16 Маусым, 2016

Өмір жолы – өнеге

742 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
IMG_3996_1 (1)77Ғасырдан астам уақыт бойы мұнай өндіріп келе жатқан елімізде  көмірсутегі саласының алар орны әрине ерекше. Жеті қат жер астынан «қара алтынды» іздеу, табу, игеру – ерекше еңбекті, табандылық пен орасан зор қайрат-жігерді талап етеді. Ол ащы маңдай тердің арқасында іске асырылатын жүгі ауыр жұмыс. Қазақстанның мұнайшылары өз кәсіптерін абыройлы атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне мол үлестерін қосып келеді. Мұнай өнеркәсібі сан түрлі маман­дықтың басын біріктірген алып кешен. Оның ішінде әсіресе геология саласын айрықша атауға болады. Жер нә­рін іздеп, жаңа кен көздерін ашып, мұ­най қорын ұлғайтуда геологтардың еңбегі ерен. Міне, осы маңызды салада ұзақ жылдар еңбек етіп, бүкіл саналы ғұмырын арнаған белгілі геолог, Қазақстан Республикасы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Минералдық ресурс­тар академиясының академигі, жер қойнауын барлау ісінің үздігі Орал Ақ­шолақов жуырда мерейлі 80 жасқа толды. Қазақ мұнай-газ саласының дамуында айрықша қолтаңбасы бар ардақты азаматты отандық мұнай өндіру компаниясы – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ ұжымы шын жүректен құттықтап, оған зор денсаулық, баянды ғұмыр, өмірдің барлық жақсылығын тіледі. Атақты геологтың еңбек жолын жастарға үлгі-өнеге ретінде паш етті. Атырау – қазақ мұнайының қара­ша­ңырағы, алтын бесігі. Елімізге бел­гілі  мұнайшылардың да осы өңірден көптеп шығуы  заңдылық  дерсің... Орал Ақшолақұлы да  осы өңірдің төл перзенті. Ол 1936 жылы 16 маусымда Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) дүниеге келді. Әкесі Ақшолақ Есхожин Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болып, құрметке бөленген азамат еді. 1941 жылы Гурьев – Орск мұнай құбырының құрылысында жұмыс істеп жүрген кезінде майданға шақырылды. 1945 жылы соғыстан аман-есен оралған соң елдегі қызметке  араласты. Анасы Нахан Есхожиева еңбек майданына белсене қатысып, ерекше көзге түсті. Орал Ақшолақұлының жастық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Десе де мақсаты айқын, жігері жалынды жасты ауыртпалық мұқалтпады, қайта шыңдай түсті. Ол 1958 жылы И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай инс­титутын мұнайшы-геолог мамандығы бойынша тәмамдап туған жері Гурьев қаласына оралды. Еңбек жолын мұнай және геология мекемелерінде бастап, Батыс Қазақстан мұнай-газ барлау басқармасының экспедициясында коллектор, қатардағы техник-геолог, инженер-геолог, орталық зертхананың бас инженері, геология бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарды. 1972 жылы КазНИГРИ институтына қызметке ауы­­сып ғылыми-зерттеу жұ­мысымен айналысты. 1976 жылы геология-мине­ралогия ғылымдарының кандидаты дә­­ре­­жесін қорғап, ғалым атанды. Ал 1983 жылы қайтадан өндіріске ауысып «Гурьевмұнайгазгеология» бірлестігіне қарасты Балықшы мұ­най-газ барлау, ұңғыларды сынау экспедициясының, Батыс Қа­зақ­­стан мұнай-газ барлау және ұң­ғыларды геофизикалық зерттеу экспедициясының бастығы болып еңбек етті. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жүргізілген мұнай-газ барлау жұмыстарына да белсене қатысып, ерен еңбек сіңірді. Алматы геофизикалық экспедициясы партиясында бас геолог, басшы, «Қазгеофизика» өндірістік-геологиялық бірлестігінде бөлім бас­тығы болып еңбек етті. Бұдан соң Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. Еліміздің терең зерттелмеген өңірлеріне көңіл аударып Пав­ло­дар, Зайсан, Теңіз, Шығыс Арал және т.б. келелі шөгінді алаптарына гео­­физикалық зерттеулер мен ұң­ғылар бұрғылау керектігін дәлелдеп бер­ді. Нәтижесінде бұл жұмыстар жер қой­на­уын зерттеуші компаниялардың инвес­тициясы арқылы іске асырыла бастады. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап табиғи байлықтарды игеруге үлкен мән берді. Оны игілікке жарату бойынша жүйелі істер атқару қажет болды. Сондықтан да Орал Ақшолақов шетелдік мұнай-газ компанияларының тәжірибелерімен танысуға бел буды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жұмыс тобы құрамында Америка, Ка­нада, Германия, Испания, Голландия, Швеция, Түркия, Жапония және тағы да басқа елдердің ірі мұнай компаниялары өкілдерімен кездесіп келіссөздер жүр­­гізді. Олардың бай тәжірибелеріне қанығып, пікір түйіндеді. Ақырында қо­­мақты инвес­тиция тартуға мүмкіндік алынды. Орал Ақшолақұлы құрметті дем­а­лысқа шыққаннан кейін Қазақстан-Канада бірлескен «Дала Қабыланы» компаниясының бас директоры, ал 2001 жылдан бастап осы күнге дейін жер қойнауын зерттеушілерге консалтингтік көмек көрсетумен және еліміздің мұ­най-газ болжамды қорларының көлемін анықтау және ғылыми дәлелдеу жұмыстарымен айналысуда. Қазақ мұнайының қарашаңырағы – Атыраудан түлеп ұшқан азаматтың туған жерінің ғана емес, жалпы еліміздің мұнай-газ саласының дамуына қосқан еңбегі өте зор. Ол геология саласындағы ғылымның дамуына да аянбай тер төкті. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты атануы осының жарқын дәлелі. Бұл өз кәсібін шынайы сүйгендіктің, туған халқының игілігі үшін бүкіл қажыр-қайратын жұмсауы мен тынымсыз ізденістің, қайтпас табандылықтың үлгісі екендігі анық. Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған «Қазақстан Рес­публикасындағы көмірсутегі қорын ғылыми тұрғыда са­ралау» атты ғылыми еңбекте ел қорындағы геологиялық-геофизикалық материалдар толығымен сараланып, осы бағыттағы мәселелерді шешудің негізгі жолдары ұсынылды. Сондай-ақ, көмірсутегі қорының әле­уеті нақты анықталды. Аталған іргелі жұмыста еліміздегі қордаланған геологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолдары да ұсынылды. Бір топ ғалымдардың ұзақ жылғы ізденіс, табанды қызметімен атқарылған еңбек және оған берілген жоғары марапат – Қазақстан мұнайшыларына ортақ мерей, үлкен абырой болды. Мұнайшы геолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Базар Есқожа ғылыми ең­бекке қатысты  білдірген пікірінде «Орал Ақшолақұлы араласқан бұл тұжырымдама үлкен ғалымдардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Еліміздің жарқын болашағы мен мол мүмкіндігін көрсететін бірден бір ғылыми еңбек» деп айрықша атап көрсетті. Орал Ақшолақұлы 160-тан астам зерттеулер мен ғылыми мақалалар жа­­риялады. Ол – Қазақстан мұнай экспедициясының авторы, еліміздегі 15 шөгінді алапты кешенді зерттеу мен мұнай-газ болжамды карталарының ғылыми басқарушысы және басқа да толып жатқан еңбегі әлі талай буынның игілігіне жарайтынына күмән жоқ. Орал Ақшолақов Ембі кеніштерінің ашылуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Маң­ғыстау кен орындары қорын есептеу­ге атсалысты. Ұзақ жылғы жұмысының нәрлі нәтижесі ардақты азаматтың абы­ройын асқақтатып, мерейін үстем етті. «Құрмет» орденімен және көптеген ме­дальдармен марапатталды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мұның бар­лығы  елге қызмет етудің ерен үлгісі. Ол – жан жары Қабиба Керейқызы екеуі Бибігүл, Майра, Марат, Болат есімді қыздары мен ұлдарын, жеті немере және бір шөбере тәрбиелеп отырған ұла­­ғатты шаңырақтың отағасы. Перзенттері де егемен елі­міздің дамуы жолында аянбай еңбек етуде. Мұнай-газ саласының мақтанышы болған абзал аға, ғалым, геолог, майталман маманның еңбек жолы – дара, даңқты жол. Мұндай биіктен көріну, асқар асуларды бағындыру терең білім, зор ізденіс, қайтпас қайсарлық, маңдай тердің арқасында келді. Атыраудың құрметті азаматы, төл перзенті, ел мұнай-газ саласының ардақты ардагері Орал Ақшолақұлының бағындырар белестері әлі аз емес екеніне шүбә жоқ. Ол – осыны дәлелдеген қайраткер тұлға. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»