21 Маусым, 2016

Жегендері желкесінен шықты

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазпошта»«Қазпошта» акционерлік қоғамының Қостанай облыстық филиалы Таран аудандық бөлімшесінің үш қызметкері зей­нет­керлердің зейнетақысы мен мүгедек­тердің жәрдемақысын майшелпек деп ойлапты.  Өздері жас та емес, жер ортасына келіп қалған әйелдер құныққаннан ұят пен арды жиып қойса керек. Әйтпесе, 50 жастағы Людмила Реймер, 49 жастағы Светлана Митак және 62 жастағы Орынтай Қанапиянова өздерінің қызметін пайдаланып, зейнеткерлерді айтпағанда, ғаріп жандар мен жетімдердің жалғыз нәпақасына айналған жәрдемақысына қол салар ма еді? Осы үшеуін ақша ұрлаудың ұйымдасқан тобын құрды деуге саяды. Олар бұрын да осыған ұқсас қылықтары үшін  шартты түрде сотталған болатын. Бірақ  өзгенің ақшасын  жымқырып дәніккен әйелдер енді ақшаны ірі көлемде ұрлап, одан бетер құныға бастағанда қолға түсті. «Қазпоштаның» Қостанай облыстық филиалының Таран ауданындағы Май селосында орналасқан бөлімшесінің бастығы болып істейтін Людмила Реймер  өзінің 2-санатты қызметкері Светлана Митак және оператор Орынтай Қанапияновамен бірігіп, 2012 жылдың 11 қаңтарынан бастап 2014 жылдың 16 маусымына дейін почта клиенттерінің жылжымайтын шоттарынан бағдарламада шығыстық-кассалық ордер құру арқылы ақша суырып алып отырған. Бұл ақшалар зейнеткерлер мен мүгедектердің, жетім балалардың шотына салып қойған  қаражаттары болатын. Сары майдан қыл суырғандай, білдірмей қалталарына  басып отырған 6 миллион теңгені  үш әйел әкесі бергендей шалпуыттап жұмсаған. Тегін келген пайданы шелектеп төккен олардың қылмысы ашылып, тергеу басталғанда әйелдерге әлгі 6 миллион теңгені еңбекпен табу қиын болды, оның 1 миллион теңгесін ғана қайтара алды. Әділ сот кінәсін мойнына қойған үш әйелдің де ендігі орны тордың арғы беті деп тапты. Людмила Реймер 5 жылға, Орынтай Қанапиянова 5 жыл 6 айға,  Светлана Митак 5 жыл 6 ай­ға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Олар жазасын жалпы режімдегі колонияда өтейтін болады.  Сонымен қатар сот үш әйелден «Қазпошта» акционерлік қоғамының пайдасына 5 миллион теңге шығын өндірді. Бұл ең бір дұрыс шешім болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Таран ауданы
Соңғы жаңалықтар

Жетісудың Қызылтас аумағында экоакция өтті

«Таза Қазақстан» • 03 Қазан, 2024

Ринат Заитов: Төл өнерге төр керек

Мәдениет • 03 Қазан, 2024

Жоғарғы Сот судьясы сайланды

Сенат • 03 Қазан, 2024

Бітімгер әйелдердің саны артады

Әйел әлемі • 03 Қазан, 2024