Кеше «Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың халыққа есеп беру кездесуі болып өтті. Министр кездесу барысында сыртқы саясат ведомствосының қызметі және алдағы перспективалары мен міндеттері туралы баяндады.
Қазақстан бүгінгі күнге дейін әлемнің 180 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан.
– Біз шығыста және батыста, солтүстік пен оңтүстікте ірі және шағын мемлекеттермен достық, сенімді қарым-қатынас орнатып, өзара тиімді экономикалық байланысты нығайтып жатырмыз. Ресей және Қытаймен тығыз байланыстамыз, Еуропалық одақ – біздің ірі сауда серіктесіміз, ал АҚШ – ЕО-дан кейінгі екінші ірі шетелдік инвестор. Өзара достық тиімді қарым-қатынастарды нығайту барысында бауырлас мемлекеттермен және Орталық Азиядағы көршілерімізбен белсенді жұмыс жүргізудеміз. Араб әлемінің, Азия, Африка және Латын Америкасының озық елдерімен де ынтымақтастығымызды дамыту үстіндеміз, деді Ерлан Ыдырысов.
Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы сарабдал іс-қимылының арқасында Қазақстан әлемдік аренада қазір берік ұстанымға, жоғары деңгейдегі абыройға ие. Ядролық қарусыздану саласында көшбасшы ел ретінде танылып, мәдениет, дін және өркениеттер үнқатысуының белсенді модераторы болып табылады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуде елдің ішінде саяси, экономикалық және әлеуметтік қайта құрулар үшін сыртқы жағдайды тиімді ету, халықаралық аренада ұлттық мүдделерді қорғау Сыртқы істер министрлігінің басым бағыттарының бірі және солай болып қала береді, деді Сыртқы істер министрі.
Елдің халықаралық деңгейдегі беделі осыны айғақтай түседі. Халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның көрсеткіштері және инвестициялық климатты жетілдірудегі мәселеде қол жеткен табыстар осыны айғақтайды. Бүкіләлемдік экономикалық форумының бәсекелестіктің Жаһандық индексінде Қазақстан Италия, Түркия, Бразилия, Үндістан, Венгрия сияқты елдерді артқа тастап, 50-қатардан 42-қатарға көтерілді. Осы көрсеткіш бойынша ЕАЭО бойынша серіктестерінен де алға шықты: Ресей 45-ші, Армения 82-ші, Қырғызстан 102-ші орында. Мамыр айында өткен Астана экономикалық форумы аясында 388 миллион АҚШ долларына тең 22 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл шетелдік бизнес тарапының Қазақстанға деген сенімін көрсетеді.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартысындағы тағы бір маңызды оқиға деп Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жиынын айтуға болады. Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары. Мемлекеттер экономикасының жиынтық көлемі 2,2 трлн. доллардан асса, халқының саны 182 млн. адамнан асып жығылады.
Е.Ыдырысов осындай әлеуеттің арқасында жаңа мүмкіндік көздері ашылып отырғанына тоқталды. Одақ елдері арасында кедендік шекаралардың болмауына қатысты біздің бизнесмендеріміз өздерінің көліктік шығындарын төмендете алады және жүктердің құрлықаралық тасымалы мейлінше қысқарды. Нәтижесінде біз бәсекелестікке қабілеттілігімізді арттырып, экспортқа шығарылатын отандық өнімнің танымалдылығы күшейді, деді министр.
Сыртқы істер министрі 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына Қазақстанның кандидатурасын ұсыну бойынша Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыруға қатысты белсенді түрде жұмыс жалғасып жатқаны жөнінде баяндады. 28 маусымда БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде үміткерлерді сайлау өтеді. Құрамына Қазақстан кіретін Азия географиялық тобынан, сондай-ақ, Тайланд та үміткер. БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелері құрамына сайлану үшін БҰҰ-ға мүше 193 елдің үштен екі дауысына ие болу керек, деді Е.Ыдырысов.
БҰҰ ҚК құрамына тұрақты емес мүшелікке сайланған күнде Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің барлық күн тәртібін қарастыратын болады. Оның ішінде, қақтығыстардың алдын алу және қақтығыстан кейінгі қалпына келтіру, сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесін мейлінше өкілетті және транспарентті органға айналдыру мақсатында реформалау мен трансформациялауға басқалармен қатар өз үлесін қосатын болады, деді Ерлан Әбілфайызұлы.
Сыртқы саясаттағы маңызды мәселенің бірі шетелдермен визалық режімді жеңілдету болып табылады. Қазірге дейін азаматтардың визасыз режімі туралы екіжақты келісімдердің нәтижесінде қазақстандықтар визаны ресімдемей-ақ 26 елге баруға мүмкіндігі бар. Тағы да 3 елмен келісімге қол қойылған, алайда, олар қазір заңдық тұрғыда қатталып жатқандықтан, әлі толыққанды күшіне енген жоқ. Оған қосымша тағы 10 мемлекет қазақстандықтарға визасыз келуіне біржақты тәртіппен мүмкіндік туғызып отыр екен.
Визасыз режім туралы келісімдердің жобалары Қазақстанның мемлекеттік органдары тарапынан қарастырылып жатыр. Бангладеш, Израиль, Колумбия, Кувейт, Мальдив, Марокко, Чили және Сальвадор осы санатта. Осындай келісім 9 мемлекетпен жасалып, Қазақстанның тиесілі мемлекеттік органдары тарапынан шетелдік мемлекеттердің ресми органдарының қарауына жіберілген. Олардың қатарында Бруней-Даруссалам, Коста-Рика, Лаос, Макао, Малайзия, Оман, Сингапур, Уругвай, Фиджи елдері бар.
Осылай деген Сыртқы істер министрі бұл бағытта Еуропалық одақпен де келіссөз жүріп жатқанын айрықша атап өтті. Еуропалық одақпен оңайлатылған визалық режім бойынша Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық аясында жаңа келісім шеңберінде белсенді келіссөз жүргізудеміз, деді Е.Ыдырысов. Сыртқы істер министрлігі тарапынан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне шет мемлекеттердің кең ауқымда және мазмұнды қатысуын қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылу үстінде. Осы жұмыстың нәтижесінде 90 елмен және 16 халықаралық ұйыммен көрмеге қатысу туралы келісімге келіп, 53 қатысу шартына қол қойылған. Көрмеге жалпы саны 100 ел мен 15 халықаралық ұйым қатысады деп күтілуде.
Сыртқы істер министрінің халыққа есеп беруі барысында «Ұлы Дала елі» атты Қазақстан туралы Windows, Apple, Android жүйесінің базасы құрылғысына арналған тамаша мобильді қосымшаның тұсауы кесілді. Есеп берудің соңында Ерлан Ыдырысов залдан қойылған, елдің 14 аймағынан тікелей байланыс арқылы жолданған сауалдарға толымды жауап қайтарды. Сұрақтар еліміздің сыртқы саясаты саласына қатысты түрлі тақырыптарды қамтыды.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»