15 Маусым, 2016

Мүшәйра мәреге жетті

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күні құрметіне арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы осымен алтыншы рет өткізіп отырған дәстүрлі жыр додасына биыл жүзге жуық үміткер қатысты. Тәуелсіздікті әр қырынан толғаған өлең-дастандар ақындардың бұл келелі тақырыпты кестелі жырмен өрнектеу жолында көп ізденгендерін байқатты. Әсіресе, семейлік Медет Божан, қарағандылық Әсет Аманжолов секілді жаңа есімдердің көрінуі қуанышты. Мүшәйраға тәуелсіздік тарихын түптен тартып жырлаған дастандар да көптеп түскенін айта кеткіміз келеді. Алайда, жас ақын Олжас Қасымның «Ғасыр қасіреті» дастаны ғана қазылар алқасының көңілінен шықты. Бәйгеге түскен шығармаларды талғам сүзгісінен өткізе келе Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев төрағалық еткен қазылар алқа­сының шешімімен бірінші бәйге – «Астанамен сырласу» өлеңі үшін белгілі қаламгер Әділбек Ыбы­райымұлына берілді. Екінші екі орынды «Нұрлы көш» өлеңі үшін Дүкен Мәсімханұлы және «Бердіғожа баһадүр» өлеңі үшін Дәулеткерей Кәпұлы иеленді. Үшінші орындарды «Астана» жыры үшін ақтөбелік Бауыржан Бабажанұлы, «Таңғы тілек» өлеңі үшін алматылық Нұролла Сағатбаев, «Мәңгілік Ел – мәңгілік мұрат» өлеңі үшін қарағандылық Әсет Аманжолов сияқты ақындар бөлісті. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлықтары «Туған ел» өлеңі үшін Нұрлан Қалқаға, «Ғасыр қасіреті» дастаны үшін астаналық жас ақын Олжас Қасымға, «Бостандық» өлеңі үшін астаналық жас ақын Ербол Алшынбайға, «Азаттық пен Елбасы» өлеңі үшін Медет Божанға, «Бұл – қазақ» өлеңі үшін семейлік жас ақын Арман Шеризатқа берілді. Сәкен Сейфуллин мұражайы тағайындаған арнайы сыйлықты «Қазақ жері» өлеңі үшін астаналық Есенгелді Сүйінов қанжығасына байлады. Жүлдегерлерді марапаттау 1 шілде күні Астанада «Жастар» сарайында өтеді. Серікхан САБЫРБЕКОВ, Қазылар алқасының жауапты хатшысы АСТАНА