21 Маусым, 2016

Шақалаққа өмір сыйлаған

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шақалаққа өмір сыйлағанАқтауда есімі халық арасында ықыласпен айтылатын санаулы дәрігерлердің бірі – облыстық балалар ауруханасының хирургі Құрман Қайранов. Өз атына айтылатын жылы лебіздерге дәлел сынды Құрман бұдан жарты жыл бұрын өте ауыр ота жасап, жаңа туған нәрестенің өңеш бітеулігін ашып берді. Мұны адам өңешінің өзара жалғаспаған екі бөлікке бөлінуі деп түсіндіруге болады, мұндай жағдайда адам ас қабылдай алмай, аштықтан өліп кететіні анықталған. Демек, 18 жылдық тәжірибесі бар ол Маңғыстауда өңеш бітеулігін эконоскопиялық жолмен ашқан алғашқы хирург. Ота барысында Қ.Қайранов облыстық перинаталдық орталықтың хирург-гинекологтарының көмегі­мен баланың кеуде жасушасын ашпай, өңештің екі соқыр ұшын біріктірді. Ал, бұл үшін Құрман алдын ала симуляциялық залда, арнайы сатып алынған малдың ішек-қарнымен қолын жаттықтырып, дайындалған. Хирург болса, мұндай күрделі отаны көптеген балалардың көтере алмайтындығын, сондықтан отаны бала өмірге келген соң алғашқы тәуліктерде жасаған жөн екендігін айтқан. Сондай-ақ, ол өз алдына барлық отаны лапароскопиялық әдіске ауыстырып жасауды міндет етіп отыр. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бала туу көрсеткіші бойынша республикада бірінші орында, өңірде жылына 8 мыңдай нәресте дүниеге келеді. Бірақ, олардың арасынан дамуында ақау бар балалар да кездеседі, сондықтан перинаталдық орталықта ашылған неонаталды хирургияда екі жылда 50 ота жасалған. Қазір жағдайы біраз жақсарған кішкентай Тұрарбектің анасы ұлының өскенде Құрман ағасы сынды хирург болып, жұртқа жақсылық сыйлағанын қалайды екен. Дұрыс-ақ. Болсын дейміз. Өйткені, Маңғыстаудың мақтаулы дәрігері ретінде әріптестерінің мерейін өсіріп, саланың саңлағы саналған Құрман Қайрановтай өз ісінің шебері, білікті дәрігерлер көп емес және қолы алтын дәрігерлер халыққа қашанда керек. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы