20 Маусым, 2016

Футбол. «Еуро-2016». Франция мен Швейцария 1/8 финалға шықты

168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
20.06.2016 AST Футболдан Франциядан өтіп жатқан Еуропа чемпионаты бел ортасына жетті. Бүгін А тобының командалары соңғы мачтарын ойнады. Швейцария мен Франция және Албания мен Румыния құрамаларының арасында өткен кездесулер бір уақытта өтті. Өйткені, чемпионаттың ережесі бойынша командалардың нәтижесі бір уақытта белгілі болу керек. Швейцария мен Франция құрамаларының кездесуі тең есеппен аяқталды. Бұл ойында есеп ашылмады.  Осы матчқа дейін қос команда 6 ұпайдан жинаған болатын. Сондықтан екеуінің біреуі жеңілсе де 1/8 финалға шығатын. Соған қарамастан қарсыластар 90 минут бойы бір-бірінің қақпасына шабуылдап, қызықты және тартысты ойын өрнегін көрсетті. Франция да Швейцария да аянып қалмады. Кездесудің тартысты болғаны сонша, швейцариялық ойыншылардың жейдесі төрт рет жыртылып қалды. Франция ойыншылары да ақ тер, көк терге түсіп, жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырысты. Егер өз алаңында ұтылса, онда келесі айналымға топтан бірінші емес, екінші болып шығатын еді. Сол себепті ойын басталысымен қарсыластар қақпасын нысанаға алған алаң иелері матч соңына дейін 100 пайыз гол болатын қауіпті жағдайлар жасады. Оның екеуі Швейцария қақпасының маңдайшасына тиді. Сол кезде жанкүйерлердің «аһ» ұрған дауыстары көгілдір экраннан мачты тамашалап отырған миллиондаған көрерменге анық естілді. Кездесуде француздардың сапында алғашқы екі ойында көзге түсіп, екі гол соққан Димитри Пайе алаңға екінші таймда ғана шықты. Оның табаны алаңға тиген бетте Франция құрамасының ойыны қыза түсті. Өзі ойынды қолына алуға тырысты. Сол кезде оның доп соғуға бірнеше тамаша мүмкіндігі болды. Матчта Швейцария да шамасы келгенше қауіпті жағдайлар жасап, Франция қорғаушылары мен қақапашысының біраз әбігерге салды. Олардың бұрыштамадан берген пастары, айып добынан жасаған соққыларына француз жанкүйерлері демін ішіне тартып отырды. Кездесудің соңы осылай алма-кезек шабуылмен өтті. Бұл жерде қай команда бірінші болып гол соқса, солар жеңетін еді. Сондықтан ойынның нәтижесі екі жақтың да көңілінен шықты деп айта аламыз.  Сөз соңында айтатын бір нәрсе, алаңда командаға рух беріп отыратын нағыз лидерлер болған жоқ. Құрамалардың тең есеппен тарқасуын осы жағдаймен де байланыстыруға болады. Ойын біткенде командалардың да барға қанағат деп, алаңнан асыға кеткені де сол шығар. Енді Франция 1/8 финалда C, D, E топтарында үшінші орын алған командамен ойнайды. Бұл құрама С тобында Солтүстік Ирландия, D тобында Хорватия немесе Чехия, Е тобында Бельгия, Швеция және Ирландия құрамаларының біреуі болуы мүмкін. Ал Швейцария С тобында екінші орын алған командамен кездеседі. Ол Польша болуы ықтимал. Өйткені, қазір С тобында бірінші орында келе жатқан Германия Солтүстік Ирландиядан жеңіліп, топтан екінші орынмен шығады дегенге сену қиын. Швейцария – Франция – 0:0 (0:0) Швейцария: Зоммер, Лихтштайнер, Шёр, Джуру, Родригес, Бехрами, Джака, Шакири (Фернандеш 79’), Джемаили, Мехмеди (Ланг 86’), Эмболо (Сеферович 74’) Франция: Льорис, Санья, Рами, Косельни, Эвра, Сиссоко, Кабай, Погба, Коман (Пайе 63’), Жиньяк, Гризманн (Матуиди 77’) Ескерту алғандар: — Рами 25’, Косельни 83’ Төреші: Скомина Дамир. 19 маусым. «Пьер Моруа» стадионы (Лилль). Дастан Кенжалин. Фото: sport.obozrevatel.com Видео: vk.com