15 Маусым, 2016

Әйтеке би: інісі бардың – тынысы бар

5149 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ел аузындағы бір аңызға қара­ғанда, Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап, кіші жүзге барса керек. Екі жақ келісе алмай, дау бірнеше күнге созылып кетіпті. Бір күні босаға жақта отырған бір жігіт: – Асқар тауда бір мін бар, асуға жол бермейді, тасқын суда бір мін бар, кешуге өткел бермейді, ағаларда бір мін бар, басқаға сөз бермейді, – деп тұрып кетеді. Билер: «Шақыршы, шақыршы анау қара жігітті», деп кері шақыртып алып: – Шырағым, қай баласың, аты-жөнің кім? – деп сұрайды. – Әкемді сұрасаңыз – жетесіз, Шешемді сұрасаңыз – некесіз. Туа салған бір баламын, Тегімді сұрап нетесіз? – дейді жігіт. – Балам, сөзің жетеге жетті, осы даудың билігін енді өзің айт, – деп Төле би билікті сол жас жігіт­ке беріпті. Бұл кейін исі кіші жүзді ашса алақанында, жұмса жұды­ры­ғында ұстаған атақты би Әйтеке Байбекұлы еді. «Әкем жетесіз, шешем не­кесіз» деп, ол әдейі сөз шы­ғару үшін жорта айтқан. Әйт­песе ол, атақ-даңқы жер жарған Жалаңтөс батырдың ағасы Ақ­ша бидің немересі. Кіші жүз әлімнің төртқарасынан Ораз, одан Тоқпақ, Тоқпақтан Сейітқұл туған. Сейіт­құл кезінде алшын руын бірнеше жыл басқарған белгілі би. Бұхар ханы оны ал­шындардың және Бұхар мен Самарқанның әмірі етіп та­ғайын­даған. Ол дүние салған соң, орнын қаһарман қолбасшы, дарынды ұйымдастырушы жау­жүрек батыр Жалаңтөс баһадүр басқан. Ол өзінің туған ағасы Ақша биді Ходжент пен Қоқанды бірдей билейтін әмір етіп жіберген. Сол Ақша бидің кіндігінен он бір ұл өрбіген. Он бір ұлдың үлкені Байбектен әйгілі Әйтеке би туған. Шоқан Уәлиханов белгілі билердің бірі ретінде оны үйсін Төле бимен қатар қояды. Жиырма бес жасында кіші жүздің бас биі болған ол Әз Тәукенің «Жеті Жар­ғысын» жасақтауға қатысқан. «Айыр тілді Әйтеке» атанған ол қашан да ойын ірікпей батыл айтатын болғандықтан, аға-билердің де, ағайынның да құрметіне бөленген. Оны қазақ билерінің атасы Әнет баба да жақсы көрген. Бірде қарт би баба оған: – Әйтеке-жан, бүгін бір түс көрдім, соны жорып берші, – деп тілек айтыпты. – Түсіме он лақ, жиырма қас­қыр, отыз жолбарыс, қырық түлкі, елу ноқта, алпыс ақта, жетпіс жел­кілдек, сексен селкілдек, тоқсан до­ма­лақ кірді. Бұл не болғаны екен? – Әй, қасиетіңнен айналайын, Әнет баба-ай! Бәрі дұрыс қой. Бірақ алпыс ақта емес, арқа еді ғой, жет­піс желкілдек емес, желкен еді ғой, сексен көркем еді ғой, ал тоқсан торқа еді ғой, – деп күліпті Әйтеке. Сөйтсе, Әнет бабаның «Он лақ дегені – он жаста жарда ойнаған лақтай, жиырмада қанжар тісті қасқырдай едім, отызда жолбарыс­тай қайратты, қырықта түлкідей айлакер едім, елуде ноқталаған, алпыста ақталаған аттай болдым, жетпісте күшім кетіп, желкілдеген түндіктеймін, сексенде буын-буыннан әл кетіп селкілдеп қалдым, тоқсанда өз аяғыммен жүре алмай домалап қалдым» дегені екен. Соны Әйтеке: «Сіз қазақ үшін алпыста арқа болдыңыз, жетпісте желкен көтерген кеме болдыңыз, сексенде аппақ сақал-шашыңызбен, асқар тау­дай басыңызбен көркем көрініп, көз тарттыңыз, тоқсанда алды-артыңыз жайлы, жаныңыз торқа болып отырсыз», деп шешіпті. – Көңіліңді құдай көтерсін! – деп Әйтекеге разы болған екен дейді баба. Әйтекенің әр сөзі алтынның буына шыланғандай айшықты, қорғасындай салмақты, ойлы да, ойнақы келеді. Әрі тапқыр да, ұтқыр. Соның бір мысалы мынау. «Ағасы келсе ардақтап атын байлайтындай, мейманы келсе құрметтеп көңілін жайлайтындай, тындырымды інісі болса, тыңғылықты жұмысы болса, інінің істеген жұ­мысынан ағасы алар тынысы болса, ағанікі бас бағу, інінікі басқару емес пе!» деген сөзінде қаншама мән жатыр! «Ал бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін, бай болып басқаға пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, жұрттан ала бөтен үйің күйсін» деген алғыс пен қарғысы аралас сөзі де қай заманда болсын мән-мағынасын жоймасы ақиқат. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы АЛМАТЫ