21 Маусым, 2016

Үздіктердің үздігі

477 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
1-51Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жиынының салтанатты жабылу рәсіміне қатысты. «Өсер елдің баласы арманшыл болады, өшер елдің баласы жанжалшыл болады». Бұл – Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Міне, мен осы ортада рухын намысына түйген, Отанын жүрегімен сүйген сол арманшыл жас­тарды көріп тұрмын! Сіздердің «ел ертеңін қорғаймын» деген қордалы ниеттеріңізді біліп тұрмын! Олай дейтінім, осы жерде өткен бес күнде сіздер жауынгер болудың қыр-сырын меңгеріп қана қойған жоқсыздар. Өзара тірек болудың, қиындықта керек болудың қадірін білдіңіздер. Осы арқылы нағыз достықтың не екенін сездіңіздер», – деді қорғаныс ведомствосының басшысы жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде. Әскери қолданбалы спорт түрі, әскери-далалық тактикалық ойын, сондай-ақ, «Айбын дарыны» роботты техникалар мен зияткерлік байқауы бойынша жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен жастар Қорғаныс министрінің қолынан награда алуға лайық деп танылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының студенті Дастан Рахатов «Менің роботым» байқауының жеңімпазы атанды. «Менің ұшқышсыз ұшу аппаратым» байқауының үздігі – «Арыстан» мамандандырылған лицейінің тәрбиеленушісі Қайсар Бердіғұлов, ал «Айбын дарыны» зияткерлік ойынының үздігі ретінде Семей қаласындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің тәрбиеленушісі Ерқанат Кенжеханов танылды. Семей қаласындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің тәрбиеленушілері «Айбын» жиынының және әскери-далалық тактикалық ойынның жеңімпаздары деп жарияланды. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды әскери-патриоттық клубтар арасында – Ақмола облысының «Батыр» әскери-патриоттық клубы, ал жоғары оқу орындары әскери кафедраларының арасында – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, республикалық әскери мектеп-интернаттары арасында – Семей қаласының мамандандырылған мектеп-лицейі иеленді. Қорғаныс ведомствосының басшысы роботты техникалар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көрмесімен танысты. «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушісі қоян-қолтық күресте өз шеберлігін көрсетсе, әскери-техникалық мектептің жігіттері мотоцикл мен квадроциклды жүргізудегі керемет өнерлерімен көрерменді тәнті етті. Содан кейін аспанға ұшқыш­сыз ұшу аппараттары көтерілді. Ал авиациялық оқу-жаттығу орта­лығының курсанттары мен Әуе қорғанысы күштері әскери инсти­тутының жас ұшқыш түлектері ұшудағы жетістіктерін паш етті. «Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі. Десе де, өсу мен өркендеудің өзі – тек өзін өзі қорғай алатын елдерге ғана бұйыратын бақ. Өздеріңізге мәлім, биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Бұл жылдардың басты жеңісі де, ертеңгі жемісі де бүгінгі ұрпақ – сіздерсіздер», – деді И.Тасмағамбетов. Жас патриоттардың ортаға шығып, барлық жиынға қаты­су­шылармен бірге салтанатты ант қабылдауы жабылу рәсімінің айрықша сәті болды. Осыдан кейін «Айбын» жалауы түсіріліп, жиын ресми түрде жабылды. Естеріңізге сала кетсек, «Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жиынына 800-ден аса қазақстандық қыз-жігіт қатысты. Атап айтқанда, еліміздің барлық өңірінен әскери-мектеп интернаттардың тәрбиеленушілері, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері мен жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттері келді. Жиынға олардың әрқайсысын әскери қызметші, патриот болсам деген ниет пен әскери іспен айналысуға деген шынайы тілек жетелеп келді. Биыл «Айбынға» Қазақстанның жоғары оқу орындары әскери кафедраларының курсант қыздары бірінші рет қатысты. Дене төзімділігі мен шыдамдылыққа, дәлдік пен ептілікке нормативтер тапсыру бірінші сынақ болатын. Осы сынақ барысында жігіттер белағашта күштік жаттығуларды, ал қыздар – кешенді күштік жаттығуларды орындады. Сонымен қатар, қатысушылар автоматты бөлшек­теу және жинақтауда өз ептіліктерін көрсетті. Атыс шебінде жастар үшін гранат лақтыру тағы бір сы­нақ түрі болды. Лагерьдің аумағында нағыз көрме алаңы өрістетілді. «Ме­нің роботым» байқауына қаты­сушылар роботты техника ау­қымындағы өздері жеткен жетіс­тіктермен, сондай-ақ, жаңа идея­лармен таныстырды. «Егемен-ақпарат»