15 Маусым, 2016

Қазақстанда тұңғыш рет

367 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
FullSizeRender (4)А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүрек ырғағының бұзылуы - мерцательді (жыпылық) аритмия бойынша жасалған хирургиялық ота сәтті өтті. Бүгінде жүректің соғу ырғағы бұзылуының бірнеше түрі бар десек, соның ішінде өте жиі кездесетіні – мерцательдік аритмия, яғни жыпылық аритмиясы. Ол жүрек ауруының үштен бір бөлігін, яғни 30 пайызын құрайды. Жыпылық аритмиясының жиі кездесетін асқынуынан тромбоэмболия және созылмалы жүрек жетіспеушілігі пайда болады. Ол өз кезегінде аритмиялық дилатациялық кардиомиопатияға өтуі мүмкін. Осы аритмия ке­зін­де жүрекішілік тромб үл­кен қанайналым шеңберіне өту қауіптілігі бар. Сондай-ақ, ол әртүрлі ағзалардың тромбоэмболиясына алып келеді, оның ішінде үштен екісі мидың қан­тамырларына түседі. Әрбір алтыншы ишемиялық инсульт жыпылық аритмиясы бар науқас­тарда дамиды. Қазақстанда бұл ауру дәрінің көмегімен емделіп келген. Оның емдік тиімділігі 50 пайыз болса, кейінгі жылдары хирургиялық жолмен, яғни жүректі ашпай қан тамырынан катетер арқылы ошақтарды күйдірумен емдеуде. Оның емдік тиімділігі 70-75 пайыз болғандықтан, аурудың қайталану мүмкіндігі жоғары. Ал бүгінде шетелде жыпылық аритмияны емдеуде торакоскопиялық радиожиілікті аблация жасалады. Бұл отаның ерекшелігі, жүректі толық ашпайды. Кеудеден үш тесік тесіп, видеоскоп аппараты арқылы тамырдың ішімен емес, ошақты жүректің импульс­тары жүретін жолдарын лазермен күйдіріп емдейді. Әлемдік тәжірибе бойынша бұл аталмыш әдістің емдік әсері 80-90 пайыз жағдайда тиімді болып табылады. Басқа да тиімділігі, яғни азинвазивтілігі және қайта қалпына келу уақытының қыс­қалығы. Науқастар үшін­ші тәу­лікте ауруханадан шығарылады. Қазақстанда тұңғыш отаны Нидерланды елі Лейден қала­­сының Университеттік меди­­циналық орталығынан келген кардио-торакалді хирург Jerry Braun мырзаның басшы­лығымен Орталықтың кардиохирургия бөлімінің мең­герушісі Рүстем Төлеутаев жасады. Ота үш са­ғатқа созылған. Шеберлік дәріс шеңберінде екі күнде төрт ота жасалып, Ас­тана, Алматы, Пав­лодар, Т­араз қалаларынан келген маман­дарға дәріс оқылды. – Төрт пациенттің бірі Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген 69 жастағы науқас Базарбай Дәнеғұлов бұған дейін дәрімен емделген. Оның көмегі болмаған соң катетерлік абляция жасалған. Бірақ, ол ем де көмектеспеген соң осы әдісті бірінші рет қол­дандық. Қазір пациенттің жүрек ырғағы қалпына келді. Екінші науқас Алматы облысы, Қарасай ауданының 58 жастағы тұрғыны Арыстан Бажанов алты айдан бері жыпылық аритмиясымен ауырған. Бұл кісіге екі рет ка­тетрлі абляция жасалғанымен, көмектеспеген. Осы отадан кейін науқастың жүрек ырғағы қалыпты жағдайға келді. Жүректі тексер­геннен кейін жиырылу қабі­леті де жоғарылады, – деді бізге бөлім­ше дәрігері, кардиохирург Роза Тайманова. Ота жасалған науқас Базарбай Дәнеғұловпен кездескенімізде өзінің осы аурумен жиырма бес жылдан бері ауыратынын, егер жүректің қалыпты соғуы минутына 60-80 аралығында болса, жасы ұлғайған сайын күн, түн демей 180-200-ге дейін жетіп, асқақтап кететінін, бүгінгі емнен кейін қалыпты соққанына қуанып отырғанын жеткізді. – Мүмкіндікті пайдаланып, сүйікті газетіміз «Егемен» арқылы дертіме ара түсіп, шипа тапқан орталықтың «алтын қолды» кар­диохирургтеріне, барлық меди­циналық қызметкерлеріне, шет­елдік дәрігер қонағымызға шын жүректен алғыс айтамын. Осындай жағдай жасап, тегін емдеп отырған үкіметімізге, Елба­сына зор ықыласымды білдіремін, – деді Базарбай аға. Шеберлік-дәріс соңында пікір және тәжірибе алмасу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»