судьялардың іс-әрекеттеріне қатысты сот жюриіне шағымдану тетіктері мен мүмкіндіктері біршама ұлғаймақ. Жоғарыда айтылғандай, қызметтегі судьялар реформа талаптарына сәйкес бес жыл сайын қорытынды бойынша судья қызметін кәсіби бағалауды жүргізу тәртібі анықталды, бұл – сот төрелігін кәсіби сауатты заңгерлер жүзеге асырады деген сөз.
– Ұлт Жоспары жария етілген соң халықтың қызу талқысына түскен мәселенің бірі – Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер жүйесі. Өйткені, этикалық нормаларды бұзуға жол беретін судьялардың да кездесіп қалатыны жасырын емес. Жаңартылған кеңес солардың теріс іс-әрекетіне шағымданған азаматтардың арызын аяқсыз қалдырмау мақсатын көздесе керек. Бұл жүйені құрудың маңыздылығы да осында десек, қателеспейтін шығармыз?
– Сөзіңіздің жаны бар. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер жоғары билік тармақтары мен қарапайым халық арасындағы байланыстарды жақсартуға септігін тигізе алатын баламасы жоқ қоғамдық институт қызметін атқара алады. Олар – қандай іске де жауапкершілікті терең сезінетін кадрлардың келуіне ықпал жасайтын таптырмас тетік. Кеңес мүшелері ой-пікірлерінің аяқсыз қалмауы айрықша маңызды. Мұндай кеңестердің еліміздегі сот жүйесінің жанынан құрылуы да тек оңды өзгерістерге бастайды деген ойдамыз. Осы арқылы сот қызметінің ашықтығы мен мөлдірлігін, жариялылығы мен жалпыға бірдей қолжетімділігін жолға қоюға болатыны анық.
Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық сотының жанында да Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, отырыстарын өткізе бастады. Кеңестің төрайымы болып, отставкадағы, яғни доғарыстағы судья Вера Петровна Логвинова, хатшысы болып Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіподақтар орталығының заңгері Маусымжан Ержанқызы Жүсібалиева бірауыздан сайланды.
Айта кетейік, соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрамына доғарыстағы судьялар, облыстағы кәсіподақтар орталығының, кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және облыстың белгілі қоғам қайраткерлері енгізілді.
Сонымен бірге, облыстық соттың жалпы отырыстары мен мәжілістерін бүгінгі ақпараттық технологиялардың көмегімен ел-жұртқа тікелей көрсету шаралары қарастырылуда.
– Тек соттың жалпы отырысын ғана емес, сонымен бірге, бүгінгі күні барлық сот процестерін бейнетаспаға жазып алу шаралары белгіленіп отыр емес пе? Осы орайда судьяның бейнежазбаны тоқтатуға немесе оны редакциялауға мүмкіндігі болмауы керектігі де айтылуда. Бұған не дейсіз?
– Өте орынды сауал қойып отырсыз. Барлық сот үдерістерінің аудио және бейнежазба құрылғыларының қатысуымен өткізілуі – екінші реформа талаптарының бірі. Бұған көшу біздің облыстың сот жүйесінде де толық жүзеге асырылып жатыр. Сот залдары аудиобейнежазба құрылғыларымен жабдықталды. Бұл ретте бүгінгі күні орнатылған аудиобейнетіркеу (АБТ) жүйесінде мәліметтерді сақтаудың орталықтандырылған жүйесі бар, яғни судьялар немесе сот жүйесінің қызметкерлері тарапынан жазбаны тоқтатуға немесе аудиобейнетіркеу материалдарын редакциялауға жол берілмейді.
Сондай-ақ, бүгінде сот кабинеті сервисі деген ұғым пайда болғанын айта кеткен жөн. Бұл не нәрсе? Яғни, жеке және заңды тұлғалар осы аталған сервистік жүйені пайдалану арқылы үйінде немесе кеңсесінде отырып, интернет желісінің көмегімен сотқа арыздарын бере алады. Әрі сот процесіне қатысушылар шалғайда жүріп, істің қозғалысын бақылай алады. Игіліктің ерте, кеші жоқ дегендей, көп кешікпей бұл игі шараның 100 пайызға іске асуына қол жеткіземіз.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы