Қарағандыда дарынды жастарға құрмет көрсетілді
Кеншілер астанасында облыстағы дарынды балалардың басын қосқан түлектер тойы өтті. «Ариста» мейрамханасында ұйымдастырылған бұл салтанатқа ең үздік түлектер, жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық және республикалық конкурстардың, ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, барлығы 200-ге тарта алғадай жас қатысты.
Арулар ақ көйлек, бозбалалар сыптай болып смокинг киген кешке облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те қатысып, жастарға ақ тілекке толы құттықтау сөзін арнады.
«Сіздер мектепті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бітіріп отырсыздар. Тарих үшін бұл қас-қағым сәт шығар, ал біздің өмірімізде бұл биік белес, – деді өңір басшысы. – Сіздердің жарқын болашақтарыңыздан мол үміт күтеміз. Жастарымыздың қабілетті, талантты, ақылды және арманшыл екендігіне деген сеніміміз мол. Сіздердің батылдықтарыңыз бен өнер тапқыш қасиеттеріңіз, шығармашылық қабілеттеріңіз бен өмірді жақсы жаққа қарай өзгертуге деген құлшыныстарыңыз әрқайсыңыздың лайықты да қамсыз болашақтарыңызды қамтамасыз ететіні сөзсіз. Барлықтарыңызға белсенді өмірлік ұстанымы бар, еліміздің нағыз патриоты және адал азаматы болу бақытын тілеймін!».
Биыл облыста 121 түлек «Алтын белгі» белгісінің иегері болды. Солардың ішінде Жезқазғандағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Тілепберген Әбішев жақында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 125 ұпай жинаған болатын. Облыс басшысы дарынды бозбалаға арнайы медальға қоса Еуропа қалаларына саяхат жасауға мүмкіндік беретін тамаша тарту – сертификатты салтанатты түрде табыс етті.
Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздарына «Жас дара» медальдары тапсырылды. Мысалы химия пәні бойынша Мәскеуде өткен халықаралық олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы Тиішкүл Мұратқа облыс әкімі арнайы сыйлық – «Отан» қол сағатын сыйға тартты.
Түлектер кешінде мектепті келесі жылы бітіретін дарынды балаларға да тәуелсіздік пен бейбітшілікті және келісім мен дамуды бейнелейтін «Аманат» мүсіншелері табыс етілді. Олардың ата-аналары да Алғыс хаттарына ие болды.
Бұдан басқа, осы кешке қатысқан түлектердің барлығына спорттық құрал-сайман алуға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар сыйға тартылды.
Айта кететін жайт, биыл облыстың оза шапқан түлектері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің, Қарағанды медициналық университетінің, Fontys (Голландия), Solfridge, Unist (Оңтүстік Корея), Yale Univesity, Рью Хэйвен, Коннектикут (АҚШ) және М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті сынды шетелдік жоғары оқу орындарының гранттарын жеңіп алған болатын.
Кештің ресми бөлімі тәмам болғаннан кейін кезек мерекелік концертке келіп, жүздері бақыттан балбұл жанған өрендер өнер майталмандарының орындауындағы әсем әндерді тыңдап және жұптасып вальс биін биледі.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ