*
19 маусым – Медицина қызметкері күні
Елорданың емханаларында нақты саланың мамандарына (узкий специалист) қаралудың қаншалықты қиын екенін қала тұрғындары жақсы біледі. Бұл күрделі мәселеден балалар емханалары да сырт қалған жоқ. Осындай жағдайда №2 қалалық балалар ауруханасына қарасты емханада 29 түрлі медицина саласының мамандары қабылдау жасайды екен. Бір емханада отызға тарта сала мамандары балалар денсаулығына араша тұрады! Тамаша мүмкіндік!
«Жақсыны көрмек үшін» демекші, атбасын аталмыш емдеу орталығына бұрып, озық тәжірибемен танысуға асықтық. Бізді №2 қалалық балалар ауруханасы педиатрия бөлімінің жетекшісі, жоғары санаттағы дәрігер Гүлнар Абляева қарсы алды. Бүкіл саналы ғұмырын балалар денсаулығының күзетіне арнап келе жатқан Гүлнар Рүстемқызының салиқалы еңбек жолы да өнеге тұтуға тұрарлық екен. Ол – бүгінгі Астана медициналық университетінде 1979 жылы алғаш рет ашылған педиатрия факультетінің тұңғыш түлектерінің бірі. 1989 жылы елордадағы №1 қалалық балалар ауруханасында дәрігер болып қызмет көрсете бастағаннан бергі уақытта барлық білімі мен тәжірибесін кішкентай астаналықтардың мықты денсаулығы жолына сарп етіп келеді.
– 350 төсектік аурухана және бір ауысымда 250 бүлдіршіндерді қабылдайтын емханадан құралған біздің медициналық кешен бүгінгі халықаралық медициналық стандарттарға толық жауап береді, – деп бастады әңгімесін №2 қалалық балалар ауруханасы педиатрия бөлімінің басшысы. – Біздің орталықта негізінен медицинаның ең күрделі де жауапты саласы – медициналық хирургияға басымдық берілген. №2 балалар ауруханасы елордадағы ургенттік орталық болып саналады. Яғни, қаламыздағы балаларға қатысты барлық медициналық жедел көмек осы орталық арқылы көрсетіледі. Аурухана мен емхана медицина саласы жетістіктерінің ең озық үлгілерімен жабдықталған. Тексерістен өтетін бүлдіршіндердің денсаулық дәрежесін дәл анықтайтын сәулелі диагностикалық рентген, ультрадыбыстық қондырғылар, бірден 64 спиральдік көрініс жасайтын компьютерлік-томограф, ядролық магниттік резонансты томограф біздің медициналық кешеннің шын мақтанышы болып табылады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, №2 балалар ауруханасының емхана бөлімінде медицина саласының нақты 29 түрінің мамандары қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, эпилептолог, ревматолог, невропотолог, кардиолог, гематолог, гинеколог, уролог, нефролог, аллерголог, проктолог, сурдолог және басқа сирек кездесетін мамандық иелері осы емханадан табылады. Қазір емхана бөлімінде 45 жоғары санатты маман, оның ішінде 3 медицина ғылымдарының кандидаты қызмет жасайды.
Әртүрлі саланың тәжірибелі мамандарын ортақ іске жұмылдырып, емхананың елордадағы іргелі де білікті кеңестік-диагностикалық орталыққа айналуына емхана бөлімінің басшысы, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, тәжірибелі маман Гүлнар Абляеваның қосқан үлесі өлшеусіз. Оның осындай іскер ұйымдастырушылық қабілетінің шыңдалуына осы медициналық кешенде қалыптасқан жоғары кәсіби шеберлік мектебінің ықпалы зор болғандығы даусыз. 2004 жылы қаламыздағы №2 балалар ауруханасының жанынан алғаш рет емхана орталығы ашылған болатын. Сол жылы Гүлнар Абляева осы жас ұжымға дәрігер-пульмонолог ретінде жұмысқа қабылданды. Ал 2007 жылы №2 балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылдан бастап №2 балалар ауруханасы бас дәрігерінің емхана жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Бүгінде аталмыш емханада бүлдіршіндердің бойындағы сирек кездесетін сырқаттарды дер кезінде анықтап, уақытында тиімді емдеу шараларын жүргізуге барынша жағдай жасалған.
– Елордадағы халықаралық жоғары медициналық стандарттарға сай жаңа үлгідегі осы балалар ауруханасының базасында Астана медициналық университетінің балалар хирургиясы және педиатрия кафедралары жұмыс істейді. Жалпы, біздің ауруханада балалар хирургиясы саласына басымдық беріліп, осы күрделі сала бойынша ұжымның жоғары талап үдесінен көрінуіне аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еліміз бойынша балалар хирургиясының қазіргі уақыттағы білікті маманы Расулбек Рахманбердіұлы Аиповтың сіңірген еңбегі зор, дейді үзілген әңгімесін одан әрі сабақтаған Гүлнар Рүстемқызы. Осы ретте ерекше атап өтетін бір мәселе, біздің ауруханада соңғы кезде бүлдіршіндердің бет-жақ мүшелерін емдеу бөлімшесі ашылды. Өмірге енді ғана келген нәрестелердің арасында ерні жырық, таңдайы жоқ және басқа туа біткен кемістіктері бар сәбилердің кездесетіні жасырын емес. Бұрын мұндай сәбилерге ота жасау үшін республикалық орталықтарға, тіпті шетел мамандарының көмегіне жүгіну қажет болатын. №2 қалалық балалар ауруханасында ашылған бүлдіршіндердің бет-жақ мүшелерін емдеу бөлімшесі туа біткен кемістігі бар мұндай нәрестелерге бірден ота жасап, құлан-таза сауықтырып жібереді.
Емхана бөлімі жетекшісінің айтуы бойынша, бұрын қаламызда жазатайым күйікке шалдыққан, үсікке ұшыраған балаларды емдейтін жеке орталық болмаған екен. Мұндай бүлдіршіндер ересектер ауруханасындағы арнайы бөлімдерде емделіп келген. Оның өзіндік қиындықтары да көп болды. Өйткені, күйік, үсік сияқты жазатайым апаттарға балалардың жиі ұшырайтындығы белгілі. Міне, сондықтан аталмыш медициналық кешенде ашылған балаларды күйіктен және үсіктен емдеу орталығы республикамыздың балалар медицинасы саласындағы үлкен жетістіктердің бірі екендігі даусыз.
Өмірдің қай саласы болмасын, білікті маманға жүктелетін жауапкершілік жүгі үлкен. Бұл мәселенің, әсіресе, денсаулық саласында салмағы ерекше артатыны да ақиқат. «Біздің №2 қалалық балалар ауруханасының медициналық қызмет сапасын және емдеу шараларының тиімділігін арттыра отырып, қаламыздағы емдеу орталықтарының көшбасынан көрінуіне ұжымдағы тәжірибелі де білікті мамандардың еңбегі зор. Бұл ретте жоғары санаттағы дәрігер-кардиолог Ғайша Балташеваның, жоғары санаттағы дәрігер-невропатолог Алия Досымбекованың, жоғары санаттағы дәрігер-травматолог-ортопед Наталья Чжен және басқалардың есімін ерекше атап өткен жөн», дейді емхана бөлімінің жетекшісі Гүлнар Абляева әріптестерінің еңбегіне деген зор ілтипат сезіммен.
Елордадағы еңселі де іргелі емдеу орталығындағы қалыптасқан осы бір жоғары еңбек ахуалы мен жас астаналықтарға көрсетілетін сапалы медициналық қызметке куә болып, көңіліміз шынайы алғыс сезіміне толды. Сонымен бірге, осы мамыражай маусым айында еліміз бойынша ерекше аталып өтілетін денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен ақ халатты абзал жандарды шын жүректен құттықтап, сәттілік және табыс тіледік.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Астана