Қазақ «Бас аманда – мал тәтті, бас ауырса – жан тәтті» деп бекер айтпаған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі қозғалғалы көп болды. Былтыр Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 80-қадамында аталған мәселені нақтылап, енгізуді жүктеді. Жаңа жүйені енгізуге келгенде жамырай шығатын сауалдар денсаулықтың өзін ұмыт қалдырып жатады. Әрине, жаңа жүйені енгізудің қажеттілігі қаншалық деген сауалдың тууы заңдылық.
Жаһанда жұқпалы аурудың өсуі, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі және егде жастағы халықтың көбеюі денсаулық сақтау саласының шығыстарын ұлғайтып отыр. Сондықтан, халық денсаулығын қорғаудың әлемдік тәжірибесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу – жоғарыдағы жайттарға жауап беретін һәм қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін бірден-бір жол ретінде бағалануда.
Осы орайда еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сарапшылары медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын бастады. Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын кең көлемді акцияда медициналық қызметкерлер арасында аталған жүйенің негізгі қағидалары түсіндірілуде. Бұл – түсіндіру жұмыстарының алғашқы кезеңі болмақ. Әрі қарай жаңа жобаның жай-жапсарын жеткізу жұмыс берушілер мен тұрғындар арасында жалғасады. Шығыс өңірінде аталған тақырыптағы жиынды «Республикалық медициналық палата» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов өткізді. Өскемендегі №1 қалалық ауруханада медицина қызметкерлерімен өткен кездесуге министрліктің Медициналық қызмет төлемі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жетекшісі Болат Әлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сергей Попов қатысты.
Мақсұт Кәрімұлының айтуынша, Қазақстанда халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әр адамның өзара жауапкершілігі негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталмақ. Бұл ретте экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны мемлекет төлейтінін атап айту керек. Ал жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Оған әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.
Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетіледі. Ал сақтандырылған азаматтарға осы көмекпен бірге жоғары технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім көрсетілмек. Егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, міндетті сақтандыру жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмекті де ала алады. Бұл жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлей бастамақ. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Сонымен қатар, мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4 пайызға, 2018 жылы 5 пайызға, 2023 жылы 6 пайызға, 2024 жылы 7 пайызға сатылап өсетін болады. Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5 пайызын құрайды. Аударым келесі жылы – 2, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 4, 2020 жылы 5 пайызды құрайтын болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) кірісінің 7 пайызын құрайтын болады. Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1 пайыз, 2020 жылдан 2 пайыздық мөлшерде төлейді.
Азаматтардың 15 санаты жарна төлеуден босатылады. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.
Сарапшылардың болжамы бойынша, аталған жобаны енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алады. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда жеке қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік беретін болады. Сонымен бірге, дәрігерлерге ақшалай «алғыс» білдіру мәселесін шешуге де көмектеспек. Мәселен, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы біртіндеп көбеюімен бірге сақтандыру мәдениетін дамыту барысында оған қатысушылардың бейресми төлемдерден бас тартып, талап қоюы жоғарылайды.
Жаңа міндеттеме қаншалықты тиімді. Яғни, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуден медициналық ұйым қандай пайда көреді, медицина қызметкері мен халыққа қаншалықты жағымды? Осы сауалдарға жан-жақты тоқталған М.Құлжанов өз сөзін: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қызмет сапасын көтеріп, әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Үкімет бюджет қаражатын бөледі, бұл қаржы жұмыс істемейтін адамдарға арналады және Конституцияда көрсетілген мемлекеттің халыққа ақысыз көмегі сол күйі сақталады. Медициналық көмек жақсы деңгейде, сапалы деңгейде берілуі үшін біз осы жүйеге көшуіміз керек, – деп түйді.
Егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы сауалдарыңыз болса, 8 800 080 88 87 телефон нөміріне хабарласуыңызға мүмкіндік бар.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН